• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2024

Мопед мәселесі уайымға айналды

149 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде балалардың жолдағы қауіпсіздігі өте өзекті мәселе болып тұр. Себебі жолда жүру ережелерінің сақталмауынан, көлік жүргізу мәдениеті, құқықтық сауаттың әлсіздігінен ел көлемінде қаншама жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатыр. Соның салдарынан жыл сайын 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астамы түрлі жарақат алады екен. Ал соңғы кездері ЖКО қатарына мопедтер мен самокаттардың қатысуымен болатын жол апаттары келіп қосылды. Осының өзі-ақ мемлекет пен әр отбасы үшін орны толмас шығын, ауыр қайғы әкеліп жатқаны өзекті өртеп тұр.

Кешіккен кешенді шара

Мопедтер мәселесіне төменде кеңірек тоқталамыз. Алдымен елдегі жалпы жол-көлік оқиғаларын шолып шықсақ. Жыл өткен сайын Үкімет деңгейінде, тиісті министрліктерде жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылданып-ақ жатыр. Алайда Ішкі істер министрлігінің талдауы көрсет­кендей, олар жеткіліксіз болып отыр.

Мәселен, осы жылдың өзінде 10 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, онда 981 адам қаза тауып, 12 мың­нан астам адам жарақат алған. ҚР ІІМ әкі­м­шілік полиция комитетінің төр­ағасы Қайсар Сұлтанбаевтан жол апаты мен одан қаза тауып, жарақат алғандар санының күрт өсуінің себебін сұрадық.

– Ол алдымен жол-көлік оқи­ға­ларын есепке алу өлшем­дері­нің өзгеруіне байланысты. Бас про­куратураның жаңа талаптарына сәйкес барлық жол апаты тіркеледі және жол апатынан кейін медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да денсаулығына тиген зиянның бар-жоғына қара­мас­тан есепке алынады. Бұған дейін есепке, денсаулығына зиян кел­гені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркелетін.

Сонымен қатар талдау көр­сет­кен­дей, жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін бірнеше фактор бар.

Бірінші – жолдағы тәр­тіп­тің төмендігін айту­ға бо­лады. Полиция бұзу­шы­­­лықтарды анықтау бары­сы­на жарыс өткізбейді, біз тек жол қауіпсіздігіне әсер ететін бұзу­шы­лықтардың жолын кесеміз. Деген­мен заң бұзушылықтардың жыл сайын өсуі жүргізушілер тәртібінің жақсармағанын, тіпті кейбіреулері жол ережелерін жүйелі түрде өрес­кел бұзып жүргенін көрсетеді.

Мәселен, жыл басынан полиция 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзу­шылықты анықтады, оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. Қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сотпен 14 мыңға жуық жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды, – дейді комитет төрағасы.

Жүргізуші даярлау ісі сын көтермейді

Министрлік ұсынған ақпа­ратқа сүйенсек, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 (+21%) жол апаты орын алып, онда 26 (-26%) адам қаза тауып, 234 (+23%) адам жарақат алған екен.

Бұл ретте автомектептердің де беріп жатқан білімінің сапа­сыздығын айтпай кетуге болмас. Өйткені алғаш көлік рулін ұстаған жүргізушілердің де статистикасы сын көтермейді. Мұның ар жағында оның алған білімінің жеткіліксіздігі менмұндалайды. Себебі автомектептерге қойы­ла­тын талаптардың төмен болуы және олардың қызметіне мем­лекеттік бақылаудың болмауына байланысты жүргізушілерді даярлаудың сапасы сыннан көз ашпай тұр.

– Жүргізушілерді шын мәнінде оқытатын және оларға жолда өзара сыйластық қағидаттарын үйрететін жекелеген автомектептер бар, бірақ олардың болуы және әлі де жұмыс істеуі тек басшылары мен ұжымның ынта-жігеріне байланысты. Мемлекет тарапынан автомектептерді өзін-өзі реттеуге көшіру үшін, заңнаманы кезең-кезеңімен әлсірету арқылы осы сала бақылаудан шығып қалғанын мойын­даймыз. Бүгінде елде 747 оқу орталығы жүргізуші оқытып отыр, – деген ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2018 жылдан бастап ­автомектеп ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар қажет емес екенін де айтып өтті.

