Эльза Панаева қазақ тілін өз ана тілім деп санайды. Бес тілді меңгергенімен, жанына жақыны, көңіліне қонымдысы – жергілікті ұлт тілі.
Тап-таза, ақ күмістей сыңғырлаған, әуезді, құнарлы, бай тілді қашан меңгергені есінде жоқ. Тілі қазақша шыққан, көрші-қолаңның ойын балаларымен де осы тілде сөйлескен. Орта мектепте де, академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің педагогика факультетінде де қазақ тілінде білім алған. Жұмыста да, үй ішінде де таза қазақ тілінде сөйлейді. Өз айтуына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келіп, қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың арасында өскендіктен бе екен, жергілікті ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жанына соншалықты жақын. Жоғары оқу орнында араб, ағылшын тілдерінде білім алды. Бүгінде Атбасар қаласындағы аграрлық-индустриалдық колледжінде ағылшын тілінен сабақ береді. Отбасымен бірге 17 жылдан бері осы қалада тұрып жатыр. Ең алғаш жолдасы Радик Әлиевпен бірге осы өлкені жайлаған ет жақын туыстарына қонаққа келген. Сұлу Көкшенің құйқалы бір мүйісі – Атбасар атырабы ғажап өлке екен. Адамдары да мейірбан. Әрине, кір жуып, кіндік кескен топырағының да жаттығы жоқ. Эльза үшін ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының қай пұшпағы болсын ыстық. Көшіп келген соң жатырқап-жатсынбай бірден бауыр басып кетті. Биыл он алтыға толған қызы Мальвина да қазақ тілін жақсы біледі. Сол себепті отбасы жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Тіпті тілін сыйлағандықтан, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білгендіктен, бауырмал жергілікті ұлттың құрметіне бөленген. Мальвина аудандық, облыстық тіл байқауына үзбей қатысады. Өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген облыстық байқауда екінші орынға ие болды.
– Мемлекеттік тілді білу парыз, – дейді Эльза, – бұл осы жерді жайлап, дәмін татып жүргеннен кейін перзенттік пейілмен құрмет көрсетуіміз керек емес пе? Тілді білу өзге ұлт өкілдері үшін өте керек. Ең бастысы, болашаққа деген сеніміңді арттырады. Біз оңтүстікте тұрғанда мұндай әсерге бөленбейтін едік. Өйткені өзге ұлттың қазақ тілінде сөйлегені ешкімге таңсық емес, ал бұл жақта бірден байқалып тұрады екен. Отбасында тек қана қазақ тілінде сөйлейміз. Үй ішіндегі күнделікті әдет-ғұрпымыз да тамыр жайған жергілікті ұлттың үрдісінде. Әкем Дәулетжан, анам Күлбазар – осы тілде сөйлеп, осы елдің әдет-ғұрпын еркін меңгерген адамдар. Қазақ халқына деген құрметтің көрінісін балаларына ат қойғанынан-ақ аңғаруға болады. Мысалы, менің үлкен әпкемнің есімі – Жанат, кіші інімнің есімі – Бағдат.
Өткен жылы Бакуден анасының сіңлісі Гүлминаз апасы келіпті. Қазақ даласында болмағалы он бес жыл екен. Бұлар болса тау асып, тас басып келген нағашы апайларын қалай сыйлап, көңілінен шықсақ деп жік-жаппар. Ақ дастарқанға өздерінің ұлттық дәмдерін қойған. Ал Гүлминаз апай болса «маған қазақтың асын дайындаңдар, сондай сағынып келдім», деп өтініш айтады.
Ағылшын тілінің мұғалімі Эльза Панаева сабақ барысында үш тілді шәкірттерінің сүйегіне сіңіреді. Орыс тілін онсыз да біледі, ал қазақ тілін меңгерту үшін күн, ай, жыл аттарын жаттатып, амандасуды үйретеді. Тіл сындырудың алғашқы шарты – осы. Бәлкім, содан ба екен, сабақтары оқушылар үшін тартымды, қызғылықты. Жас толқын жергілікті ұлт тілін меңгерумен қатар ағылшын тілінде қызыға оқып үйренеді.
–Кішкентай кезімнен қазақ тілін еркін меңгергенім үшін өте қуанамын, – дейді Эльза. – Өз тілінде сөйлеген соң, жергілікті жұрт та бауырына басып, өз қызымыз деп сыйлап тұрады. Қазақ халқы мейлінше ақжарқын, бауырмал халық қой.
Осы бір ұстанымын ести отырып, Эльзаның пейіліне тәнті болғанымыз бар. Біз де бір көргеннен жанымызға жақын жан деп түйсіндік. Қазақтілді қарындасымыздың осы бір жетістігін өзгеге үлгі қылу үшін әйгілеуге ниет еткеніміз де сондықтан.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы