• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Шілде, 2024

44 жыл күттірген алтын Парижде бұйырды

234 рет
көрсетілді

Францияның бас шаһары Парижде XXXIII жазғы Олимпия ойындары бас­талды. Осы жолы жарыс­тың ашылу салтанаты әдеттегідей алып стадионда емес, табиғат ая­сындағы таза ауада өтті. Қайыққа мінген ат­леттер Сена өзені бойымен Аустерлиц пен Йенск көпірлері арасын жүзіп өтті. Сол аралықта ел аста­насының біраз көрік­ті жерлерін аралап, тамашалауға мүмкіндік туындады. Қазақтың көк байрағын ұстап шығу бағы боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға бұйырды. Жерлестеріміз Жапония, Иордания және Кенияның спорттық делегацияларымен бір қайыққа жайғасты. Әйгілі Эйфель мұнарасының дәл алдындағы Трокадеро алаңында өткен салтанатты іс-шара барысында керемет концерттік және шоу бағдарламалар ұйымдастырылды. Жарысты Францияның президенті Эмманюэль Макрон ашса, алқызыл алауды желмен жарысқан желаяқ Мари-Жозе Перек пен даңқты дзюдошы Тедди Ринер тұтандырды.

 28 жылдан кейінгі медальдың сыңғыры

Шамамен осыдан бір ай бұ­рын «Egemen Qazaqstan» газе­тінде «Жүлдесіз 28 жыл» деген тақырыпта мақала жарық көр­ген еді. Сол сараптамада біз 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында отандық нысана көздеушілеріміз үш жүлде алғаны туралы айта келе сол кезден бері бірде-бір ғаламдық додада даралана алмағанымыз жайын­да ашына жазған едік. Биыл сол сәтсіздіктің сеңі бұзылды. Парижде Қазақ­стан құрамасының қоржынына алғашқы медальды салған – дәл сол спорт түрінің өкілдері. Құра­мында Александра Ле мен Ислам Сәтпаев сынды мергендері бар Қазақстан командасы пневматикалық мылтықпен 10 метрлік қашықтықтан атудан «кіші» финалда Германияны 17:5 есебімен ойсырата ұтып, қола медальды еншіледі.

Ширек ғасырға жуық уақыттан соң жеңіп алған жүлденің де жөні бөлек болады екен. Оған жанкүйерлеріміз кәдімгідей қуанып қалды. Ал осы жа­рыстың бас жүлдесін қытайлық Хуан Юйтин мен Шэн Лихао олжаласа, Оң­түстік Кореяның оғландары Кым Джи-хен мен Пак Ха Джун күміспен күптелді.

– Шынымды айтсам, қазір қуа­ны­шымда шек жоқ. Осы жаттығу бойын­ша шәкірттерімнің медаль алатынын алдын ала сезген едім. Өйткені Александра мен Исламның аяқалысын көріп жүрмін. Екеуі де әлемдік деңгейде жүлдеге таласа алатын спортшылар екенін әлдеқашан дәлелдеген. Олар Азия чемпионаты мен Әлем кубогі кезеңдік сайыстарында дәл осы бағдарлама бойынша үнемі финалға шығып жүрген. Тек соңғы сәтте сәттілік жолдас болмай жүрді. Ал бұл жолы көздеген мақсатымызға қол жеткізіп, көңіліміз бір марқайып қалды, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ольга Довгун.

Естеріңізде болар, 1996 жылы Атлан­та Олимпиадасында Сергей Беляев екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол ­50 метр­лік қашықтықтан жатып атуда кү­міс медальды иеленді. Одан кейін Беляев үш қалыпта атуда да дәл сол нәти­же­ні қайталады. Владимир Вохмянин ­­25 метрлік қашықтықтан тапанша атуда қола медальды мойнында жарқыратты. Бұл оның Олимпия ойындарындағы екінші жүлдесі еді. Содан төрт жыл бұрын Вохмянин Барселонадағы бәсекеде ТМД құрамасы сапында үшінші орынға табан тіреді. Міне, енді арада 28 жыл өткеннен соң құралайды көзге атқан мергендеріміз сәтсіздіктің сеңін бұзып, өз көрермендерін қатты қуантты.