Тіпті 2020 жылы олардың қыз­метіне мемлекеттік бақылау тоқтатылған. Яғни сапасыз дайын­дық үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталған. Бұл өз кезегінде оқу үдерісінің көбінде қағаз жүзінде ғана «қанттай» екенін көрсетіп отыр. Ал көптеген мектептегі қажет­ті ма­териалдық базаның жоқ­тығы да өз алдына бөлек әңгі­ме. Міне, осындай жүйесіздіктің соңы мопедтер мәселесіне жетіп, іс на­сырға шауып бара жатқаны жасы­рын емес.

Сондай-ақ комитет төрағасы ЖКО санының артуына әсер еткен екінші фактор ретінде жол инфрақұрылымының жағдайын атады. Өйткені онсыз жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал тағы бір фактор ретінде алға озып отырған ерекше мәселе – қала маңындағы жолдарды айтуға болады. Еліміздегі барлық транзиттік лек осы жолдар арқылы өтеді екен. Олардың үлесіне жол апатының ауыр түрлері және адам шығынының 50%-ы тиесілі.

Сондай-ақ заңсыз жолаушы тасымалдаушылар мен темір тұлпар санының үздіксіз өсуі де жағдайды барған сайын қиындатып отыр. Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың өзінде көлік саны 500 мың­ға артып, қазір олардың саны ел көлемінде 5 млн 350 мыңнан асып отыр екен.

Жастарды желіктірген «жүйріктер»

Расында көлік құралдары саны­ның күрт өсуінің жол қауіпсіздігіне қатысты кейбір шешімдерді қайта қарап, қабыл­дан­ған шараларды қатайтуды талап етіп отырған шақта «жы­­ғыл­ғанға жұдырық» болып мопед­тер мәселесі қосылды. Тіпті кейінгі жылдары электрсамокаттар мен мо­педтер мәселесі айтарлықтай күшейе түсті және олардың жол жағдайына тигізетін кері әсері де артып келеді.

Олардың саны ортақ жолдарда айтарлықтай білініп, өсу тенденциясы байқалады. Күнделікті жол бойында көріп жүргеніміздей мопед иелерінің жол ережелерін сақтамауы, көбіне оларды біл­меуіне байланысты, ал оның соңы апаттарға әкеліп соғып жатыр. Ара­сын­да адам шығыны да бар. Бала­сы­ның көрсеқызарлығына көніп, кө­ңілін жыққысы келмеген талай ата-ананың ажалы мопедтен кел­ген баласын жоқтап, «боталап» қал­­ға­­нын көргенде қоса егілгің келеді.

Ішкі істер министрлігінің соң­ғы ақпаратына сүйенсек, осы жыл­дың жарты жылында-ақ элек­тр­­само­каттың қатысуымен 78 жол апаты тіркелген, 2 адам қаза тауып, 76 адам жарақат алған. Электрсамокат жүр­гі­зушілерінің 12 мыңнан астам жол ережелерін бұзушылығы анық­тал­ған. Был­тырғы алты айлықта 9 365 ереже бұзу фактісі тіркелген екен.

Ал биылғы 6 айлықта мопед­тер­дің қатысуымен болған жол апаттарының көрсеткіші жағаң­ды ұстатады. 542 жол апаты тіркеліп, салдарынан 27 адам қаза тапқан, 577 адам жарақат алыпты. Осы 577-нің ішінде мүгедек болып қалғандары да жоқ емес. Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің қатысуымен 31 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталыпты. Ал былтыр 25 030 оқиға орын алған. Бұл салыстырмалы цифрлар тек қана мемлекеттік жүйені, құқық қорғау органдарын ғана емес, тұтас қоғамды алаңдатуға тиіс. Ішкі істер министрлігінен бұл келеңсіздікке қарсы қолға алынып жатқан шаралар жөнінде сұрадық.

