• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 31 Шілде, 2024

Манежде бақ сынады

69 рет
көрсетілді

Алматыда цирк өнерінің бүгінгі жетістігі мен жаңалығын әйгілейтін ІІ халықаралық «Almaty Circus Festival» додасы мәре­сіне жетті. Қазақстан, Қытай, Жапония, Аргентина, Бразилия, Португалия, Испания, Италия, Ресей, Вьетнам, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Армения, Тәжікстан, Якутия, Қырғызстан, Эфиопия секілді әлемнің 18 елінен келген 80-нен аса цирк өнерінің мықтылары үш күн бойы талантын таразыға салып, халықаралық қазылар алқасы мен көрермендердің алдын­да тәуекел мен ептілікке құрылған өнерді түрлі қырынан таныс­тыр­ды. Дәл фестиваль ашылған күні Қазақ мемлекеттік циркі­нің іргетасы қаланғанына 54 жыл толып, жарты ғасырдан астам табысты еңбек етіп келе жатқан ұлттық өнер оша­ғы­ның өзіне ғана тән төл фестивалінің болуы заңды екенін шетел­ден келген меймандар да орынды атап өтті.

Фестивальдың ашылу­ сал­танаты алдында­ Қазақ мемлекеттік цир­кі­нің директоры Мақсат Жайы­қов бастаған қазылар алқа­сы бас­пасөз мәслихатын ұйым­дас­ты­рып, бүгінгі кезеңдегі ең үздік цирк мектептерінің жетістігі мен тәжірибесі, биылғы халықаралық ауқымды шараның жаңалығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Мақсат Жайықовтың айтуынша, өткен жылдан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен цирк әртістерінің шетелге гастроль­дік сапарлары 35 жылдан кейін қайта жанданып, әлемдік фестивальдар мен байқауларға қатысып, жетістікке жетіп, жеңіс тұғырынан көріне бастаған. «Almaty Circus Festival» секілді халықаралық дең­гей­дегі іргелі жобаның биыл екін­ші рет өткізілуі де – қала әкімдігі қам­қор­лығының нәтижесі.

Содан бері Алматы цирк фес­­­тивалі өзара қарым-қаты­нас пен мәдени туризмнің бел­сен­­ді даму алаңына айналып келе­ді. Фестивальдың мақсаты – халық­ара­лық мәдени байланыс­тарды дамыту, әлемдік аренада отандық цирк өнерінің дамуына жаңа серпін беру, көрермендердің Қазақ мемлекеттік циркінің мүм­кін­­діктері туралы түсініктерін ке­­­ңей­ту және қоғамдағы халық­ара­­­лық цирк өнерінің мәр­тебесін арт­­тыру. «Almaty Circus Festival» әлем­­нің көп­те­ген елінен келген цирк өнерінің жан­күйерлері мен үздік өкілдерінің басын қосады, бұл елімізде мәдени туризмнің бел­­сенді дамуы үшін өз септігін ти­гі­зеді.

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры және фестиваль қазы­лар алқасының төрағасы Мақсат Жайы­қов: «Фестиваль барысында алматылықтар мен әсем қала­мыздың қонақтары Қазақ мем­ле­кет­тік циркінің манежінен төрткүл дүниенің түкпір-түк­пі­рінен келген үздік цирк әртістерінің өнерін тамашалайды. Олар фестивальдың жоғары марапаттарын иелену үшін бойындағы бар талантын және кәсіби шеберлігін жарқырата көрсетпек. Фестиваль қатысу­шы­ларының өнерін халық­ара­лық кәсіби қазылар алқасы баға­лайды. Қазылар алқасының құра­мын­да Қазақстан және шетелдік цирк өнері майталмандары мен амбассадорлары бас қосқан», деді.

