1 шілде күні Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда біраз ілкімді бастамаға басымдық берілген. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл жаңа заң аясында мемлекеттік сатып алу жүйесінің қалай өзгеретінін айтты.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа редакциядағы құжатта, біріншіден сатып алынатын тауарларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ақпараттық деректерді пайдалана отырып, өнім берушінің жұмысын бағалау көзделген. Яғни сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру және өнім берушіні таңдаудың бағалық емес өлшем шарттарын дамыту үшін әлеуетті өнім берушілердің тізімі енгізіледі.
Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін веб-порталда әрбір жеткізушінің рейтингі жасалады. Ол ұпай беру арқылы құрылады. Әр жинақталған ұпай тапсырыс берушінің жеткізушіні таңдауға көмектесетіні анық. Критерийлерге жұмыс тәжірибесі мен несие тарихы, салық берешегінің болмауы, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық кіреді.
«Заңның негізгі бөлігі сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу үдерісінің мерзімін оңтайландыру және қысқарту, рәсімдерді одан әрі автоматтандыру және бағалық емес өлшем шарттарды дамыту, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейту, сатып алу бойынша бірыңғай платформа құру болып саналады», дейді Дәурен Кеңбейіл.
Осының негізінде құрылған веб-портал жеңімпазды автоматты түрде анықтайды. Бұл – адам факторы мен кез келген сыбайлас жемқорлық схемаларын жояды. Рас, бұрын мемлекеттік сатып алу аясында құжаттарды рәсімдеу уақыты тым ұзаққа созылатын. Тіпті бірнеше айға дейін жалғасып, ақыр соңы жұмыс сапасына кедергі келтіретін. Бір ғана мысал, жыл басында жол құрылысына тендер жарияланса, бұл жұмыстар созыла келе мердігер күз айларында белгілі болып жатады. Ал ол жұмысын бастаймын дегенше, күздің салқыны түсіп кетеді. Салдарынан қар жауатын мезгілде жол төсеп жүрген компаниялар бар. Жаңа редакцияда сатып алу рәсімі бір айға қысқартылды. Сонымен қатар заңда шағымданудың жаңа тетігі, қоғамдық мониторинг институты, сондай-ақ «тұрақты мемлекеттік сатып алу» элементтері енгізілген.
«Мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі – рәсімдердің ұзаққа созылуы. Қолданыстағы заңда мерзімдерді регламенттейтін тікелей нормалардың болуы, оларды қағидалар деңгейінде көздеуге мүмкіндік бермейді. Бүгінде конкурсты өткізу мерзімі шамамен екі айды құрайды. Осыған орай заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдер қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі қысқартылады», дейді вице-министр.
Бір көзден алу тәсілінің шекті мерзімі белгіленген. Тауарларға 100 АЕК (369 200 теңге), жұмыстар мен қызметтерге 500 АЕК (1 846 000 теңге), ал ауыл әкімдіктері үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге 4 000 АЕК-ке дейін (15 млн теңгеге жуық) бір көзден сатып алуға рұқсат беріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (әзірге тек төтенше жағдай салдарын жою үшін) бір көзден сатып алу мүмкіндігі бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған заңда «толық дайын түрінде берілетін» құрылысты жобалаудан бастап, пайдалануға берем дегенше бір жеңімпаздың ғана жұмыс істеуі, екіншіден, отандық өндірушілерді қолдауға арналған офтейк-келісімшарттар институтын енгізу және өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.
Қабылданған құжатта бұрын сыбайластыққа қатысы бар өнім берушінің мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салынған. Қызметкерлерінің жалақысы бойынша берешегі бар тұлғалар да бұған жіберілмейді. Заңда көрсетілгендей, тапсырыс беруші жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстары болуын талап ете алады. Тағы бір өзгеріс – жеңімпаз жұмыстарды орындау кезінде қосалық мердігерлерге (бірлесіп орындаушылар) беретін жұмыстар мен қызметтердің шектік көлемі 50%-дан 30%-ға дейін қысқартылды.
«Бұл – мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге, сондай-ақ жекелеген ірі компаниялардың монополиялық жағдайын болдырмауға ықпалын тигізеді», дейді вице-министр.
Заңда бұдан басқа да көптеген түзету бар. Басым өзгерістер отандық тауарды қолдауға, адал кәсіпкердің құқықтарын қорғауға, нақты және сапалы нәтижеге бағытталған. Ол үшін шағын және орта бизнес субьектілері жүзеге асыратын жұмыс пен қызмет, тауар мен сатып алу тізбесі енгізіледі. Оны Қаржы министрлігі бекітеді.