• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Тамыз, 2024

Қайырымдылық акциясы басталды

91 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңірінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Оқу-ағарту министр­лігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төр­аға­сы Насымжан Оспанова Орталық коммуникациялары қыз­метінде өткен брифингте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қажетті көмек алу туралы толығырақ айтып берді.

Аталған акция оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған отбасы­лардың балаларына демеу­шілік көмек көрсетуге бағыт­талған. 15 жыл уақыт аралы­ғын­да «Мектепке жол» акциясы мыңдаған балаға жаңа оқу жы­лын қуанышпен бастауға кө­мек­тесті. Осындай игілікті іс-шара­ға еріктілер, кәсіпкерлер, меце­наттар, үкіметтік емес ұйым­дар және барлық жанашыр азаматтар қатыса алады. Кейінгі үш жылда материалдық көмек кө­лемі барлық өңірде 2,5 есеге артты. Нақтырақ айтсақ, 17 мың­нан, 43,4 мың теңгеге өсіп отыр. Бұл мемле­кеттік қол­дау­дың арт­­­­­­қанын және әл­еу­мет­тік осал топтардағы балалар үшін жағ­дай­дың жақсарғанын көр­се­теді.

Бала­лардың құқықтарын қор­ғау комитетінің төрағасы Насым­жан Оспанованың айтуынша, биыл 500 мыңнан астам баланың ата-анасы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында мектепке дайындалу үшін материалдық көмек алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отба­сы­лардың балалары бар. Материал­дық көмек киім-кешек, оның ішін­де мектеп формасы, аяқкиім, оқу құралдарын сатып алу үшін бөлінеді.

 «Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірінде «Мектепке жол» республикалық қайы­рым­дылық акциясы өткі­зі­леді. «Жалпыға бiрдей білім беру» қоры халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қолдау көрсетіп, оқуға қажетті қаражат бөледі. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдай салдарынан жәрдем талап ететін отбасы­лардан шыққан балалар қар­жылай көмек алады. Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету тетігін жақсарту бойын­ша түрлі шара қа­былдады. Мәсе­лен, мектеп форма­сы мен кеңсе тауарларын сатып алуға арнал­ған материалдық көмек ата-аналардың есепшотына жібе­рі­леді. Осылайша, әрбір ата-ана балаларына барынша сапалы тауар алуға тырысады. «Жал­пыға міндетті білім беру» қоры­ның аясында әрбір білім алу­шыға берілетін материалдық кө­мектің ең төменгі мөлшері − 43 407 теңгені құрайды. Осыған орай барлық жүрегі кең азамат­ты, оның ішінде еріктілерді, кәсіп­керлерді, үкіметтік емес ұйым­­дарды және басқа да мүд­делі қа­тысушыларды біздің қайы­­рымдылық бастамамыз­ға қа­ты­суға шақырамыз», деді Н.Оспанова.

Бүгінгі таңда «Жалпыға бір­дей білім беру» қоры аясында ата-аналардың есепшоттарына 77 806 баланы қамти отырып, мектеп керек-жарақтары мен қажетті тауарларды сатып алу үшін 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған. Аталған көмек алушылардың жалпы санының 15%-ын құрайды. Қазір өңірлер мектеп құралдарын сатып алу үшін ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің есепшоттарына қаражат аудара бас­тады. Қаражат алған ата-ана­лар қажетті тауарды сатып алға­нын растайтын құжаттарды ұсы­нуға тиіс. Материалдық көмек алу үшін әрбір ата-ана мектеп дирек­то­рының атына өтініш жазады.

Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп тауар­­лары­ның қолжетімділігін қам­та­масыз ету мақсатында әкім­діктер мен «Ата­мекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер пала­­тасы жәр­меңкелер, оның ішін­­де көшпелі жәр­меңкелер мен мектеп керек-жарақ­тарын сата­­тын автолавкалар ұйым­дас­ты­­ра­­ды. Осы тұста бағаның негіз­сіз өсуін болдырмау – маңызды шарт.

Айта кетейік, акция барысында «жедел желілердің», «сенім телефондарының», қоғам­дық қабылдау бөлме­ле­рінің үздіксіз жұмысы ұйым­дас­тырылады. Сондай-ақ көмекке мұқтаж немесе қолдау көрсетуге дайын жандар Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 74-25-28 сенім телефонына немесе «Bala qorǵaý» Telegram чатына жүгіне алады.