Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлер қауымымен кездесті. Мекеменің өзекті мәселелері мен мұқтажын талқылау – кездесудің басты мақсаты болды. Мұнда ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі – кезек күттірмейтін мәселе.
Медицина қызметкерлері кездесу барысында аурухананың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жарамсыз жағдайына алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, жертөле су астында қалып, ғимараттың іргетасына орасан зор зақым келген болатын. Сондай-ақ аурухана аумағын абаттандыру жұмысының сапасыз жасалғаны мен қызметкерлерді көлікпен қамтамасыз етудің жоқтығы туралы проблемалар айтылды.
Айнұр Арғынбекова денсаулық сақтау ісінде көптеген проблемалық мәселе бар екенін және олар шұғыл шешуді талап ететінін атап өтті.
«Денсаулық сақтау саласында көптеген проблемалық мәселе бар, оларды дереу шешу қажет. Бұл мәселелерді бақылауға алып отырмын. Мәселені Сенат пен облыс әкімдігі бірлесіп қолға алатын болады», деп атап өтті депутат.
Сенатор медициналық персоналдың жұмысына қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және пациенттерді қауіпсіз емдеу мақсатында айтылған мәселелерді жедел шешуге бар күш-жігерін арнайтынын атап өтті.