Атырау облысында болған төтенше жағдайлар салдарынан көз жұмған 6 баланың өліміне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Облыстық прокуратура кінәлілер заң аясында қатаң жазаланатынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
4 шілде күні Атыраудағы Жеңіс саябағында мығым бекітілмеген бюст қыз баланың үстіне құлап, салдарынан қайтыс болды.
Бір аптадан кейін, 10 шілдеде балабақшада бала септикке құлап, төрт күннен кейін көз жұмды.
14 шілдеде қалалық орталық бассейнде қыз бала суға батып кеткен, ал 26 шілдеде субұрқақта (фонтан) тағы бір қыз бала сорғының (насос) салдарынан қайтыс болған.
27 шілдеде Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жасөспірім мотоциклмен түйеге соқтығысып, алған жарақаттарынан қайтыс болды.
28 шілде күні Атыраудағы көпқабатты үйлердің бірінен 15 жасар оқушы терезеден секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған.
«Әрбір іс біздің ерекше бақылауымызда. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаларға себеп болған тұлғаларды анықтау және оларды жауапқа тарту мақсатында шаралар жүргізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, мұндай фактілерді болдырмауға және алдағы уақытта қайталанбау үшін барлық жағдайлар жасалады», деді Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Қазіргі уақытта облыс көлемінде «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайға тап болған 50-ден астам отбасыға барып, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілерін анықтады. Осы іске қатысты ата-аналар жауапкершілікке тартылып жатыр.