Біз 70-жылдардың басында мектеп табалдырығын аттағанда, бұған дейінгі қырдағы ескі мектеп кеңшар бөлімшесінің ауылшаруашылық техникасы ауласына айналған екен. Оның алдында 30-40-жылдардағы шағындау мектеп үйі қоймаға беріліпті. Бұл шақта ауылдағы тұңғыш мектеп – атамның қоржын тамының орны да қалмаған еді. Себебі аяулы мекенімізге түп-түзу үш көше түсіп, жаңа заман үйлері қаз-қатар тізілген-ді.
Иә, ауылдағы үш мектеп те жұртшылық күшімен кәдімгі қолдан құйылған кірпіштен тұрғызылған. Дейтұрғанмен байырғы мұғалімдердің алды соғыста Еуропа көргендіктен, мектептің артында қаз-қатар ағаш егіліп, маңайы ойын алаңына ыңғайлы-тын. Біз сол араға барып ойнайтынбыз. Темір-терсек қарауылы бізді қуып, әуре болып жататын.
50-жылдары кәстөмінің жеңі мен шалбарының балағы бүрілген шибарқыт форма киіп, мектепке барған ағамыздан ылғи «Қырдағы мектеп қалай еді?» деп сұрайтынбыз. Ол: «Мұғалімдер қатал болса да, мектеп жайлы еді...» дейтін.
Естеліктің аты – естелік, енді дерек үшін кітап ашамыз. 1947 жылы 16 қарашада Мәскеу («ЦК ВКП(б)») Қазақстанда орта және жоғары білімді дамыту туралы қаулы қабылдайды. Онда ауылдық жерде – жетіжылдық, қалалы жерде онжылдық міндетті білім алу айқындалады. 1948 жылы мектепте оқымаған балалардың саны 200 мың болса, арада 10 жыл өткенде бұл сан 16 мыңға дейін азайған. 1959 жылы Қазақстанның Жоғарғы кеңесі білім мен өмір байланысын арттыратын заң қабылдайды. Сөйтіп, 1962 жылдан ауыл міндетті сегізжылдық оқуға көшеді. Ал еңбек политехникалық мектептерде 11 жыл оқу белгіленеді. Дәл осы уақытта мұғалім беделі артады. Соғыстан кейінгі 20 жылда жоғары білім алушылар саны 11 есе өседі. Атышулы тың игеру кезінде ауылшаруашылық-техникалық білім аясы кеңейтіледі. КСРО орта білім алуға 70-жылдары ғана көше бастайды. Ал оның жаппай міндеттілігі 80-жылдары игеріледі.
Енді цифрларды сөйлетейік. Қазақстанда 1966 жылы 10728 мектепте 2,8 млн бала оқыса, 1976 жылы 9604 мектепте 3,3 млн оқушы білім алыпты. 1979 жылы 8910 мектепте 3,2 млн ұл-қыз сабақ оқыпты. Бұл деректен мына ахуал мәлім болады. Біріншіден, ауылдар іріленгендіктен, қырдағы біраз мектеп жабылып, басқасына қосылған. Екіншіден, ұлт демографиясында да қилы өзгеріс байқалған.
Осы тұста «қырдағы мектепті» қысқартқан тағы бір факторды ұмытпалық. Ол – Қазақстанда 1946-1960 жылдары кезең-кезеңімен енгізілген интернат жүйесі. Абай тұсындағы там-тұм «интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» бұл шақта елеулі үрдіске айналған еді.
Қырдағы мектеп түлектерінің жадын бір жаңғыртып қояйық: республикамызда 50-жылдары 1 университет, 24 институт болса, 80-жылдары 2 университет, 53 институт жұмыс істеді. Осыларды 250 мыңдай азамат бітірді деген де мәлімет бар.
Ең бастысы, қырдағы мектепте оқыған мына балалар және олардың ұрпағы тәуелсіз елімізді, бүгінгі әділетті Қазақстанды қалыптастырып, дамытуға аянбай атсалысып келеді.
Айтуған Досби