• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 01 Тамыз, 2024

Тимур Нақыпбеков: Туризм – экономикалық серпін тетігі

478 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің туристік әлеуетін арттыру керек екенін жиі айтып келеді. Былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ол туризм саласының ақсап тұрғанын сынға алып: «Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді» деген болатын. Содан бері шеттен саяхатшы тартуда ілгерілеушілік бар ма? Айтылған сыннан қандай қорытынды шығарылды? Біз «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур НАҚЫПБЕКОВПЕН болған сұхбатымызда осы мәселені қаузап көрдік.

– Әңгімемізді дәстүрлі сауал­дан бастасақ: қазір еліміздегі туристік саланың ахуалы мен дамуы қандай деңгейде? Соңғы жылдары елімізге саяхаттап келушілер саны артты ма?

– Әрине, елге сырттан келетін туристер саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы 4,7 млн турист келген болса, былтыр бұл сан екі есе өсіп, 9,2 млн адамды құрады. Шекара қызметінің деректеріне қарағанда 2023 жылы туристердің жартысынан көбін (4,8 млн адам) Өзбекстан азаматтары құраған. Бірақ шыны керек, оның ішінде саяхат мақсатымен келгендер саны 0,03% ғана (1 467 адам). Сол секілді былтыр Қытай Халық Республикасынан келген азаматтар саны 329 мың адам болса, олардың ішінде саяхат мақсатымен келгендер – 16%, яғни 53 мың адам.

Ішкі туризмнің көрсеткіштері де жыл сайын артып келеді. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Алай­да туристік орындардың инфра­құрылымы барлық жерде бір­дей қонақтарды қабылдауға дайын емес. Қонақүйлердің, сани­тарлық-тұрмыстық қондыр­ғылардың тапшылығы, сапалы туристік автобустардың же­тіс­пеушілігі, қоқыс шығару мәсе­лесі, т.б. күн тәртібінде тұр. Биз­неске инвестиция тарту және дамыту үшін жергілікті атқарушы органдар деңгейінде барынша қолдау көрсету қажет, оның ішін­­де жер телімдерін бөлу, ин­же­нерлік инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету, жолдардың сапасын жақсарту, т.б. айтсақ болады.

– Осы орайда туризм ин­фра­құ­рылымына шетелдік және отандық инвесторларды тартуда қандай кедергілер бар? Оны оңтайландыру үшін не істеу керек?

– Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші кезекте туристік әлеуеті зор аймақтарда инфрақұрылым нашар. Мәселен, жер учаскесі болса, электр және су жүйелері, интернет өткізілмеген. Ал ең бастысы – жол мәселесі. Бұның бәрі туризмнің дамуына басты ықпал ететін факторлар. Өйткені қазір туристер инфрақұрылымы мен қызметтері сапалы жерлерді таң­дайды. Сондықтан отандық және шетелдік инвесторларды тартып қызықтыру үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы керек.

Біріншіден, туристік әлеуе­ті зор аймақтарда бос жер учас­келерін белгілеп арнайы кар­та жасап, сол жерге инженер­лік-коммуникациялық инфрақұ­ры­лым тарту қажет. Екіншіден, қаржы мәселесі. Қонақүй бизнесі – ұзақмерзімді инвестицияға жатады, ал біздің елімізде туризм маусымы өте қысқа. Кейбір ай­мақтарда, мысалы, Алакөлде туризм маусымы толық 2 ай ғана. Сол себепті қонақүй саламын деген инвесторлар үшін ұзақ мер­зімді және төмен пайызбен арнайы несие бағдарламасы болуы қажет. Нақтылап айтқанда, мер­­зімі кем дегенде 15 жыл, пайыз мөлшерлемесі 3-5% болуға тиіс.