Жақсылықтың арманы, Елдостың ерлігі

Көп кешікпей дзюдошылардың додасы басталды. 60 кг салмақ дәрежесін­де ел намысын Елдос Сметов қорғады. Негізі даңқты балуанның осы жолы Олимпиадаға баруының өзі мұң болды. Елішілік жарыстың өзінде оған бәсекелес болуға жарайтын екі бірдей сақа спортшы табылды. Тіптен, Нұрқанат Серік­баев пен Мағжан Шамшадин соңғы сәтке ­дейін олимпиадалық рейтингте Сметов­тен жоғары тұрды. Сол себепті де ұл­ттық құрама бапкерлеріне «төртжылдық­тың басты додасына осы үшеуінің қайсысын апарсақ» деп бас қатыруларына тура келді. Содан дзюдо саласының басы-қасында жүрген мамандар оларды өзара күрестіруді құп көрді. Астанада өткен тартыста Елдостың асығы алшысынан түсті. Ол Нұрқанатты да, Мағжанды да еңсеріп, Парижге жол тартты.

Францияның бас шаһарында біз мүл­дем басқа Сметовті көрдік. Бұ­рын­­ғыдай бас-көзсіз алға ұмтылған ек­пін­ді шабуыл жоқ. Есейген Елдос әр қи­мылын тек есеппен ғана жұмсады. Ақырын жүріп, анық басты. Көбіне-көп қарымта шабуыл­­ға жүгінді. Әр белдесуде қарсыласы­ның босаңсыған сәтін күтті. Сол мезетте ғана арыс­тан­ша атылып, астыртын жоспарын жүзе­­ге асырды. Париж татамиіндегі бастап­қы бәсекелерде жастар арасындағы Еуропа чемпионы, бельгиялық Торни­ке Цакадеуо мен құрлық біріншілігінің күміс жүлдеге­рі, украиналық Дильшод Холматовты қапы қалдырса, ширек финалда Ян Юн Вэймен күш сынасты. Тайпейдің өкілі де азулы еді. Оның Токио Олимпиадасы­ның финалисі, әлем чемпионатының екі дүркін жүлде­гері, Азия ойындары­ның жеңімпазы деген атағы бар. Сонымен қатар Ян қазіргі ­кезде дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұр. Өте сауатты так­тика құр­ған Сметов дәл сол дүлдүлді бәсе­ке­нің аяқталуына тура бір минут қал­ғанда ­«вазариге» түсірді.

Жартылай финалда Ғалымжан Жыл­кел­диевтің шәкіртін Франсиско Гар­ри­гос күтіп тұрды. Испания дзюдошысы да – көпті көрген көкжал. Ол – 2021 жыл­ғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы, Еуропа біріншілігіне үш алтын және үш қола медальды мойнында жарқырат­қан сақа спортшы. Соның алдында ғана Гар­ригос Жапонияның жұлдызы Рюдзю Нагаяманы қылқындырып тастап, есі­­нен тандырғаны тағы бар. Бірақ Пире­ней түбегінен келген тарлан Елдос­тың алдында дәрменсіздік танытты. ­Қазақ­тың қайсар ұлы оның да тас-тал­қанын шығарды.

«Ер кезегі – үшке» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Бұған дейін Сметов­тің Олимпия ойындарында екі рет же­ңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйер­лер жақсы біледі. 2016 жылы жалындап ­тұр­ған 24 жасында ол Рио-де-Жанейро­да ­күміс медальды иеленді. 2021 жылы жұл­қынып тұрған 29 жасында Токиода қо­ланы қа­нағат тұтты. Міне, енді үшін­ші мәрте бас жүлде үшін таласу мүм­кін­дігі­не ие болып отыр. Қандасымыз ол мүмкін­дікті қалт жіберген жоқ. Финал­да өз елінде, өз жерінде, өз көрермендері­­­нің көз алдында Францияның мақтаны­шы, Токио Олимпиадасының қола жүлде­гері, Еуропа чемпионы Лука Мхеидзені алып ұрған қазақтың өр мінезді өрені Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Бұл атаққа Елдос 32 жасында қол жеткізді.

Дәл осы сәтті Алаш жұрты табаны күректей 44 жыл күткен еді. Күрес түр­лерін серік еткен қазақ балуандары алғаш және соңғы рет 1980 жылы Мәскеудегі ойындарда алтын тұғыр­дан қол бұлғады. Келмеске кеткен алып империяның бас шаһарында грек-рим күресі шеберлері Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков атой салды. Сол кезде Жақсылық ағамыз жеңіс тұғырында «Бізден кейін қазақтан Олимпиада чемпиондары көптеп шықса ғой...» деп жылап тұрып айтқан еді. Иә, одан кейін Алаш топырағынан апайтөстер көп­теп шықты. Төртжылдықтың басты додасында күміспен де күптелдік, қолаға да қол создық. Бірақ көпке дейін бас жүлде бұйырмады. Міне, енді араға 44 жыл салып, Алаш жұртының асқақ арманы орындалды. Елдос Сметовтей дара туған тұлға Парижде қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан дзюдо тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы алтын медалі!

