Қазір жасанды интеллектіге жастардың қызығушылығы әжептәуір артып келеді. Оның бір дәлелі – «Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты» тағылымдамасына түскен 500 өтінім.
Жыл сайын Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) машинамен оқыту және деректер алгоритмдері, жасанды интеллект саласында тағылымдама өткізеді. Онда білім мен практикалық дағдыларды кеңінен тарату мақсатында университет студенттері мен жоғары сынып оқушыларын қабылдайды. Екі айлық тағылымдама барысында студенттер зерттеу орталығы деректер талдаушыларының менторлығы, нақты кейстер, ерекше жобалармен жұмыс істейді. Биыл «Summer Research Program» рекорд орнатты. 500-ден аса өтінім түсті: оның 186-сы жоғары оқу орны студенттерінен болса, ал 300-ден астамы мектеп оқушыларынан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Студенттердің арасынан теориялық және практикалық дағдылары мықты 23 студент таңдалды. Олар – отандық және шетелдік студенттер.
«ISSAI» деректер талдаушысы Ақнұр Қарабай атап өткендей, іріктеу барысында табиғи тілді өңдеу (NLP) және компьютерлік көру (CV) жобаларында жұмыс тәжірибесі, ағылшын тілін жетік білу және жоғары академиялық үлгерім де ескеріліпті. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақжан Өскелен жасанды интеллект саласына тереңірек үңілу үшін өтінім берген.
– Жаз бойы жасанды интеллект жобаларымен жұмыс істеу мүмкіндігі маған өте үлкен мүмкіндік болып көрінді. Бағдарлама барысында мен веб-скреппинг дағдыларымды айтарлықтай жақсарттым әрі жасанды интеллект туралы түсінігімді тереңдеттім. Деректерді жинау кезінде кейбір сайттарда күшті қорғаныс пен күрделі құрылым болғандықтан қиындықтар туды, бірақ біздің менторымыз Батыр Арыстанбеков олардың шешімін табуға көмектесті, – деді Ақжан.
«New Uzbekistan» университетінің студенті Камронбек Мамарозигов бір жыл бойы деректер талдаушысы болып жұмыс істегеннен кейін, ЖИ мен Big Data бойынша онлайн курстарды аяқтағаннан кейін осы мамандықты таңдауға нық шешім қабылдаған. Бағдарламада Камронбек BeautifulSoup арқылы деректер жинау бойынша құнды тәжірибе алып, модельдерді дәл баптауды үйренді.
– ЖИ бойынша онлайн курстардан кейін мен алған білімімді практикада қолдану қажеттігін түсіндім. Бағдарлама жазғы демалысты тиімді өткізуге, кәсіпқойлармен араласуға мүмкіндік берді. Әртүрлі веб-сайттың көптігі құнды деректерді жинауды қиындатты. Белгілі бір сайттарға қалай кіру керегін түсіну үшін бірнеше апта қажет болды. Алдын ала дайындалған модельді дәл баптау қарқынды жұмысты қажет ететін қиын міндет болды. Дегенмен мен кеңінен қолжетімді ЖИ технологияларын жақсырақ пайдалануды үйрендім, – дейді ол.
«ISSAI» мектеп оқушыларын да тағылымдамадан өткізді. Биыл 315 өтінімнің ішінен 25 үміткер таңдалды. Әртүрлі өңірден келген оқушылар робот-тенсегрити, виртуалды және қосымша шындық салаларындағы жобалармен жұмыс істеп, роботтарды жобалау, бағдарламалау, 3D-принтерлерді қолдану дағдыларын үйренді.
Осылайша, «ISSAI» жазғы ғылыми тағылымдамасы студенттер мен мектеп оқушыларына жасанды интеллект саласында табысты мансапқа қажетті практикалық тәжірибе мен білім беріп, цифрлық әлемнің есігін ашты. Менторлар студенттердің жоғары дайындық деңгейінің, үміткерлердің біліктілігінің жылдан-жылға өсіп жатқанын айтты. Тіпті «SRP» бағдарламасын сәтті аяқтаған студенттерге ғылыми ассистент ретінде жұмыс ұсынылмақ.