• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Шілде, 2024

Үкіметте мопед мәселесі қаралды

128 рет
көрсетілді

Кешегі Үкімет отырысы еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселелерін талқылаудан басталды. Аталған проблема күн тәртібінде алдын ала жоспарланған ба, жоқ па – ол жағын нақтылап жатпадық. Бірақ осы жиынның алғашқы мәселесінде қаралған жолдағы қауіпсіздік, мопедтер төңірегіндегі түйткілдер «Egemen Qazaqstan» газетінің кешегі санының бірінші бе­тінен жарық көрген еді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жиында еліміздің бас басылымының бетінен мопедтерге қатысты жантүршігерлік деректерді оқығанын атап өтті.

Отырыста алдымен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елдегі жол қауіпсіздігінің төңірегінде қалыптасқан жалпы ахуалды баян­дап шықты.

Үкімет басшысы елімізде жол апат­тарының саны азаймай отырғанын айта келе, еліміздегі өлім-жітімге мысал келтіріп, осы жылдың 6 айында-ақ мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тапқанына қынжылды.

Премьер-министр көлік жүргізу мәде­ниетінің, жүргізу­­шілер мен жаяу жүргін­ші­лердің ереже сақтау тәртібінің деңгейі төмен екеніне назар аудара отырып, мопедтер мәселесін де көтерді.

Министрдің баяндамасынан кейін сөз алған Олжас Абайұлы еліміздің бас по­лицейі Ержан Сәденовтен мопедтерді «тұсаулауға» қа­тысты қолға алынып жатқан іс-шаралар жайын сұрады. 

– Жаңа ғана «Egemen Qa­zaqstan» газетіне шыққан «Мо­пед­тердің мәселесі уайым­ға айналды» деген ма­қа­ланы оқып шықтым. Сол мақалада көрсетілгендей, биыл­дың өзін­де мопедтердің қа­тысуы­мен болған апаттарда 27 адам қаза тапқан. Бұл масқара деректер ғой! Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз? деді О.Бектенов министрге қарата.

Е.Сәденов мұндай проб­­­­леманың бар екенін мойын­­дап, күшейтілген жұмыс­­тың арқасында мопед жүр­гізу­шіле­рі мыңдап тәртіптік жазаға тартылып жатқанын жеткізді.

– Көбіне мопедтермен жасөспірімдер, курьерлер жүреді. Заңнама аясында тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Барлық мопедтер тіркеуге алынбақ. Оларға мемлекеттік номер беріледі. Содан кейін ол мопедтерді жүр­гізу үшін куәлік алу керек болады. Қа­зір заң жобасы Сенатта жатыр. Бірақ біз заң­ның күшіне енгенін күтіп отырмай жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Бүгінде 39 мың жүр­гізуші анық­­­та­лып, тәр­­тіптік жазаға тар­тыл­­ды. Оның ішінде 202 адам – кә­ме­летке жасы тол­маған­дар. Олардың ата-аналары жауап­қа тартылды. Ал айып тұрақ­­тарына 5 мыңнан астам мопед қойылды. Бұл жұ­мыс­тарды әлі де жалғас­ты­рамыз, – деді Ержан Сәденов.

Үкімет басшысы отырыс­та мұндай тәртіп бұзатын­дарға қатаң шаралар қол­да­нылуы қажеттігін мін­деттеді.

Қысқасы, күн тәртібінде­гі осы мәселеге қатысты көп жайтқа назар аударған О.Бек­­те­нов Ішкі істер, Оқу-ағар­ту, Мәдениет және ақпа­рат министрліктері мен әкімдік­терге жол қозға­лысы мен қауіп­сіздік ере­желерін сақтау бағы­тындағы ақпараттық-түсін­діру жұ­мыстарын жандандыру қажеттігін тапсырды.