• RUB:
    5.04
  • USD:
    488.45
  • EUR:
    529.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2024

Қауіпті инфекцияны жеңудің алғашқы қадамы

77 рет
көрсетілді

Германияда жасы 60-қа келген азамат ЖИТС ауруынан айығыпты. Оның жазылып кетуінің бірден-бір себебі – 2015 жылы ақ қан ауруына ұшырап, сүйек миын ауыстарған. Сөйтіп 2018 жылдан бүгінге дейін ЖИТС-ке қарсы препараттар қабылдамаған. Дәрігерлер оған «Берлиннің жаңа науқасы» деген лақап ат қойыпты. Германияда сүйек миын ауыстырған тағы 6 адам ЖИТС-тен құтылған. Алдағы күндері Мюних қаласында 25-ші халықаралық ЖИТС-ке қарсы конференция өтеді. Соның қарсаңында осы қуанышты хабар жарияланып отыр.

Қан рагін емдеуде діңгек­ті жасушаларды егу әдісін қолданады. Бұл – күрделі әрі қауіпті медициналық шара. Бірақ Германияда тұратын науқас содан ақ қаннан да, ЖИТС-тен де жазылып кеткен. Жалпы, сүйек миын ауыстырып, ЖИТС-тен жазылған бұл – бірінші науқас емес. Оның алдында Браун деген адам 2008 жылы өзінің ЖИТС-ті жеңгенін мәлімдеген. Ол да әлгіндей медициналық әдіс жа­сатқан. Бірақ 2020 жылы қатерлі ісіктен көз жұмады. Дегенмен жазылып кеткен науқасты емдеуші дәрігер әрі зерттеуші Кристиан Геплер ЖИТС әсері оның бо­йынан толық жойылды деп айту ертерек дейді. Сондықтан медицина сарапшылары әлі соңғы қорытындысын жасаған жоқ. Бірақ Геплер бұл жағдай келешекте ЖИТС-ті емдеуге болатынына үміт сыйлайтынын жеткізді. Өз кезегінде халықаралық ЖИТС қауымдастығының президенті Шарон Луин науқас бес жылдан бері дәрі ішпей келеді, демек ол қатерлі аурудан толық айықты деп жариялайтын күн жақын қалды дегенді мәлімдеді.

Бір қызығы, өмірде ЖИТС жұқ­пайтын адамдар болады екен. Оның себебі олардың бо­йында CCR5 дельта 32 деген арнайы ген бар. Бұл ген ЖИТС вирусының адам клеткасына өтіп кетуіне тосқауыл жасайды. Және мұндай ген екі нұсқада жүреді. Бірі адамның өзінде, екіншісі әкесінде болады. Бірақ бұл ген жүзден біреуде ғана, яғни өте ­сирек кездеседі екен. Германияда жазылған жеті адамның алтауына осындай гені бар донорлардың сүйек миын салдырған. Ал жетін­шісі, біз әңгіме еткен науқас жал­ғыз нұсқадағы жай CCR5 гені бар донордың сүйек миына жүгінген. Соның өзінде айықпас инфекция­дан жазылып кетіп отыр. Бұл деген сөз сүйек миын ауыстыру арқылы ертеңгі күні науқастардың ЖИТС-тен жазылуға керемет мүм­­кіндігі болады дегенді білдіреді.

Біз осы орайда аталған мәселе жөнінде Шымкент қалалық ЖИТС орта­лы­ғының бас дәрігері Бекен Сырбекұлынан пікірін білдіруін сұраған едік. Маманның айтуынша, жаңа әдіс ЖИТС-ті емдейді деп кесіп айту әлі ертелеу екен. Оның үстіне 7 адамның жазылуы – медицинада клиникалық дәлел емес. Ол үшін кемі мың адам тәжірибеден өтіп, соның 900-ден астамы айықса, онда қабылдауға болады. Соның өзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарым, кеңесі немесе нұсқауы қажет екен. Сонымен қатар мұндай қатерлі әдіске бармай-ақ қазіргі препараттарды күнделікті ішіп жүрсе, соның өзі инфе­кцияның қауіпті белгілерін қайтаратын көрінеді. Мәселен, кейінгі екі жылда Шымкентте ЖИТС жұқтырып туған бірде-бір нәресте тіркелмепті. Дәрісін уақтылы қабылдаса, анадан сап-сау бала туады, ауырған ер немесе әйел препараттардың көмегімен қорғанбай-ақ жыныстық қаты­нас­қа түсіп, болашақта отбасын құра алады.

