• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 31 Шілде, 2024

ІТ-сауаттылық – заман талабы

121 рет
көрсетілді

Бүгінде ІТ-білім тек сол саланың өкілдеріне ғана емес, қоғамдағы түгел дерлік мамандық иелеріне қажет дағдыға айналды. Мемлекет те бұл бағытқа ерекше көңіл бөле бастады. Дәстүрлі түрде өтетін «Tech Orda», «OrleTECH» сынды бағдарламаларға қатысушылар саны жыл сайын ­артып келеді. Бұл – қоғам тарапынан ІТ-саласына сұраныс жоғары екенінің бірден-бір дәлелі.

«Tech Orda» тегін үйретеді

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында кемінде 100 мың IT-маман даярлауды тапсыра отырып, жас, білімді әрі ынталы кадрларды қалыптастыру керектігін атап өткен еді. Тап­сырмаға сәй­кес Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­трлігі «Astana Hub» халық­аралық технопаркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даяр­лауды көздейтін «Tech Orda» бағдарламасын іске қосты.

Осылайша, мемлекет қолдауымен әр сту­дентке 600 мың теңге бөлініп, жыл сайын 3 мың­нан астам IT-маман оқыту жоспарланды. Биыл да жалғасын тапқан бұл жоба шілде айының соңына дейін өтінімдерді қабылдайды.

Бұл бағдарламаның ерекшелігі – елі­міз­дің 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандықтарды тегін игеру мүмкіндігін ұсынады. Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігі аталған бағ­дар­ла­маның жаңа легіне қатысу үшін жеке тұлғалардан өтінім қабылдауды бас­тады.

«Tech Orda»-ның 2022 және 2023 жыл­дар­дағы нәтижелеріне қарап, оның білік­ті кадр­ларды даярлаудағы және елі­мізде IT-саласын дамытуға қосып жатқан сү­белі үлесін анық аңғаруға болады. Бұған дейін 91 мектеп 6 251 студентті оқыт­ты. Бағдарламаға тек үлкен шаһар тұр­ғын­да­ры ғана емес, өңірлерде тұратын адамдар да белсенді қатысып жатыр. Оған дәлел – IT-мектептердің шамамен 40%-ы және студенттердің 46%-ы әртүрлі ай­мақ­­тан жиналғандығы. Бағдарлама жетіс­­тігін жұмысқа орналасудың жоғары көр­­сеткіштері де растап отыр. Мәселен, түлек­­тер­дің 88%-ы IT-саласында өз орнын тауып, олар­дың орташа жалақысы шамамен 600 мың теңгені құрады», деді Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Статистика бойынша «Tech Orda» түлек­тері «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst&Young», «Теңізшевройл», «Қаз­Мұ­най­Газ», «Freedom Finance», «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» сияқты ірі ком­­­па­нияларды қоса алғанда, 1 079 ұйым­нан жұмыс тапқан. «Astana Hub» базасында іске асырылып жатқан «Tech Orda» бағ­дар­­ламасы ақпараттық технологиялар сала­­сындағы адами капиталдың дамуына ба­ғыт­талған. Ол веб-бағдарлама әзір­леу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосым­ша­­лар, бағ­дар­ламалық қамтамасыз ету, ки­бер­қа­уіп­­сіз­дік пен IoT, жасанды интеллект пен ал­го­ритмдері, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, «Big Data» және «GameDev» секілді негізгі салалардың бәрін қамтиды.

«Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тіл­д­­е­рінде жүргізілсе, ұзақтығы таңдалған курс­қа байланысты 6 айдан басталады. Фор­маты – икемді, яғни онлайн, оффлайн және аралас. Бұл – студенттерге ма­ман­дықты игерудің неғұрлым ыңғайлы тәсі­лін таңдауға мүмкіндік береді», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Әзиз Тілеу­мұ­ра­тов.

Жасанды зердені мұғалімдер де меңгереді

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Astana Hub» халықара­лық технопаркі базасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды оқытуға арналған онлайн білім беру платформасы іске қосылды. Сондай-ақ 300 педагогті жасанды интеллект (AI) пен ойындар әзірлеу (Game Development) бойынша оқытуды көздейтін қанатқақты жоба басталды.

«Digital Bridge 2023 халықаралық техно­ло­гиялық форумында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу ма­ңы­зын атап өтіп, «Astana Hub» базасында оқушылар үшін білім беру платформасын іске қосуды тапсырды. Осы мақсатта біз «edu.astanahub.com» онлайн білім беру платформасын іске қостық. Бүгінде 19 889 білім алушыға бағдарламалау негіздері бойынша курстар қолжетімді. Бұдан бөлек, қолданыстағы «Tech Orda» бағдарламасы шеңберінде педагогтерді оқыту шешімі қабылданды. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларын одан әрі шыңдай түсуге жағдай жасау. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі 180 мұғалім және «Өрлеу» орталығының 120 жаттықтырушысы жасанды интеллект және «GameDev» бағыттары бойынша алты айлық оқуды бастады», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.

Айта кетейік, мектептегі информатика пәнінің мұғалімдерін жасанды интеллект (AI) пен ойындар әзірлеуге (Game Development) оқыту бойынша қанат­қақты жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Оқу-ағарту министрлігі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Курс мазмұны алты айға жоспар­лан­ған, яғни 31 желтоқсанға дейін созылады. Оқы­ту «nFactorial» және «Omnium» атты жетек­ші IT-мектептердің нұсқаулығымен өтеді. Оның қорытындысы бойынша әр қатысу­шыға оқушылар мен педагогтерді бағ­дар­ламалау негіздеріне оқытуға мүм­кін­дік беретін сертификат табысталады.

