• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 31 Шілде, 2024

Төтенше қауіптің алдын алу маңызды

93 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жолдағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Отырыста өрт қаупі басым кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы да күн тәртібіне шығып, талқыланды.

Жол қауіпсіздігі жіті назарда

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғала­рынан 2 мыңнан аса адам қаза тауып, 19 мыңнан аса адам жарақат алады. Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қала­ларында жол-көлік оқиғаларының ең жоғары көрсеткіші тіркелді.

Үкімет басшысы елімізде жол апат­тарының саны азаймай отырғанын айтты. Елдегі өлім-жітімге мысал келтірді. Осы жылдың 6 айында мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тауыпты. Мәселен, 18 маусымда Алматы облысының Шелек ауылында кешкі уақытта «Шелек-Қорғас» автожолын белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 10-сынып оқушысын көлік қағып кетіп, бала көз жұмды. Жолдың бұл бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған өтпежол да, жарықтандыру да болмаған.

«Өңір әкімдіктері бағдаршаммен рет­телетін жаяу жүргінші жолдарының санын көбейтіп, қоршаулар мен жарық­тандыруды орнатуы қажет. Әсіресе, Алма­ты, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облысында, Алматы және Шымкент қаласында жұ­мыс­ты күшейтуді тапсырамын. Барлық жол-көлік оқиғасының, адам өлімі мен жарақат алу жағдайларының жартысы аталған өңірлерде орын алған», деді Олжас Бектенов көлік жүргізу мәдениетінің, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ереже сақтау тәртібінің деңгейі төмен екеніне назар аударып.

Елімізде жолдағы құқық бұзушылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауап­кершілік қатаңдатылды. Соған қарамастан, жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ере­жесін бұзудың жолы кесіліпті. 12 мыңнан аса мас жүргізуші ұсталған. Премьер-м­и­нистр мұндай тәртіп бұзуға өте қатаң шара қолдану керек екенін ескертті. Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Осы негізде және жергілікті жағдайды ес­ке­ре отырып, апаттар ең көп болатын учас­келерде жол қозғалысын қадағалауды кү­шей­тіп, қажетті шаралар қабылдау керек.

Сондай ақ Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрлігі мен әкімдік оқушы­ларды білім беру және спорттық іс-шара­ларға жібергенде полиция қызметкері міндетті түрде жол бастап жүруге тиіс еке­нін еске салды.

Көлік министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, же­кеменшік таксилердің, әсіресе олардың қалааралық маршруттардағы қызметін ретке келтіру жөнінде қосымша шаралар қабылдауы керектігін де Үкімет басшысы назардан тыс қалдырмады. Өңір әкімдіктері қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру бойынша қосымша шара қарастырғаны дұрыс. Сонымен қатар тұрғындармен автожол маңында мал жаюға қатысты жұмысты күшейткен жөн. Жалпы, Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруы қажет.

О.Бектенов салынып жатқан автожол­дардың аяқталмаған учаскелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне арнайы тоқталды. Мұндай учаскелерде жол белгілері мен ақпарат қалқандары, уақытша жол таңба­ларының болмауы мәселесіне назар аударды. Ескерту белгілері дұрыс орнатылмай, жүргізуші оларды байқамай қалатыны, мұның соңы жол апаттарына алып келетінін айтты. Мәселен, биылғы наурызда Алматы облысында 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Қарағанды-Алматы» бағытында жеңіл автомашина жүк көлігімен соқтығысып, 4 адам қаза тапқан. Мамыр айында дәл осы жолда көлік апатынан тағы 5 адам қайтыс болды.

Премьер-министр Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күтіп-ұстау кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Қала сыртындағы жолдар­дың тағы бір проблемасы – мобильді бай­ла­­ныстың нашарлығы туралы мәселе көте­рілді. Мысалы, «Қарағанды-Алматы» авто­жо­лын алатын болсақ, үш облыстың 500 км учаскесінде мобильді байланыс жоқ.

Үкімет басшысы жол апатында зардап шеккендер көмекке шұғыл қызметтерді шақырта алмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі күре жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын жеделдетуі қажет.

«Жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін бақылау үшін бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдар жетіспейді. Кей жерлерде олар мүлдем жұмыс істе­мейді. Жол қауіпсіздігіне қатысты жағ­дай халықтың орынды наразылығын ту­дырады. Тек жылдың басынан бері аза­мат­тарымыздан жол қозғалысына қа­тыс­ты 50 мыңнан астам шағым келіп түсті. Өңір әкімдіктері елді мекендердегі құ­қық бұзушылықты тіркейтін камералар санын көбейтуі қажет. Республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді түрде пайдалану керек», деді Премьер-министр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикалық маңызы бар жол­дар­да қозғалыс қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында 3 200 шақы­рым жол 4 жо­лақты қозғалысқа ауыстырылды, 5 мың­нан астам шаршы метр арнайы жолақ, жарықты қамтамасыз ететін 630-ға жуық жол белгісі мен 1 230 жол буфері орнатылған. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 айналма жол және 32 жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Сонымен қатар жануарлардың жолға шыға келуінің алдын алу үшін 1 мың 500 шақырым қоршау мен 319 мал айдау өткелі қамтамасыз етілді.