Үшіншіден, инвестициялық артықшылықтар (преференция­лар) берілуі керек. Отандастары­мыз Түркиядағы демалыс орын­дарының бағасы Қазақстанмен салыстырғанда арзан деп жатыр. Оның себебі – Түркия еліндегі 40 жыл бойы тұрақты түрде жасал­ған мемлекеттік қолдау шаралары. Олар ірі шығындарды субсидиялау, жеңілдетілген кедендік рәсімдеу, салықтық жеңілдіктер, оқытуға, кәсіпке, суға, электр мен газға арналған субсидиялар беру арқылы демалыс орындары­ның бағасын қалтаға лайықты қы­лып отыр. Міне, туризм саласында жұмыс істеп жатқан біздің кәсіпкерлерге де осындай қолдау шаралары қажет.

Инвесторларды қолдау мә­селелерінің маңыздылығын ескере отырып, «Атамекен» пала­тасы СІМ Инвестиция коми­тетімен бірлесіп жер учаскелерін және басқа да рұқсат құжаттарын ре­сім­деу мәселелері бойынша жұ­­мыс жүргізіп жатыр. Мони­то­ринг, жеделдету және сүйемел­деу үшін жобаларды бірлескен ин­вес­тициялық картаға енгізу туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді.

– Президент өткен жылы саланың кемшіліктерін сынға алған болатын. Одан бері жағ­дайды жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Мемлекет басшысының туризмді дамыту тапсырмаларын орындау үшін арнайы жоспар әзірленіп, оның міндеттемелері мемлекеттік органдар мен басқа да орындаушыларға бөлініп жүктелді. Жоспарда курорттық аймақтардың инженерлік және көліктік инфрақұрылымын жақ­сарту, туризмге инвестиция тар­ту, салаға кадрлар даярлау, эко­логиялық мәдениетті арттыру, туристердің қауіпсіздігін қамта­масыз ету секілді 37 нақты тапсырма бар.

Соңғы жылдары туризм саласын мемлекеттік қолдау шаралары айтарлықтай деңгейде қолға алынды. Кәсіпкерлердің бірнеше бағыт бойынша шығын­дарының бір бөлігін өтеу, атап айтқанда, туристік нысандарды, жол бойындағы қызмет көр­се­ту нысандарын салуға және жөн­деуге, санитарлық-гигиена­лық тораптарды (СГТ) ұстауға, туризмге арналған көлік немесе тау шаңғысы жаб­дық­тарын сатып алуға, т.б. суб­сидия­­лау қарастырылған. Биз­нес субъек­тілерін тікелей қол­даудан бөлек, азаматтарымыз­ды ел ішінде сая­хаттауға, қонақүйлерде тұру­ға ынталан­дыруға арналған тетік­тер бар. Со­ның бірі – Kids go Free бағдар­ламасы арқылы балалар тегін ұша алады.

Қазіргі уақытта шетелдік ту­ристерді тартқаны үшін тур­операторларды субсидиялау, СГТ-ны ұстауға арналған субсидиялар көбірек сұранысқа ие. Ал нысандарды салу мен жөндеу үшін берілетін 10 пайыздық қол­дау бизнесті ынталандырмай тұр. Өйткені оның шығыны мен өтеу мерзімі көп.

Сондай-ақ «Атамекен» палатасы кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық емес қолдау шараларын ұсынады. Атап айтқанда, кәсіпкерлер мен бизнес бастауға ынталы тұрғындарға ақпараттық-кеңес беру қызметтері, оның ішінде мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат пен кеңес беру, құқықтық мәселелер мен рұқсаттар алуға кеңес бе­ру, бизнесті жүргізуге сервистік қол­дау көрсету, «Мен – кәсiп­кер­мін», «Іскерлік байланыс­тар» құралдары, кәсіпкерлерге арнал­ған танымдық бейнеро­ликтерді айта аламыз.

– Туризм саласын дамыту үшін халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнатылған ба?

– Әрине, біз Мемлекет бас­шысының Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық туризмді дамыту саясатын жү­зе­ге асыру мақсатында шы­ғыс көршімізбен белсенді түр­де ынтымақтастықты артты­рып келеміз. Жыл басын­да Үрімші қаласында Қазақстан мен Шың­жаң-Ұйғыр автономия­лық ауда­нының шекара маңы туриз­мін дамыту форумын ұйым­дас­­тыр­дық. Жиында еліміздің 5 ай­ма­ғынан барған туризм басқар­маларының жетекшілері және 5 ірі туроператорлық компания туристік әлеуеті мен бейне материалдарын таныстырды. Форумға екі елден жалпы саны 200-дей компания қатысты.

