• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Денсаулық 31 Шілде, 2024

Дәрі-дәрмекті таңбалау не береді?

129 рет
көрсетілді

Бірнеше жыл бұрын отандық нарықтағы аяқкиімнің заңсыз айналымын таңбалау арқылы реттелетіні жария болды. Бұл талап кәсіпкерлердің өтінішімен бірнеше мәрте кейінге шегерілгені белгілі. Келе-келе басқа да тауарларды жаппай таңбалау туралы шешім шықса, еш таңғалмаймыз. Мы­салы, 1 шіл­деден бастап барлық дәрілік заттарды таңбалау және ба­қылау міндеттелгені туралы хабар тарады.

Әрине, елдегі заңсыз та­уар айналымы экономикалық ахуалға әсер етеді. Әділетті бә­секеге тұсау салады. Бір ғана мысал, былтыр жоғарыда айт­қан аяқкиімнің көлеңкелі айна­лымдағы үлесі 48%-ды құраған. Осыған қарап жағдайды ба­жайласақ, дәрі-дәрмектен бөлек басқа да тауар­лардың ағыны, сапасы, қай­дан келіп, қалай сатылатыны – бәрі-бәрі ашық болса екен дей­сің. Осының есесіне, әуелі тұты­нушының, сосын ба­рып әділ бә­се­кеге түскен кәсіп­кердің құқы қор­ғалар еді. Импорт, экспорт ағынын мем­лекет қауіпсіздік үшін де бақы­лайды. Дәрі-дәрмекті мін­дет­ті таңбалау тала­бы да ең алды­мен, дәрі-дәрмек қауіп­сізді­гіне оң ықпал етуге тиіс.

Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі бастамашы болып енгі­зілген қаулының артық-кем тұс­тары бірнеше жыл талқы­лан­ды. Кейін осы бастама қа­нат­қақ­ты жоба ретінде іске асты. Дәрі­ханалардың, өндірушілердің дайындығы пысықталды. Соны­мен дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау талабын енгізу­дің артықшылығы, дәрілік зат­тардың өндіріс сатысынан бастап, тұтынушыға дейінгі бүкіл циклді бақылауға жол ашады.

Осылайша, фармакологиялық қадағалау және препараттардың сапасын бақылаудың тиімділігі артады. Дәрі-дәрмек айналымын жетілдіріп, дәрілік заттардың бағасымен қоса сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сосын көлеңкелі нарық үлесін тұсап, сәйкесінше дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі ашықтықты жаңа деңгейге шығаруға септеседі. Сайып келгенде мұның барлығы дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға, сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ пациентке бағдарланған толыққанды және сенімді дәрілік қамтамасыз етуді қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айналымына қатысушы тараптардың барлығы кіреді. Қажетті ақпараттық жүйелер кеденнен бастап, соңғы сатып алушыға дейін біріктірілген. Бұл жөніндегі толымды ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшысы Жандарбек Биболаттан егжей-тегжей сұрап білген едік.

– Үкіметтің 568-қаулысына сәйкес 1 шілдеден бастап барлық дәрілік затты міндетті таңбалау және бақылау енгізілді. Қазір елде көлеңкелі нарық көп демесек те, бар екенін мойындау керек. Енді таңбалау арқылы осының жолын кесуге болады. Дәріханада, емханада қандай дәрі-дәрмек бар, соның барлығы бақылауда болады. Барлық мәлімет ақпараттық жүйеде ап-анық көрсетіледі. Препарат қай күні, неше адамға сатылғанына дейін шығып тұрады. Бірінші шілдеден заң күшіне енді. Алайда 11-бұйрыққа сәйкес осы күнге дейін өндірілген немесе кеденнен өткен дәрілік заттар таңбалаусыз сатыла береді. Таңбалау дегеннің үлгісі кәнігі QR-код тәрізді. Ол – дәрілік заттың қаптамасында тұрады. Өндірістен бастап, тұтынушыға дейінгі дәрі-дәрмек цикліне осылай мониторинг жасалады. Мысалы, өндіруші тауа­­рын дистрибьюторларға өткізеді. Бұдан әрі дистрибьютор тауарды дәріханаларға жеткізеді. Дәріхана қабылдап алғанын растап, QR-кодты тағы сканерлейді, сосын өзінің ақпараттық жүйесіне енгізіп қояды. Түсінгендеріңіздей, дәрі-дәрмек қайда өндірілді, қай дистрибьюторға өтіп, қай дәріханаға жетті – бәрі-бәрін білуге болады, – дейді Ж.Биболат.