Биыл жалпы жол жөндеу жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Оның 7 мың шақырымында жұмыс толық аяқталады. Аталған жұмыстар «Алматы – Қарағанды», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» және «Мерке – Бурылбайтал» сияқты маңызды учаскелерден тұрады. Нәтижесінде, бұл жолдар I және II техникалық санатқа ауыс­тырылып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Автомектептер есепке алынады

Елдегі жол қауіпсіздігі мәселесін пысықтау барысында Премьер-министр автомектептер мен техникалық байқау стансаларының сапасыз жұмысына назар аударды. Автомектептерге қойылатын талаптың төмендеуі жүргізуші даяр­лау сапасына және көлік жүргізу мә­дениетіне теріс әсерін тигізді. Қазір оқу орталығын ашуға лицензия мен рұқсат талап етілмейді. Оның көбінде қажетті материалдық база жоқ. Бүгінде сапасыз даярлағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталған. Оқу үрдісі көбіне формальды түрде өтеді.

Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық автомектепті есепке алуды, халықаралық тәжірибені талдап, қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәліктерін алу тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.

О.Бектенов автокөліктің техникалық жағдайы жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететінін баса айтты. Жыл сайын автопарк өсіп келеді. Ал автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, дұрыс жұмыс істемейді.

«Жолдағы қауіпсіздік және адамдар­дың өмірін сақтау мәселесі жекелеген тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс. Көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеуді тапсырамын», деді Премьер-министр.

Енді Үкімет басшысының тапсырмасымен айтылған мәселелерге қа­тысты жүйелі іс-шара әзірленетін болады. Бүгінде елімізде 950 техникалық байқау операторы жұмыс істейді. Осы жылдың 6 айында 1 млн 800 мың көлік құралы техникалық байқаудан өткен. 23 мыңнан астамы техникалық жарамсыз болып танылған. Техникалық байқау жұмыстарын жүргізу фактілерін болдырмау мақсатында заң жобасы әзірленді. Онда техникалық байқау операторын тиісті рұқсат қағаздарынан айыру және айыппұл мөлшерін 10 АЕК-тен 100АЕК-ке дейін ұлғайту қарастырылған.

Орман өртінің алдын алу күшейді

Елдегі орман қорының жалпы ауданы 30 млн гектарды құрайды. Бүгінде өртті ерте анықтау жүйесімен барлық орман алқаптарының тек 2%-ы ғана қамтылған. Соңғы жағдай бойынша 160-қа жуық өрт тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе аз. Өрттің алдын алу және жедел ден қою үшін Төтенше жағдай министрлігінің су төгетін құрылғылары бар 34 әуе борты тұрақты дайындықта тұр. 37 орман шаруашылығында күзет ұйымдастырылған. Ерікті өрт сөндіру құрылымдарына қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл осындай құрылымның 43-і пайда болды. 26 өрт сөндіру бекеті ашылды. Елді мекендерде барлығы 252 құрылым жұмыс істейді. Өткен жылы оларға заңды тұлға мәртебесі берілді.

Үкімет басшысы отырыс назарын ор­ман шаруашылығының жеткілік­сіз материалдық-техникалық жарақтан­ды­рылуына аударды. Өрт сөндіруге ар­нал­­ған заманауи жабдықтың болмауы өткен жылғы табиғи апаттардың негізгі себеп­терінің бірі болды. Сол кезде 116 мың гектардан астам орман қоры жанып кетті. Өртпен күресте 15 адам қаза тапты. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық залалдың өзі 160 млрд теңгеден асып түскен.

«Өрт сөндіруде пилотсыз ұшатын аппаратты кеңінен пайдалану қажет. Ол орман мен даланы әуеден толық тексеріп-қарауға мүмкіндік береді. Жалпы, экономиканың әртүрлі саласында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттың әлеуеті зор. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар смарт жүйелерді қолданудың тиімділігін де айтты. От ошағын уақтылы анықтау үшін жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалану қажет екенін еске салды.

Қазгидрометтің мәліметінше, елдің басым бөлігінде тамыз айының соңына дейін өрт қаупі жоғары болады. Кейбір өңірлер алдын алу іс-шараларын тиісінше жүргізбейді. Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында тікұшақтармен су алу үшін айдындарды тереңдету жұмысы орындалмаған. Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан мен Ұлытауда өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Онсыз дала немесе орман өртін ауыздықтау қиын болады. Бірқатар өңірде отын қорымен қамтамасыз ету, қураған өсімдік пен қоқыстан тазарту жұмысы әлі толық аяқталған жоқ. Үкімет басшысы әкімдерге бұл жұмысты жандандыруды тапсырды. Трансшекаралық өртке ерекше назар ауда­рылды. Қазақстан Ресеймен 7 591 км шектесетін әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасына ие. Әзірге шекаралық аумақтарда өрт тіркелген жоқ. Әйтсе де, жедел ден қою үшін күш пен құралдың тұрақты дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ ресейлік тиісті қызметпен уақтылы ақпарат алмасу маңызды.

Отырыс соңында Премьер-министр Үкімет пен облыс әкімдеріне табиғи өртке қатысты бірқатар міндет жүктеді.