Фестиваль бағдарламасы аса ауқымды әрі бай. Аты аңызға айналған Қазақ мемлекеттік цир­кінің манежінде цирк өнерінің барлық жанрында бірегей нөмір­лер ұсынылды: қандай да бір қолайсыз жағдайда тепе-теңдікті ұстай алатын эквилибрис­тер, керемет ептілік пен күшті қажет ететін, көрерменді таң­ғал­дыратын трюктер жасайтын акробаттар, цирк күмбезінің астында құсша самғайтын таңғажайып әуе гимнасттары, үйретілген ит пен мысықтардың табиғи мүмкіндігі, тіпті ең талғампаз көрерменді де бейжай қалдырмайтын шабандоздар, Армения мен Италиядан келген әлемге әйгілі сайқымазақтар көрерменді естен кетпес әсерге бөлеп, күн сайын шат-шадыман қуанышқа бөлеп, шығарып салып отыр­ды. Тіпті ұмытылмас шоу жасап, көрерменді таңғалдыру үшін кейбір мықтылар өміріне қауіп төнетініне қарамастан, басын қатер­ге тіге отырып, небір күрделі трюк­терді сақтандыру белдігінсіз жаса­ғаны еріксіз бас шайқатты. Цирк өнерінің бүгінгі алпауыты Қытай елінен келген Ван Мэнчэннің өзі­мен бірге ала келген реквизитінің сал­мағы екі тоннадан асатыны да – бай­қау­дағы қызықты деректердің бірі. Ұйымдастырушылар биылғы фес­ти­вальда әуе акробаттарының өне­ріне мейлінше басымдық берген.

Қазақ мемлекеттік циркінің және «Almaty Circus Festival» жобасының бас қоюшы режиссері Марина Редько: «Біз көрермендер үшін жай ғана конкурстық бағ­дар­лама емес, нағыз жанды, жоғары деңгейдегі заманауи цирк шоуын дайындадық. Бұл асқан батылдықтың, адамның фан­тас­тика­лық абсолютті мүм­кіндігін көр­сетудің таңға­жайып мерекесі болды. Биыл фестивальға арнайы ерекше жарықтандыру шешімдерімен үйлесетін ұлттық этностильдегі жаңа эксклюзивті дизайнерлік кос­тюмдер тігілді. Балалар мен ере­сектерге жағымды эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлайтын түрлі түсті шоудың ұзақ уақыт есте қала­ты­ны сөзсіз», дейді.

Үш күнге созылған фес­ти­валь­дың бас жүлдесін Кристина Воробье­ва­ның жетекшілігіндегі Өзбек­­станның Sky Angels арқан бойы­мен жүретін даршылар тобы жеңіп алды. Олар орындаған «Үштіктің демі» деп аталатын нө­мір беделді қазылар алқасының ең биік бағасы мен демін ішке алып тамашалаған талғампаз көрер­меннің шын ықыласын иелен­ді. Сондай-ақ Өзбекстанның өнер­паздары Түркияның Armoni Organizasyon бас директоры Ахмет Экши мен Қазақ мемлекеттік циркі ардагерлерінің арнайы жүл­десін де иеленіп, Петербург қала­сында өтетін «Шегарадан тыс» халық­ара­лық цирк өнері фести­валіне ша­­қыру алды. Алматы қаласы әкім­­­­­­­дігінің арнайы жүлдесі күлкілі қойы­­­лымдарымен көрермен көңі­лін көтерген италиялық сай­қы­мазақ Дэвис Вассалоға табыс­талды. Алтын­­далған мүсін марапатының иесі болып Ресей әуе гимнасттары Мария Терентьева, Светлана Михнюк, Алина Габбасова, қы­тай­лық Вонг Мэнчэн танылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрманғали Досба­ты­р­овтың шәкірттері Марина Ста­ро­дубова мен Даяна Жетпісова да жүлдесіз қал­ған жоқ. Олар­дың «Жаңбыр астын­дағы самғау» қойы­лымы күміс жүл­деге лайық деп танылды. Бұған қоса Түр­кия мен Грузия қазы­лары­ның арнайы жүлдесі мен Ита­лия­да өтетін халықаралық цирк фес­ти­валіне жолдаманы да енші­леді. Эфиопиядан келген «Қара бүркіттер» мен ресейлік ит үйрету­ші Евгений Комисаренко да күміс жүл­деге ие болды. Италиядан кел­ген Кимберли Дзаватта, Украи­на мық­тылары Роман Крон­жо мен Анге­лина Прохорова, сон­дай-ақ пор­ту­­галиялық гимнаст Жоан Годиньо қола жүлдеге қол жет­кіз­ді. «Астаналық цирктен» кел­ген Нұрым Күленбаевтың бап­тауын­­­дағы Virtuoso шабандоздар тобы­­на Қытай ұлттық акробатика труп­­па­­сы­ның арнайы жүлдесі табысталды.

«Almaty Circus Festival» мәре­сіне жеткен жеңімпаздар қатысатын фес­тиваль бағдарламасы 24 тамызға дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