Сондай-ақ Б.Сырбекұлының айтуынша, 1982 жылы меди­ци­налық есептер мен БАҚ-та ЖИТС туралы алғашқы ақпа­рат жарияланған екен. Көп ұза­май 1987 жылы қатерлі дерт Қазақ­станда да тіркелген. Жаңа ауру­­дың алдын алу мен күрес жұ­мыс­та­­рын жүргізу мақсатында 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімінің Шымқалада ЖИТС орта­лығы ашылып, зертханалық диаг­нос­тикасы енгізіледі. Алғаш­қы кезде орталықта 3 құры­лымдық бөлім болыпты. Олар – про­фи­лактикалық және әдіс­темелік жұмысты ұйым­дастыру, халықты эпидемио­ло­гия­лық тексеру, зертхана бөлімдері.

Ал арнайы клиникалық және эпиде­миологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілген тексерулер барысында 1993 жылы Шымкент қаласында алғашқы АИТВ жұқтырған науқас анық­та­лады. Зертхананың кеңеюі, қыз­мет­керлердің көбеюіне байланыс­ты орталық 1998 жылы Кремль көшесіндегі жаңа ғимаратқа ауы­­сады. Орталықтың қысқаша жетіс­тіктеріне тоқталсақ, 2000 жыл­дың басынан бастап инемен есірткі тұтынушылар, тәнін саудалаушылар арасында профилактикал­ық іс-шараларды қолға алды. Оның ішінде инфекцияның анадан балаға берілуіне қарсы жұмыстар жүргізді. Ағымды цитометрия әдісімен имму­нитет деңгейін анықтайтын аппарат алды. 2006 жылы рет­ро­вирусқа қарсы препараттар­мен ем жүргізіле бастады. Сол жылы жедел-тест әдісімен АИТВ-диагностикасы енгізілді. Қатынастан кейінгі алдын алу емі жүрзілді. Ретро­вирусқа қарсы терапия тиімділігін бақылау үшін ПТР-диагностикаға көшті. 2021 жылдан бастап сау адамдарға АИТВ-ны жұқтырып алмау үшін қатынасқа дейінгі алдын алу емі бойынша шаралар қабылданды.

Бүгінгі таңда ЖИТС орта­лы­ғында 123 медицина маманы жұмыс істей­ді. Олардың көпшілігі – шетелде оқып, тәжі­рибе алма­сып келгендер. Зерт­хананың өндірістік қуаты – тәулігіне 2 мыңнан аса тексеру жүргізуге қауқарлы. Сондай-ақ АИТВ диагностикасында 4 буынды сезімтал тесттер қолданылады.

«Қазақстан азаматтарына, қан­дас­тарға АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу, алдын алу шаралары тегін жүргізіледі. Диспансерлік есепте 1 821 науқас тіркеуде тұр. Олардың 1 773-і вирусқа қарсы үздіксіз терапия қабылдап жатыр. Емдеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, сапасы сертификатталған, клиникалық сынақтардан өткізілген препараттар қолданылады. АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерді про­филактикалық емдеу нәтижесінде 668 сау нәресте дүниеге келді. Заманауи емдеу технологияларын қолдану нәтижесінде АИТВ жұқтырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы сау адамдармен теңесіп қалды. Мәселен, диспансерлік бақылаудағы пациенттердің ең жасы үлкені 90 жасқа таяды. Қазір АИТВ жұқтыру қаупі жоға­ры 189 адамға қатынасқа дейінгі алдын алу емі жүргізіліп жатыр. АИТВ-мен ауыратын 17 жас жұптарымен неке­лесіп, отбасын құрып, өмір­ге сау ұрпақ әкелді. Жоғары кәсі­билігі мен халық денсаулығын қор­ғау­дағы жетістіктері үшін орталық қызметкерлері мемле­кет­тік, кәсіподақ атынан, салалық наградалармен марапатталған. Сонымен бірге біздің мамандар жыл сайынғы медицина қыз­мет­керлерінің спартакиадасында жүлделі орындардан көрініп жүр», деді орталық басшысы Бекен Сырбекұлы.

ЖИТС-тің таралуын тежеуде көп еңбек сіңірген орталықтың бұрынғы басшыларын да атай кеткен жөн. Құрылғанына 35 жыл толған емдеу мекемесін бүгін­ге дейін Мадияр Алтынбеков, Сәкен Ниязбеков, Рысқұлбек Бай­хара­шев, Сүлеймен Беккужинов, Келес­­бай Жұмағұлов, Наталья Бабина, Артур Әбдіразақов, Талғарбек Мейірханов сынды азамат­тар басқарған екен.

Ендігі жерде орталық 2030 жылға қарай алдына үлкен мақ­сат­тар қойып отыр. Ол АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95%-ы өз мәртебесін білуге тиіс. АИТВ инфекциясымен ауы­ратын адамдардың 95%-ы анти­рет­ровирустық терапияны тұрақ­ты алып отыруы керек. Анти­рет­ровирустық терапия алатын адамдардың 95%-ында вирустық супрессия байқалуы қажет.