Сондай-ақ екіжақты эконо­миканы жүйелі дамыту үшін біз наурыз айында Үрім­ші қа­ласында «Атамекен» палата­сы­ның өкілдігін аштық. Бұл жұ­мыс аталған шаһардағы тех­ни­ка­лық-экономикалық даму айма­ғымен бірлесіп жасаған ынты­мақтастықтың нәтижесі.

Тағы бір көлемді жоба – «Ж­і­бек жолы» атты туристік мақ­сат­тағы автожарыс. 10-18 мамыр аралығында «Атамекен» пала­тасы «Туран Казахстан Тревел», «Азимут Тревел», «Grand Soluxe Travel Company» ұйымда­ры­мен бірлесіп өткізген жарыс Жар­кент қаласынан басталып, Бішкек арқылы Қытайдың Қаш­ғар шаһарында аяқталды. Авто­жарысқа 60-тан астам автокө­лік пен 130-дан астам адам қа­тысты. Бұл іс-шараны біз жыл сайын жүйелі түрде ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз.

– Кейінгі уақытта экотуризм бағыты танымал. Осы орайда еліміздің ұлттық саябақ­тарында туризм қалай дамып жатыр? Біздің білуімізше, жер учаскелерін беруде шектеулер бар секілді...

– Экологиялық туризм – әлем­де жедел дамып келе жатқан саланың бірі. Қоршаған ортаға зиян келтірмей саяхаттау дегенді білдіретін бұл сектордың өсуі жылына 30 пайызды құрап отыр. Біздің елімізде экотуризм аясындағы бағыттардың бірі – ұлттық саябақтар. Қазір ел аума­ғында 14 ұлттық саябақ бар. Ресми деректерге сәйкес, былтыр ол жерлерге 2,4 млн турист келген.

Бірақ бизнес субъектілері тарапынан ұлттық саябақтар мен орман қоры аумағында жер учаскелерін бөлудің қиындығы туралы шағымдар түсіп жатыр. Қолданыстағы заңнамада туристік нысан салу немесе құрылыс жұмыстарымен айналысу үшін нақты кімге жер учас­келері берілетіні көрсе­тілмеген. Осыған орай «Ата­мекен» ҰКП табиғатты қорғау ұйымымен бірлескен қызмет туралы шарттар негізінде жеке және заңды тұлғаларға жер учас­келерін беруді ұсынып келеді.

– Жалпы, ел аумағында турист тарту үшін тамашалауға болатын әдемі жерлер көп. Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Маңғыстау облысының тарихи жерлері, еліміздегі жал­ғыз портты қала – Ақтау қа­ла­сының жағалауы, т.б. Бұл орын­дар шетелдіктерді басқа да қандай ерекшеліктерімен қы­зық­тыра алады?

– Иә, еліміздің табиғатының сұлулығы, тарихи және мәдени мұралары, халқымыздың ал­уан түрлілігі және жыл бойы ту­­­ризм­ді дамыту әлеуеті туризм са­ласының дамуына сер­пін бере алады. Біз қо­нақ­­жай­лылы­ғымызбен және келу­ші­­­лерге деген достық қарым-қаты­­насымызбен мақтанамыз, бұл туристер үшін жағымды ат­мос­фера сыйлайды. Соны­мен қоса, келген қонақтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету қажет. Ол үшін туристік поли­цияның маңыздылығын ескере отырып, кәсіптік құзыретін арттыру керек.

Президентіміз Бурабай, Маң­ғыстау және Алматы өңір­ле­рін бірегей курорттар және ту­ризмді дамытудың ірі орталық­тары ретінде ерекше атап өтті. Әр дестинацияны және оның ерекшеліктерін жеке қарас­тырайық.