Марапаттау рәсімінен кейін ел мақ­таған Елдос: «Мүмкін емес ешнәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қол­дан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын», деп тіл қатты.

Ел мақтаған Елдостың ерлігін қайталауға Әбиба Әбужақынова да бір та­бан жақындады. Қазақтың қайсар қы­зы­ның соңғы кездері өзі қатысқан жарыстардың түгелге дерлігінен олжалы оралғанына дүйім жұрт куә. Ол 2022 жылы Ұланбатырдағы Гранд-Слэмде – қола, Астанадағы Азия чемпионатында – күміс, Ташкенттегі әлем чемпионатында – қола, Абу-Дабидегі Гранд-Слэмде – қола, 2023 жылы Алмадағы Гран-приде – алтын, Париждегі Гранд-Слэмде – қола, Тбилисидегі Гранд-Слэмде – қола, Ханчжоудағы Азия ойындарында – күміс, 2024 жылы Одивеластағы Гран-приде – қола, Бакудегі Гранд-Слэмде – қола, Ташкенттегі Гранд-Слэмде – кү­міс, Анталиядағы Гранд-Слэмде – қола және Ташкенттегі әлем чемпионатында қола медальды иеленді. Байқасаңыздар, 2022 жылдан бері қандасымыз 12 рей­тингтік жарыста жеңіс тұғырына кө­терілді. Биылдың өзінде Әбужақынова өзі бақ сынаған алты халықаралық додалардың бесеуінде атой салды. Ондай тұрақтылығымен еліміздің бірде-бір дзюдошысы мақтана алмайтыны анық. Сол себепті де қазақ жанкүйерлері Әби­ба Парижде де атой салады деп үміттенді.

Жарысты Әбужақынова жақсы бас­тады. Израильдік Шира Ришониді так­тикалық тұрғыдан ұтса, тайпейлік Лин Чен-Хаоны 17 секундта алып ұрды. Ши­рек финалда испаниялық Лаура Марти­нес Абелендамен тең дәрежеде айқа­сып жатып, абайсызда оның «қақпаны­на» түсіп қалды. Еуропа чемпионаты­ның қола жүлдегерінен айқын ұтылса да, Әбибаға деген сеніміміз сейілген жоқ. Өйткені тұрымтайдай қыздың бойында өжет мінез бен қайсарлық бар. Сол қасиеттерінің арқасында ол талай дүбірлі дүрмекте дараланды. Иә, жарыстың жалғасы жаман болған жоқ. Жұбаныш белдесуінде парагвайлық Гарбриэла Нарваесті «осаэкоми» әдісіне салып, яғни татамиде 20 секунд тырп еткізбей ұстап, таза жеңді. Содан қола медаль үшін тартыс басталды. Қарсыласы – Тара Бабулфат. 18 жастағы Швецияның жас жұлдызымен айқасқан Әбужақыно­ваны біз мүлдем танымай қалдық. Ол тым босаң шықты. Сылбыр қимылдап, тізгінді қарсыласына беріп қойды. Скандинавия түбегінен келген сұлу ол мүмкіндікті қалт жібермей, біздің қы­зды қапы қалдырды. Нәтижесінде, жеңіс тұғырына көтерілуге тиіс Әбиба бесінші орында қалып қойды. Аса жеңіл салмақтың бас жүлдесін жапониялық Нацуми Цунода жеңіп алды.

Ғұсманнан Ғұсманға дейін

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Ғұсман Қосанов есімді мықты спортшының болғанын өз қарақты жанкүйерлер жақ­сы біледі. Қысқа қашықтыққа жүгіруде ол алдында жан салмай, талай рекорд­тық көрсеткішке қол жеткізді. Кеңес ода­ғы чемпионы болды, КСРО халықта­ры Спартакиадасында күміс алды, талай дүбірлі додаларда дараланды. Семей облысы тумасының маңдайына қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атану бақыты бұйырды. Атап айтсақ, 1960 жылы Рим Олимпиадасының құрамында Ғұсман Қосанов полтавалық Леонид Бартенев, бакулық Юрий Коновалов және ленинградтық Эдвин Озолин сынды спортшылары бар КСРО құрамасы 4х100 эстафетасында күміс медальды мойындарына ілді. 1965 жылы қос қазақ Қосанов пен Әмин Тұяқов және Озолин мен Николай Политико саяси маңызы бар сайыс – КСРО-АҚШ желаяқтарының матчтық кездесуінің жеңімпазы атанды.

