«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Астанадағы су қоймасын қоқыс пен қалдықтардан тазартуға бағытталған сенбілік ұйымдастырылды.
Экологиялық акция Байқоңыр ауданында, Қоянды су қоймасының аумағында өтті. Бұған 100-ден аса адам қатысты.
– «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы Байқоңыр ауданында белсенді жүргізіліп жатыр. Акцияға ПІБ әкімшілік ғимараттар дирекциясының қызметкерлері, еңбек ұжымдары, жастар және аудан тұрғындары қатысты», деді Байқоңыр ауданы әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің бас маманы Айбек Ашуов.
Аталған іс-шара қоқысты жинаумен ғана шектелмей, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, оң әдеттерге дағдылануға септігін тигізеді. Осы акция барысында аудан аумағынан 5 тонна қоқыс шығарылды. Тазалауға 5 түрлі арнайы техника жұмылдырылды.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында біз Қоянды су қоймасының аумағында сенбілік өткіздік. Іс-шара аталған нысанның маңайын тазартуға, абаттандыруға ықпал етіп, айналасы әжептәуір жарқырап қалды. Таза және ұқыпты аумақтар – санитарлық жағдайдың көрсеткіші. Бұл тұрғындардың денсаулығына да оң әсер етеді, – деді су нысандары және қалдықтар бөлімінің маманы Әсел Сапбаева.
Ауқымды экоакция аясында қаланы ұдайы ұқыпты ұстау, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық орындар мен аулаларды тазалау жұмыстары жалғаса береді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату шаруалары да тоқтамайды.