Таңбалауға қатысты кедергілерді, соның ішінде ауыл-аймақтардағы ахуал, интернет жайын осыған дейін депутататтар да айтып, ескерткен еді. Тіпті бұл бастаманы кейінге шегеруді ұсынғандар да табылды. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті таңбалау, бақылау ісіне 2019 жылдан кіріскенін ескерген ләзім. Қазір министрлік дәріханалар мен фармацевтикалық қоймаларда таң­баланған дәрілік заттарды қабылдау, айналымнан шығару жұмыстарын бизнес қауымдастықпен қоса, тұрғындарға түсіндіруге ден қойған. Жалпы, түсін­діру жұмыстары бірер жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Жоғарыда депутаттар айт­қанд­ай, шалғай елді мекен­дер­дегі ин­тер­нетке, электр қуатына қатысты мәсе­лелерді жоққа шығаруға болмайды. Әри­не, кейбір ауылдағы интернет, жарық мәселесі жанға батады. Қуанышқа қарай дейміз бе, мұндай жағдайда алдын ала бекі­тілген жұмыс алгоритмі бар екен. Келеңсіз жайттарда кәсіпкерлер бекітілген ереже-талапқа сәйкес жұмысты үзбей, үй­лес­тіре береді.

– Негізі өнімді бірінші өндіруші тіркейді. Қаптаманы жапсырады. Егер өндірушінің тіркеуге мүмкіндігі болмаса, біздің оператор, яғни «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына қайтарылады. Өйткені оларда арнайы стикер тәріздес таңба болады. Яғни қаптамаларға стикерді жапсыру арқылы таңбалайды. Демек таңбалаудың бір емес, екі әдісі бар. Бірінші – өндіруші таңбаны өздері әзірлеп жапсырса, екінші – «Қазақтелеком» АҚ арқылы тапсырыс бере алады. Мұның барлығы реттеліп қойған. Шалғай аудандарда интернет, электр қуаты өшкен немесе болмаған жағдайда ол субъектілер интернет ресурстың операторына немесе дистрибьюторға қағаз жүзінде қабылдау актісін жүргізеді. Ауылдағы дәріханалар пре­параттарды осылай тіркейді, – деп түйін­деді Медициналық және фар­ма­цев­ти­калық бақылау комитетінің сарапшысы Жандарбек Биболат.

Енді тұрғындар дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етудің барлық тізбегін өзі қадағалайды. Ол үшін бар болғаны «Нақты өнім» деп аталатын мобильді қосымшаны жүктеп алса жеткілікті. Қосымша ар­қылы әлгі дәрінің қапта­масындағы кодты сканерлесеңіз, препарат туралы ақпарат жылт етіп шыға келеді. Егер тұрғындардың дәрілік затқа қандай да бір шағымы болса, онысын бірден қо­сымша арқылы төте Денсаулық сақтау министрлігіне жолдауға да мүмкіндігі бар.

Негізі мұндай тәжірибе Ресейде 2020 жылы енгізіліпті. Сол секілді Нидерланд, Бразилия, Беларусь, Армения, Оңтүстік Корея, Тайланд, Сауд Арабиясы сынды елдер де таңбалау мен қадағалауға ерте бастан кірісуді жөн көріпті. Тағы бір жаһандық деректерге үңілсек, заңсыз дәрі-дәрмектердің үлесі дамушы елдерде көбейіп келеді екен. Мұны біле тұра қол қусырып қалу жарамас. Тек қабылданған қаулы, шын мәнінде, көлеңкелі нарықты тұсап, мемлекеттің, тұрғындардың игілігіне жараса деген тілек – біздікі.