• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 02 Тамыз, 2024

«Жайлы мектеп» жергілікті тауар өндірушілерге дем берді

61 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Соның ішінде Шым­кент қаласында осы жоба аясында 18 мектептің іргетасы қаланады. Қазір шаһар­да құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұл дегеніміз бір ауысымда – 28 мың, ал екі ауысымда 56 мың оқушы білім нәрімен сусындауға мүмкіндік береді.

Былтыр үшінші мегаполисте ­12 «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Қазір аталған білім ұйымдарының іші әрленіп, инженерлік желілері тартылып, аулалары абаттандырылу үстінде. Бұл мектептердің барлығы да биыл қолданысқа беріледі. Ұлттық жобаның орындалуын, яғни құрылыстардың сапасын, дер кезінде пайдалануға берілуін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қадағалайды.

«Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шымкентте тағы 6 мектептің құрылысы басталады. Бұл білім беру ұйымдары келесі жылдың соңына қарай тапсырылады. Жалпы, еліміз бойынша ұлттық жоба шеңберінде 2025 жыл аяқталғанша 369 заманауи мектеп салынады. Осындай «Жайлы мектепке» 740 мың оқушы сияды. Осы тұста құрылысшы компаниялар мен басқа да тауар өндірушілер арасында байланыс орнатып, «алтын көпір» болып отырған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғысымды айтамын. Негізінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның көздеген мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Алда тұрған ең маңызды міндеттің бірі ол – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан барлық мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне тапсырылуға тиіс», дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілінің айтуынша, жайлы мектептер қандай да бір шетелдік стандартқа сүйеніп салынып жатқан жоқ. Дегенмен мектептерді жобалау барысында шетелдік және отандық озық білім ошақтарының тәжірибесі негізге алынған.

Мұндай білім ошақтарының ауданы кәдімгі жалпы орта мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен болады. Сондай-ақ техникалық жарақтандыруы да 4 есеге күшті. Сондықтан «Жайлы мектепке» компьютер, интерактивті тақталар секілді заманауи құрылғылар көбірек пайдаланылады. Ал құрылысқа барынша отандық құры­лыс материалдары қолданылады. Отандық құрылыс материалдарының орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Мәселен, мектеп құрылысына пайдаланылатын цемент, қиыршық тас, одан бөлек қасбетін әрлейтін материалдар мен шатыр жабындысына дейін отандық өнім пайдаланылады. М.Қуанышбаевтың айтуына қарағанда, «Жайлы мектептерге» арналған жиһаз да тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл ретте басымдық жергілікті компанияларға беріліп отыр.

Осылайша, жаңа типтегі мектептерді жабдықтауға шымкенттік тауар өндіру­ші­лер, оның ішінде жиһаз компаниялары жұмылдырылған. Олар мердігерлермен келісімшартқа отырып, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп жатыр.

Сала мамандары мен сарапшылар баян­дағандай, елімізде алғаш рет жүзе­ге асып жатқан қанатқақты жоба қазақстандық компанияларды, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналды. Ұлттық жобаны нағыз стратегиялық бастама деуге болады. Себебі ол кәсіпкерлерге мемлекеттің қолұшын беруге, ұлттық жобаға бөлінген қаржының ел экономикасына жұмыс істеуіне үлкен көмегін тигізіп отыр.

Дегенмен жоба аясында тапсырыс алып, оны орындаудың да өзіндік талабы бар. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін тауар өндірушілердің СТ-KZ немесе индустриалды сертификаты болуға тиіс. Себебі білім беру саласындағы осы ұлттық жобаға сәйкес мектептердің барлық ғимараты мен жиһазы оқушылар мен ұстаздар үшін ыңғайлы, қауіпсіз болуы керек. Сонымен қатар еліміздің заңдары бойынша тиімді оқыту үдерісін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіліктеріне сәйкес келуі қажет. Шымкент қалалық кәсіп­кер­лер палатасының директоры Сабира Адам­бекова­ның мәлімдеуінше, еліміздегі барлық мектеп бәскеге қабілетті нағыз сапалы тауар шығаратын отандық өндіру­­ші­лердің құрал-жабдықтарымен жарақ­тан­­дырылғаны абзал. Бұл экспортқа бағ­д­ар­лан­ған өндірісті қолдаудың тиімді тәсілі ғана болып қоймайды, сонымен бірге Қазақстанның тауарына деген сенімділікті күшейтіп, нағыз патриотизмнің көрінісін айғақтай түседі.

Осы тұста жауапты сала өкілдерінің құрылыс компаниялары мен жиһаз өнді­ру­­шілерге қойып отырған басты талабы – ол жоғарыда айтып өткеніміздей, құрылыс пен оқу кабинеті жабдықтарының сапалы болуы. Бұл қағиданы «Жайлы мектеп» құры­лысына қатысушы кәсіп­кер­лерге жауапты сала өкілдері әлдеқашан жет­кізген. Сон­дықтан бүгінде сапа мәселесін қала­лық әкім­дік те, білім басқармасының мамандары да бірінші кезекке қойып, жіті қадағалайды. Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз жасаушылармен, «Жай­лы мектеп» жобасын іске асырушылар­мен арнайы кездесіп, сапа мәселесінде шикі­лік шықпау керектігі жөнінде қадап айтқан еді.

Осы орайда Шымкент қаласы әкім­ді­гі аппаратының басшысы Ержан Сейте­нов­тің қатысуымен бірнеше жиын өтіп, «Жайлы мектеп» жобасының мердігер ком­паниялары мен жиһаз өндірушілері онда бас қосып, түйткілді мәселелерді тал­қы­лады. Өз кезегінде Шымкент қалалық білім басқармасының өкілдері мектеп жиһаз­дарына қойылатын талаптарды, олар­дың стандарттан ауытқымауы туралы жиһаз өндірушілерге алдын ала хабар­дар еткен.

«Шымкент қаласының әкімі ұлттық жобаны жүзеге асыруға қатысты тиісті тапсырма берді. Мектеп салушы мердігер ком­паниялар мен жиһаз цехтары арасында келісімшарт жасалды. Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салына­тын мектептерді жабдықтауда қойы­ла­тын талап – білім ошақтарын жаңа оқу жы­лына дейін қажетті оқу жиһаз-жаб­дық­тар­мен дер кезінде қатамасыз ету. Мектеп каби­нетін тиісті стандарт пен нормаға сай жиһаздармен қамтамасыз ету бойын­ша білім басқармасы сол кездегі Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығына сүйеніп, осы ережені негізге алады. Мәселен, осы бұйрықтағы талаптың бір пунктін алсақ, оқу жиһаздары негізінен ашық түсті болуы керек. Сондықтан басқарма министрліктің жиһаз­ға қатысты қағида-ережелерін «Самұрық-Қазына» АҚ-ға, құрылыс компанияла­рына арнайы хатпен жолдаған», деді қалалық білім басқармасы бөлімінің басшысы Тұрар Саутов.

Осылайша, ұлттық жоба отандық кәсіп­керлер үшін, оның ішінде тауар өндіру­ші­лерге жақсы мүмкіндік тудырып отыр. Қол­да бар соңғы мәліметке сүйенсек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шым­кентте салынып жатқан 12 мектеп құры­лысының бас мердігерлері жергілікті 5 жиһаз компаниясымен келісімшартқа отырған. Өз кезегінде жиһаз өндірушілер алған бұл тапсырыстың біразын тағы да жергілікті 4 жиһаз өндірушіге бөліп берген.

 

ШЫМКЕНТ