Сонымен қатар «Astana Hub» Прези­дент­тің жоғары оқу орындарында жасан­ды интеллект саласындағы пәндерді оқы­ту­­дың мазмұны мен әдістерін жаңарту жө­­нін­дегі тапсырмасын орындауға кірісті. Осы мақсатта «Astana Hub» Ғылым және жо­ғары білім министрлігімен бірлесіп, жасанды интел­лект және «GameDev» бағыты бо­йын­ша білім беру бағдарламаларын енгізу жө­нін­дегі жобаны қолға алды. Бұл бас­та­ма да мұ­ға­лімдерді оқыту арқылы жүзеге асырылады.

«OrleTECH» өрге шығарады

Астанада «OrleTECH 3.0» қайырым­ды­лық жобасы аясында мүгедектігі бар жастарға арналған оқу лагері басталды. Лагерь­дің ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау ми­нистрі Светлана Жақыпова, «Шелл ­Қа­зақ­стан» компаниясының ком­мерция­лық мә­се­лелер жөніндегі бас директоры ­­ Ку Валари қатысты.

Жобаға қатысушылар үш бағыт бойын­ша цифрлық мамандықты меңгереді. Атап айтсақ, No code әзірлеу, UX/UI дизайны және AI маманы. Ең бастысы, жоба аяқ­тал­ған соң қатысушыларға жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Оқыту қазақ, орыс және ым­дау тілдерінде жүргізіледі. Жобаға қа­тысуға елімізден 1 500-ден астам өтінім ке­ліп түскен. Кейін әңгімелесу нәти­же­сін­де мың жарым үміткерден 18 бен 35 жас аралығындағы 180 адам іріктелді. Көп­ші­лігі әртүрлі мүгедектігі бар студенттер.

«Ерекше қажеттіліктері бар жастарды диджитал мамандықтарына сай оқытып, әлеуметке бейімдеп, жұмысқа орналасуға көмектесу өте маңызды. Жыл басынан бері 100-ден астам адам Қор тобындағы компанияларға қызметке орналасты. Дәл осы жүйені біз одан әрі белсенді түрде жалғастырамыз», деді «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов.

Бұл лагерь тек Астана қаласында өт­пейді. Еліміздің өзге де өңірлерінде қа­тысушылар бас қосады. Әрі қарай олар осы жылдың қараша айына дейін жал­ға­сатын онлайн оқытуға кіріседі. Айта кетейік, «OrleTECH 3.0» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайы­рым­дылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Шелл Қазақстан» компания­сы­мен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

IT-мектептер көрмесі

«Astana Hub» алаңында көрме ұйым­дас­­тырылып, мұнда елордалық 24 IT-мек­теп – «Tech Orda» бағдарламасының қаты­су­­шыларына өз қызметтерін таныс­тырды. 100-ден астам әлеуетті студент осы көрмеге қа­­ты­сып, бағдарламаның курстары және ба­ғыт­­тары жайлы егжей-тегжей мағлұмат алды.

Биыл «Tech Orda» бағдарламасы аясында IT-мамандарды даярлайтын 77 IT-мектеп аккредиттеуден өтіп, 169 түрлі курс ұсынылды. Бағдарлама жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшаларды жасау, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR, Big Data және GameDev сынды IT-саласының өзекті бағыттарын қамтиды

«Tech Orda-ға былтырдан бері қы­зық­тым. Бағдарлама жайлы ағамнан естідім. Ол осы оқытуға қатысып, «Java» бағытын меңгеріп алды. Биыл 18 жасқа толып, мен де бірден өтінім беруге бел будым. «Golang» бағдарламалау тіліне ықыласым жоғары. Кәсіби шыңдалуым үшін нақты бағдарламалау ортасына мамандануды жоспарлап отырмын», деді IT-мектептер көрмесіне қатысушы Ерасыл Қайыржан.

Іс-шарада ақпараттық технологиялар саласындағы бағытты таңдауға қатысты сараптамалық пікірлерге ден қойылды. Жетекші мамандар тарапынан түрлі ұсыныс айтылып, қатысушылар пайдалы кеңестер алды. Осылайша, бұл көрме сан түрлі IT-курс пен бағдарламаны терең түсінуге ықпал етті.

«Tech Orda» бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бағдарламаға қатысушы ынталы әрі жігерлі студенттердің өз өмірлерінде ауқымды өзгерістер жасағаны жайлы көптеген жарқын мысал бар. Олар аз уақытта IT-саласындағы мамандықты игеріп, өздерінің мүлдем басқа әлеуетін ашты. Бағдарламаға қатысуға ниетті еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматы өтінім беріп, бір немесе бірнеше мектептің 5 аккредиттелген курсын таңдай алады. Бірнеше мектептен грант алған жағдайда үміткерге бір курс­ты таңдау қажет болады», деді «Astana Hub» қаржыландыру офисінің директоры Анарбек Өтеғұлов.

Аталған көрме Алматы қаласында да өтті, онда 26 IT-мектеп өз курстарын ұсы­­нып, қатысушылардың сұрақтарына жа­уап берді. Іс-шара аясында дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылды. Мұнда IT-мектеп өкіл­де­рі IT-білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты.