Қазақ әдебиетінде ит туралы бір шығарма болса, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысы шығар. Онда ит туралы әңгіме жоққа тән, бірақ. Тазы туралы десе, әңгіме бөлек. Қазақ «иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» дейді. Тазыға қасиет деп қараған абзалырақ. Аталған повесте де солай.
Кеңестік кезеңді суреттейтін шығармада бір ауылдың қарақтысы Қазының өлімінен соң Тазының да күйі кетеді. Қазы өз ажалынан өлмейді. Жазықсыздан-жазықсыз тергеліп, абақтыда, бәлкім, айдау мен азапта, араға біраз уақыт салып ауылға келген соң көпке ұзамайды. Ар жағы белгілі ғой. Тазы жыл бойы иесінің қабірін айналумен болады. Ақырында, бір күні қабір қасынан өтіп бара жатып төбе басынан иесін көреді. Анық, айқын. Иесі – Қазының өзі. Лашынға жымиып шақырғандай сыңай танытқанда, тазы есі қалмай ұмтыла бергенде, малшылар қасқырға құрған қақпанға түсіп, жазым болады. Темір қышқаштан босай алмаған тазы сүйретіліп иесінің қабірінің басында қалғанда, түн ауа бір топ қасқыр келіп жеп кетеді. Иесі Қазы мен тазы ұлт пен оның асыл қасиеттері, осыларға жасалған қастандық пен қырып-жою – адамзаттық ізгілік пен махаббатқа қарсы белең алған надандық пен зұлымдық, тағысын тағылар терең астармен алыстан қылаң ұрады. Тазының өмірінің өзі құнды һәм қадірлі еді қазақ даласында. Сол тазы өлерінде көрген елес бейне иесі Қазының анық болмысы көп жайдан хабар береді. Көрден тұрып, Қазы көрді ме, кісі баласының тілінде сөйлеп көрмеген тазы көрді ме, мейлі, көркем шығарма болған соң. Екеуі онсыз да о бастан қиянат пен зұлымдықтың ауылынан алыс, ондай сұмдыққа аттап баспаған ерек жаратылыстар болатын. Құдайлық болмыстағы қасиеттерінен танбаған қос жаратылыстың сүйегі соңында бір төбенің басында қалады.
Грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Ит» әңгімесі – өте әсерлі туынды. Оқиғалары соғыс сұмдығымен өрілетін бұл шығарма да Мағауиннің «Тазысымен» алыстан, тым алыстан туысады. Грузин жазушысының шығармасын оқып болғанда, иттікті тудыратын сол хайуанның өзі емес, адамдар ма деп қаласыз. Баласы соғысқа кеткен Спиридон шалдың немересі тауып әкелген ит ақыр аяғы сол шалдың досына айналады. Қолбаладай тіл алғыш, қиянатқа бармайтын сезімтал хайуан кемпірсіз шал мен әке-шешесіз бала тұрып жатқан шаңырақтың үшінші мүшесіндей болады. Бір күні түнде ауылдағы иттер қатты шулайды да, ертесіне бір тұрғын ауыл сыртында бөтен иттің өліп жатқанын көреді. Әлгі өліп жатқан бөтен иттің иесі көрші ауылдан іздеп келіп, «бұл менің итім, кеше баламды қауып алды, баламның жағдайы мәз емес, ит құтырған ба, жоқ па, білу үшін басын сараптама орталығына апаруым керек» деп, өлген иттің басын шауып алып кетеді. Түнде ауыл иттерінің шулағаны – көрші ауылдан қаңғып келген әлгі бұралқыны талағаны, демек құтырындының «құтын» жұқтырып алуы мүмкін ғой... Ендеше, не тұрыс? Әлгі өлген ит анық құтырған ба, жоқ па, оған көз жеткізу жоқ. Ауылдағы иттің бәрін қырып салу керек. Бір-ақ кеште ауылдың барлық тұрғыны келісіп, ит атқандағы дауысқа төзу мүмкін емес еді дейді жазушы. Жалғыз-ақ үй – әлгі шал мен немересі иттерін атпай, алып қалады. Кейін ауылдағылар келгіштеп, қырын қарай бастаған соң, шал немересіне атып таста деп ауыл сыртына жібергенімен, ол екі оқты далаға атып, түнде ит қырғынын естіген итіне қашып кетуін «түсіндіріп», қайтып келеді. Кейінірек шал өлгенде немересі құтқарып жіберген иті жаназасына келеді. Кезінде шалға «итіңді атып таста» деп келген көршісін сонда әлгі ит үйге жолатпай, қуып шығады.
Бір-ақ кеште ауыл-аймақтағы иттің бәрін қырып салғандағы оқиға кеңестік қызыл қырғынды еске түсірмей қоймайды. Сараптама нәтижесінде таланып өлген әлгі ит құтырмаған болып шығады. Оның анық-қанығына жетпей ит атуға асыққан адамдардың пиғылына не дей аласыз? Шаш ал десе, бас алу ғой. Тіпті әңгіме ешбір астарсыз, болған оқиғадан алынған күннің өзінде сол заманның шектен тыс қанқұмарлығын көрсетпей ме?
Не керек, адамзат бір мезгіл өзінің болмысы мен мінез-құлқына, амал-әрекетіне есеп бере ала ма? Мәселен, өздеріне тәуелді қылып қойған мақұлықат құрлы. Аса күрделі сауал ғой. Ол жан-жануарларды бізге тәуелді, қызметке бола жаратты ма? Әңгіме сонда сияқты. Олар құлқынның құлына айналған кейбір жұмырбасты пенде баласынан әлдеқайда түйсікті сияқты, осы екі шығарманы оқып отырса.
Қолға үйретілмеген, бәлки үйренбеген кей жануарлардың әрекеті қазіргі кісі танымас ұрпақты қайдам, атасы мен әжесінің алақанын көріп өскен қыз-жігіттерді қатты ойландырары хақ. Онда енесі сымға оралып қалған еліктің лағы тұсындағы жолдан өтіп бара жатқан көлікті жүрелеп тоқтатып, анасы жаққа ымдап бастап апарып, тізерлеп босатуын өтінгені айдан анық көрінеді.
«Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
О дағы білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті», дейді хакім Абай.