Маңғыстау – жағажайлар және Бозжыра, Торыш алқа­бы­ның домалақ тастары мен қа­сиетті орындар. Сонымен қоса, тарихи туризм дамып келеді. Туристердің өсіп келе жатқан ағынын қанағаттандыру үшін қонақүйлердің санын көбейтіп, Баку мен Дубайдан үлгі алып, қаланың бас жоспарын қайта қарау қажет. Сондай-ақ аймақты туристерге қолжетімді ету үшін география мен рейстердің жиі­лігін кеңейту маңызды.

«Қазақстанның інжу-мар­жаны» – Бурабайға жүктемені азайту үшін туристік ағындарды Ақмола өңіріндегі басқа да ку­рорттарға бөлуді талап етеді. Ол үшін Ақбұра, Жүкей және Қотыркөл көлдерінде жаңа ту­рис­тік аймақтарды дамыту, сон­дай-ақ туристік экспресс-пойыз­дарды іске қосу қажет. Бу­ра­бай туристерді өзінің табиғи сұ­лу­­лығымен ғана емес, сонымен қатар ерекше тарихи және мә­дени ескерткіштерімен де тартады. Астанаға жақындығы да осы курорттың танымалдылығында маңызды рөл атқарады.

– Президент 2030 жылға дейін шетелдік туристер санын екі есеге, тіпті үш есеге арттыру керек екенін айтты. Ол үшін басты міндеттердің бірі – әуе тасымалын жақсарту. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Әуе тасымалы туризм са­ла­сының дамуында шешуші рөл атқарады. Бұл үшін біз бір­неше басым міндетті айтып келеміз. Мәселен, халыққа қол­жетімді бағаны ұсыну үшін курорттық аймақтарға баратын ішкі әуе рейс­тер санын ұлғайту керек. Туризм маусымы қызған шақта әуе билеттерінің тапшылығын жою қажет. Шағын авиацияны дамыту да басым міндеттердің бірі. Әрине, турис­тер ең алдымен қолайлылық пен жайлылыққа көңіл аударады. Сондықтан әуежайлардағы жолаушылар алаңдары мен күту аймақтарында қызмет көрсету сапасын жақсартқан жөн. Маңызды мақсаттардың бірі – туристік бағыттар бойынша әуе қатына­сын субсидиялаудың ағымдағы тәсілдерін қайта қарастыру жөн деп санаймыз.

Сонымен қатар шетелдік әуе компанияларымен ынтымақ­тастық жаңа ха­лық­аралық мар­шрут­тардың ашы­луы мен әуе би­лет­тері құ­ны­ның төмендеуіне ық­пал етпек. Бұл жаңа шетелдік әуе тасы­малдаушыларын тарту құ­ра­лы, әрі олардың арасындағы бәсеке­лестікті дамытуға ықпал етеді.

– Соңғы сұрақ: қазіргі күні елімізде туризмнен түсетін табыс қанша?

– Қазақ елінің туристік саласы әлі толық қолға алынбаған әрі елеулі әлеуетке ие. Әлемдік тә­жі­рибе көрсеткендей, жаңар­ты­латын ресурс болып саналатын туризм экономикаға муль­типликативті әсер етеді. Сон­дықтан көптеген ел оның да­муы­на ерекше назар аударып отыр. Мысалы, ашық де­рек­көз­дерге сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия Рес­пуб­ликасында ішкі жалпы өнім­дегі туризмнің үлесі шамамен 12%, көршілес Қырғызстанда – 5-7% құрайды. Ал Экономикалық зерттеулер институтының мәлі­метінше, біздің елімізде соңғы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 3,9%-ды құрап отыр.

Сондықтан да Мемлекет басшысы туризмге ең келешегі зор саланың бірі ретінде назар аударып келеді. Үкіметке саланы кешенді дамыту мен оның өсуін тежейтін кедергілерді жою үшін тапсырмалар берілді. Бизнес өкілдері өз кезегінде тартымды туристік маршруттар мен өнім­дерді құрастырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуы керек. Соңғы уақытта бұл салада ілгерілеу бар және турис­тер ағыны артып, елдің танымал­дылығы артады деп үміттенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»