«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Абай ауданының орталығы Қарауыл аулындағы Абай саябағында сенбілік өтті. Аудан орталығында ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік қызметкерлерден бастап, мәдениет және өнер мекемелерінің мамандары, ауылдың белсенді жастарынан құралған 150-ден аса ауыл тұрғыны қамтылды.
Саябақ аумағын тазартушылар алдымен тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды тазартып, ағаш бұтақтарын жинап, жабайы шөптерді жұлып, көгалдандыру жұмыстарын ретке келтірді. Арнайы шөп шабатын құрылғылармен шөптер оталып, қапқа салынған қоқыс қалдықтары көлік техникаларымен қоқыс полигонына жеткізіліп төгілді.
«Республикалық тазалық акциясы аудан көлемінде сенбіліктермен қатар инфрақұрылымдық шаралар қарқын алып жатыр. Оның ішінде ауылдық округтерде көшені жарықтандыру мақсатында шамдар орнатылып, балаларға арналған ойын алаңдары бой көтерді. Аудан орталығы Қарауылда бағдаршамдар ауыстырылып, 50 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол белгілері жөнделіп, білім ордаларының маңына арнайы тақтайшаларын орнату жұмыстары ойдағыдай атқарылып жатыр», дейді аталған іс-шараға бастамашы болған Абай ауданы мәслихатының төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы.
Аудан орталығы мен ауылдарын қамтыған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына аудан тұрғындары да дән риза. Осындай игі бастамалар мен ұйымдасқан жұмыстар нәтижесінде туған мекендері түлеп, күн сайын көркейіп жатқаны жұртшылықты қуантатынын аңғардық.
«Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан экологиялық акция аясында Ұлылар елі Абай елінде жүйелі жұмыстар қолға алынды. Өздеріңізге белгілі, Абай елінің тарихымен танысып, ауасымен тыныстап, Абай, Шәкәрім, Мұхтар даналар жүріп өткен сара жолын тануға келетін туристер қатары жыл санап көбейіп келеді. Ауданды абаттандыру, көркейту, көгалдандыру мақсатында түрлі акция, сенбілік өтіп жатыр. Мұндай іс-шараға еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін өз үлесін қосып отырғаны – үлкен қуаныш. Жаңа Қазақстан құру жолындағы жақсы істеріміз жалғасып, қарыштап алға баса берейік!» деді Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мұқажан.
Жастарға өнеге үстеп, тұрғындарды береке-бірлікке үндейтін іс-шарадан жастар жағы да қалыс қалмай барын салып келеді. Бірлігі жарасқан белсенді жастар өз қатарластары арасында қандай сыйлы болса, үлкендер алдында да әрдайым жақсы істерімен танылып жүр.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары ауданның тазалық акциясына белсене қатысып, көркейту жұмыстарына атсалысып отыр. Бүгінде аудандағы көлемі үлкен орталық саябақты ажарландыру мақсатында тазалық жұмыстарына қатыстық. «Ауыл көркі – ел көркі» дегендей, ауданымыз көркейе берсін», дейді «Жасыл ел» сарбазы Серікқызы Еркежан.
Абай облысы