Арада 60 жыл өткеннен соң қазақ даласынан тағы бір Ғұсман шықты. Ол – Ғұсман Қырғызбаев. Бірақ Түркістан облысының тумасы жеңіл атлетиканы емес, дзюдоны таңдады. Өз несібесін осы спорт түрінен тапты. 2019 бен 2022 жылдары Әл-Фуджайра мен Астана­да Азия біріншілігінің қола жүлдесін иеленді, 2021 жылы Будапештте әлем чем­пионатының күміс жүлдегері атанды. Басқа да халықаралық жарыстар­да жасындай жарқылдады.

Париж Олимпиадасында 66 кг сал­мақта күрескен Ғұсман кіл мықтылар­­мен айқасты. Үздіктер тізімінде Қырғыз­­­баев 26 орында болса, алғашында жолыққан ­төрт қарсыласының барлығы да дүние­жүзі­лік рейтингте одан жоғары тұр. Соның үшеуін ол ұтты. Тұсаукесер кездесуде кандасымыз Еуропа чемпионаты­ның күміс жүлдегері, испаниялық Давид Гарсия Торнені (№9) тізе бүктірді. ­Іле-шала Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлде­гері, әлем чемпионы, әлем чемпионаты­ның екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, оңтүс­тік­кореялық Ан Баулды (№13) екі жең­нен ұстап, алып ұрды. Ширек финалдық сайыс та Қырғызбаев үшін аса ауырға соқты. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Валид Хияр­ды (№16) «Гран-Пале-Эфемер» ке­шеніне жиналған көрермендер керемет қолдады. Жергілікті дзюдошыға бүй­регі бұрған төреші бәсеке бел ортадан ас­қан тұста екінші шидо көрсетті. Қазақ балуа­нына тағы бір ескерту берілсе, ол жарыс жолынан шығып қалады. Ереже солай. Содан намысқа тырысқан Ғұсман айқас­тың аяқталуына 7 секунд қалғанда әдіс жасамақ болған Хиярды үстінен басып қалды да, жеңісті жұлып әкетті.

Жартылай финалда Виллиан Лиманы да (№8) жеңуге болатын еді. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атан­ған 24 жастағы бразилиялық балуан Панамерика ойындарында екі рет жүлде алып, құрлық біріншілігінде үш мәрте топ жарып, тағы екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. Одан бөлек, Гранд-Слэм мен Гран-при турнирлерінде үздіктер қатарынан көрінді. Алайда сол межеде Ғұсманның күресі жүрмеді. Ол Лиманың ырқына оңай көніп, оның жетегінде кетті. Голден-скорда Виллион қандасымызды қапы қалдырды.

Үшінші орын үшін Қырғызбаев Страхания Бунчичпен (№30) кездесті. Бойы сырықтай Сербияның саңлағы бойының, қолы мен аяғының ұзынды­ғын пайдаланғысы келіп, қазақты біраз әбігерге салды. Ермек Нәсиевтің шә­кірті оған көнбеді. Оңтайлы бір тұста Бунчичтің осал тұсын тауып, сырттан шалып құлатты. Сөйтіп, Ғұсман Қырғызбаев Олимпия ойындарының қола жүлдегері атанды. Жарайсың, жайсаңым! Бір айта кетерлігі Ғұсманға да Олимпиада белесі 32 жасында бағынды. Ел мақтанышына айналған қос саңлақ та 1992 жылдың күзінде дүниеге келген.

Әйелдер арасында 52 кг салмақ дәре­же­сінде өзбек қызы Диора Келдиерова­ға тең келер ешкім табылмады. Екінші кезеңде ол Олимпиада және әлемнің төрт дүркін чемпионы Уте Абеден айласын асырды. Сол кезде алты жыл бойы адам баласына бет қаратпаған Жа­по­нияның атақты дзюдошысының ең­кілдеп тұрып жылағанын көрсеңіздер. Одан кейін де Келдиерова еш кедергіге жолықпады. Ол франциялық Амандин Бюшар (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, аралас командалық сайыс­тағы Олимпиада чемпионы, әлем чем­пионатының бес дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы) мен ко­совалық Дистрия Красничиді (Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы) жолынан ығыстырды. Сөйтіп, Диораның есімі дзюдодан Өзбекстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды.

P.S. Олимпия ойындарында басқа да спорт түрлерінен бәсекелер көп. Қазақстанның спортшыларының бірі ұтылса, бірі финалдық кезеңге өтіп, жүлделі орындар үшін таласып жатыр. Қазақ жанкүйерлерін ерекше бір қынжылтқан жайт – Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақтың көк байрағын ұстап шыққан атақты боксшы, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері Асланбек Шымбергеновтің алғашқы айналымнан аса алмауы. 71 кг салмақта жұдырықтасқан қандасымыз иорданиялық Зеяд Ишаишке есе жіберді. Ал қалған боксшыларымыз әзірге сәтті өнер көрсетіп тұр.