Астана қаласында шахматтан рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты түндігін түрді. Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда командалық әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен KazChess Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыратын әлемдік додаға дүниежүзілік рейтингтің көшін бастаған үздіктер де қатысады.
Магнус Карлсен, Хоу Ифань, әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь мен Дин Лижэнь де елорда төрінде өтетін командалық додада бағын сынайды.
Чемпионаттың ашылу салтанатымен қатар тағы бір маңызды іс-шара өтті. Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) 100 жылдығына арналған 45-Шахмат олимпиадасының (Будапешт, 10-23 қыркүйек) салтанатты алауын алып жүру эстафетасы өтті. Қазақстанға шахмат алауы Францияның Париж қаласынан жеткізілді. Салтанатты іс-шараны Премьер-министр Олжас Бектенов ашып, ФИДЕ президенті Аркадий Дворковичтің қолынан Олимпиада алауын қабылдады. Үкімет басшысы командалық чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шахмат – төрткүл дүниені мойындатқан интеллектуалды спорт түрі. Ғасырдан аса тарихы бар Халықаралық шахмат федерациясы бүгінде әлемнің 200-ден аса елін шаршы тақта бетінде тоғыстырған беделді әрі танымал ұйымға айналды. Елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Президенті еліміздегі шахматты қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Олимпиада алауының Астана қаласында жағылуы – отандастарымыз үшін зор мақтаныш. Осындай жоғары деңгейлі іс-шара өткізу Қазақстандағы шахмат спортының одан әрі дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», деді О.Бектенов.
Эстафетаның алау ұстаушылары қатарында KazChess президенті Тимур Турлов, шахматтан әлем чемпионы (20 жасқа дейінгілер арасында) Қазыбек Нөгербек, блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, классикалық шахматтан қазіргі әлем чемпионы Дин Лижэнь, Азия шахмат федерациясының вице-президенті және KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, ұшқыш-ғарышкер, «Халық қаһарманы» Талғат Мұсабаев сынды азаматтар бар. Амфитеатр сахнасында Шахмат олимпиадасының алауын жағу құрметі бірнеше дүркін әлем чемпионы қытайлық шахматшы Хоу Ифаньге бұйырды.
Чемпионаттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың бай шахмат дәстүрі бар екенін және оның өз чемпиондарын ерекше мақтан тұтатынын жеткізді.
«Бұған дейін өткен турнирлер, атап айтқанда, әлем чемпионы атағын алу матчы, әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі, рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты Астана халқының шахматты жақсы көретінін, ойынның әдемілігін бағалай білетінін көрсетті. Астананың жинаған тәжірибесі, жағдайы мен инфрақұрылымы кез келген ауқымдағы шахмат чемпионаттарын өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта елордамыз Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы мен басқа да беделді жарыс өтетін орынға айналады деп сенемін», деді Астана әкімі.
«Бүгін біз рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатын ашып отырмыз. ФИДЕ үшін бұл жаңа формат қазірдің өзінде көптеген көрермен мен шахматшылардың өздеріне де ұнап қалды. Чемпион атағын алуға үміткерлер ретінде бақ сынасу үшін Астанаға әлемнің ең мықты гроссмейстерлері, соның ішінде әлемдік рейтингтегі бірінші тұрған әлем чемпиондары келді. Бұл күндері біз көптеген қызықты ойын мен тартысты кездесудің куәсі болатынымызға сенімдімін! Біз елдің басшылығына, Қазақстан шахмат федерациясына елде ғана емес, әлемде шахматты дамытуға зор үлес қосып жатқаны үшін алғыс айтамыз», деді ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович.
«Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы алауының Қазақстан жерінде жағылуы – еліміздің әлемдік шахмат орталықтарының бірі екенінің айғағы. Әлемнің үздік шахматшылары – Магнус Карлсен мен Хоу Ифань қатысатын рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты тартысы өтетіні сөзсіз. Бұл – шахмат әлемі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін айтулы оқиға. Өйткені жарысқа еліміздің көптеген командасы мен спортшысы, соның ішінде әуесқойлар да қатысады», деді KazChess президенті Тимур Турлов.
Шахмат додасы елорданың Конгресс-орталығында өтеді. 5 тамызға дейін жалғасатын әлемдік доданың жүлде қоры – 350 мың еуро. Әр санат бойынша үздік атанған үш команданың мүшелері кубок, ақшалай сыйақы және алтын, күміс қола медальдарға ие болады. Әлем чемпионатына қатысатын 39 команда құрамына енген әлемнің 315 үздік шахматшысы ой додасына түседі.