Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы бірқатар инфрақұрылым нысанының жұмыс барысымен танысты.
Сенатор алдымен Шымкент қаласындағы №6 емханасында болды. Емханада консультативтік-диагностикалық бөлімше, отбасылық денсаулық сақтау орталығы, емдеу-алдын алу бөлігі және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі жұмыс істейді. Дәрігерлер мұнда 22 сала бойынша кеңес береді, диагностикалық және зертханалық зерттеу жүргізеді, психологиялық көмек көрсетеді.
Сенатор кездесу барысында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесін денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен және медициналық мекеме қызметкерлерімен бірге талқылады.
Н.Бекназаров денсаулық сақтау саласының міндеті – азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, денсаулығын жақсарту екенін атап өтті. Сала қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы медицина саласын қаржыландыру өсе түсіп отыр. Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты – ұлт денсаулығы.
Депутат «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бозарық» шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үйлерді де аралады. Қазіргі уақытта Шымкентте жетім балаларды, көпбалалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін қосқанда барлығы 49 736 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Сенатор аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды және құрылыс жұмыстарының сапасын атап өтті.
«Мемлекет басшысы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясаттың басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Қолжетімді баспана – халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізі. Мемлекет осыған байланысты тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар бағдарламаны іске асыра бастады, елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл мәселе біздің назарымызда болады», деді Н.Бекназаров.
Сенатор «А-2 Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ жүк машиналарын қала сыртымен жүргізу үшін айналма жолдың маңызына тоқталды және қаржыны тиімді жұмсау мен құрылыс сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті.