• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Тамыз, 2024

Ынтымақтастықты нығайтатын басқосу

134 рет
көрсетілді

Ташкент қаласындағы Орталық Азия халықаралық инсти­тутының базасында Орталық Азия мен Корея Респуб­ликасының талдау орталықтарының бірінші форумы өтті. Оған елімізден Президент жанындағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеулер институтының өкілдері қатысты.

Бүгінде Орталық Азия дербес ха­лықаралық субъектіге айналып, «ОА +» көпжақты өзара іс-қимылды табысты іске асыра отырып, барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты ны­ғайтып келеді. 2007 жылы осындай форматты құруға бастамашы болған алғашқы елдердің бірі – Корея Республикасы. Қазіргі таңда тараптар сая­си, сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастық орнатты.

«Орталық Азия + Корея Республика­сы» форумы талдау орталықтары арқы­лы жан-жақты дамуға ықпал етеді. Осы орайда Қазақстан Президенті жа­нындағы Стар­тегиялық зерттеулер институты директорының орынбаса­ры Алуа Жолдыбалина «Жаңа геосаяси динамика үшін Орталық Азия мен Корея Республикасы ара­сындағы өзара тиімді әріп­тестік 2.0: бола­шаққа көзқарас және негізгі басым­дықтар» сессиясында сөз сөйлеп, «5+1» форматында жемісті ынтымақтастық мүмкін болатын салаларға тоқталды. Атап айтсақ, креативті индустрия, қалаларды дамыту, киберспорт, қор биржасы.

– Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияны дамы­тудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы қабыл­данды. Оның шеңберінде «Мә­дениет туралы» заңға және Кәсіп­керлік туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. «Креатив хаб» халық­аралық креативті индус­трия орталығы» корпоративтік қоры құрылды. Өзбекстанда «Өзбекстан Республикасындағы креативті экономи­ка туралы» заң жобасы қоғамдық тал­қы­лауға шығарылды. Қазір креа­тив­­ті ин­дустрия саласынан 9 563 кәсіп­орын тіркелген, өзін-өзі жұмыспен қамты­ған тұлғаларды есептемегенде 84 068 қызметкер тартылған. Қырғыз­станда 2022 жылы осы мәселе бойынша Президент жанынан арнайы Кеңес құрылып, сол жылдың тамыз айын­да арнайы салық салу және жеңілдіктер режімін қамти­тын «Креативті индустрия­лар паркі туралы» заң қабылданды. Оң­түстік Корея­ға келетін болсақ, мемлекет шығарма­шылық индус­трияның пайдасы мен әсерін түсіну кезеңінен өтті. Ел Жаһан­дық инновациялық индекстің (Global Innovation Index) үздік ондығына кіреді, тек соңғы онжылдықта (2013-2022 жж.) 18-орыннан 6-орынға көтерілді. Ко­рейлік контентті халықаралық деңгейге шығара отырып, корейлік креативті ин­дус­трия тауарларының жыл сайынғы экспорты шамамен 6 млрд долларды құрай­ды. Сол секіл­ді ки­берспорт саласында да ай­тар­лықтай өзгерістер бар. Біз­дің елде екі-үш миллионға жуық адам бейне ойын­­дарға қызы­ғушылық танытады, стрим­­дерді көреді. Қазақстан кибер­­­спорт­шыларының CS:GO, PUBG-де көптеген халықаралық жетіс­тіктері бар, – деді ол.

Ал Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Әсем Нұр­жанова «Жаһандық құн тізбе­гін қайта құру және экономикалық қауіп­сіз­дік: энергетика және маңызды пайда­лы қазбалар саласындағы өзара тиім­­ді ынтымақтастық» сессиясына қатыс­ты. Сарапшы Корея Республикасы Қазақ­станның ең ірі инвестициялық және сауда серіктестерінің бестігіне кіретінін атап өтті.

– Кореядан еліміздің экономикасына тікелей инвестициялар ағыны 10 млрд долларға жетті, ал өзара тауар айналымы – 6 млрд. Ел нарығында 700-ден астам оңтүстіккореялық компания, олардың ішінде «Hyundai», «KIA», «Samsung», «LG», «Doosan» сияқты жаһандық кор­порациялар бар. Корея Респуб­ликасы Президенті Юн Сок Ёльдің 2024 жылғы маусымда Қазақстан­ға сапары қар­саңында Корея үкіметі жария­лаған «K-Silk Road» атты Кореяның Орталық Азия елдерімен ынты­мақтастық бастамасы бола­шақ­та ерекше маңызға ие бол­ады. Бұл ОА елдеріне Корея­мен ынтымақтастықтың жаңа мо­делін құруға, біздің ай­мағымыз бен Корей елінің өсу әлеуеті арасында ғылы­ми-технологиялық және инно­ва­циялық салалар бойынша синергияға қол жеткізуге мүм­кіндік береді деп күтіліп отыр, – деді Ә.Нұржанова.

«Технологиялық гегемония дәуіріндегі стратегиялық өзара іс-қимыл: АКТ және жасанды интеллект саласындағы білімге біріккен тәсілдер» алаңында Президент жанындағы ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеу бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев өңір сарапшыларының сауалнамасы нәтижесінде анық­талған Орталық Азия кооперациясының басым бағытта­рымен бөлісті.

– Анықталғандай, көлік дәліз­дері желі­сін кеңейту, су-энер­гетикалық әлеуетті дамыту жөніндегі елдердің күш-жіге­рін үндестіру, өңірлік ауыл шаруашылығы кластерін қалып­тастыру, Орталық Азия­ның туристік әлеуетін дамыту, адами капиталды бірлесіп дамыту бағыттары басым болып шықты. Осыған сүйене отырып, назар аудару қажет ететін Орталық Азияның да­му мүмкіндіктерін атап өту маңыз­ды. Мәселен, Каспий экономикасын дамыту үшін теңіз индустрия­сы саласында кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік жоғары оқу орындарының кооперациясы. Бұл орайда Оңтүстік Кореяның тәжірибесі назар аударуға тұрар­лық. Таяу болашақта Орталық Азияның дамуы аймақ елдерінің ортақ мақсаттарға жету үшін сын-қатерлерді еңсеру және ынтымақтасу қабілетіне байланысты болады. Сондықтан дұрыс стратегиялар мен іс-шараларды әзірлеу маңызды, – деді А.Құрмашев.

Айта кетейік, биыл қараша айында Сеул қаласында «Орталық Азия + Корея Респуб­ликасы» Сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 17-кездесуі және 2025 жылға жоспарланған «Орталық Азия + Корея Республикасы» фор­матындағы бірінші Саммит өтеді деп күтіліп отыр.