– Өткен жылғы 30 тамызда Мәжі­ліс депутаттарымен бір­лесіп әзірленген заң жобасы қа­был­данды, онда «электрсамо­кат» ұғымы, жүріп-тұру қағи­далары, сондай-ақ олардың жүр­гі­зу­шілерінің құқықтары мен мін­деттері бекітілген.

Бұл шаралар олардың жүрісін реттеуге мүмкіндік берді, ал полиция­да оларға әсер етудің нақты тетіктері пайда болды.

Сонымен қатар бұл мәселені тек полицияның әдістерімен шешу мүм­кін емес. Бізде самокаттар үшін қа­уіпсіз жол инфрақұрылымы жоқ не­­месе ол енді ғана құрыла бастаға­­нын атап өткім келеді. Біздің деректеріміз бойынша елімізде веложолақтар мен вело­жолдардың ұзындығы 586 км немесе Қазақстандағы жолдардың 0,26%-ын ғана құрайды. Бұл ретте веложолдардың басым көпшілігі Астана, Алматы және Ақмола облы­сының Бурабай кентінде ғана.

Бүкіл ел бойынша вело­жол­дардың жылдық өсімі небәрі 123 шақырымды құрап отыр. Сондық­тан заңды күшейтумен қатар әкім­дік­тердің де инфра­құрылымды дамыту бойынша шаралар қолға алғаны қажет, – дейді комитет төрағасы Қайсар Әбілекұлы.

Бұл саладағы тағы бір өзекті мәсе­лені айтпай кетуге болмас. Бүгін­де жұрттың ығырын шығарып жібер­ген мопедтер, мокиктер және ску­тер­лердің есебі жүргізілмейді екен, ал бұзушылықтар үшін жүктелер жауапкершілік мардымсыз. ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша, айыппұл ­ 3 АЕК, яғни 11 мың теңге ғана.

Ендігі кезекті Мәжіліс депутат­тарының бастамасымен оларды міндетті мемлекеттік тіркеуге алып, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін беруді енгізу ұсынылып отыр. Бүгін­де мокиктер мен скутерлер жүрі­сін заңнамалық реттеу және олар­ды тіркеу жөніндегі ұсыныстар Пар­ла­мент Сенатында қаралып жатыр.

Еске сала кетсек, Мәжілістің мамыр айындағы кезекті жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйым­дас­тыру және жол қауіпсіздігін цифр­ландыру мәселелері бойынша енгі­зілген заңнамалық түзетулер екін­ші оқылымда қабылданған-ды. Мәжі­ліс­тің Экономикалық реформа және өңір­лік даму комитетінің хатшысы Ека­те­рина Смышляеваның баяндамасына зер салсақ, мопедтерді тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мопедтерді «заңдастыру» үшін бері­ліп отыр.

Сонымен қатар мопед жүргізу­ші­лері жол қозғалысының толық­­­қанды қатысушыларымен теңес­тірілу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­к­е­ тиісті өзгерістер енгізілмек. Мопед­­­терді басқару үшін азамат­тар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Оған қоса азаматтық-құқықтық жауап­кер­шілігін міндетті сақтан­дыруды рәсімдеуі қажет.

Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерін­де айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін авто­көлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауап­кершілік жүктелмек.

Мопедке мініп алып, қала көше­лерінде делебесі қозып, желі­гіп жүр­ген кей жастардың кесірі мопедті тақымдап, кәсіппен айналысып жүрген жандарға да тиіп жатыр. Бұл бір қоғам болып күрмеуін шешетін күрделі мәселеге айналып барады. Мәжіліс қабылдап, Сенаттың мақұлдауына ұсынылған заң жобасында біраз өзгерістер қамтылған. Бұл заң да біраз келеңсіздікті реттеу­ге тиіс.