Маңғыстау облысының тұрғыны 56 жастағы Үсенғали Молдағалиев Астанада өткен кёкушинкай-каратэден алғашқы Азия біріншілігінде бақ сынап, чемпион атанды.
75 кило салмақта өнер көрсеткен спортшы жекпе-жектің бұл түрімен 32 жылдан бері айналысып келеді. Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша өз жасы мен салмағына байланысты өнер көрсеткен 15 отандасымыз чемпион болды. Тағы 36 спортшы күміс пен қола алды. Еске сала кетейік, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында кёкушинкай-каратэден балалар мен жасөспірімдер арасындағы 4-әлем чемпионаты өткен еді.
Илонның екінші чипі
«Neuralink» өзінің ми чипін екінші адамға сәтті имплантациялады. Бұл туралы компания иесі Илон Маск айтты.
Қазір «Neuralink» жұлын жарақаттары бар адамдарға көмектесуге арналған құрылғысын сынап жатқанын білеміз. Бірінші чип орнатылған Арбо құрылғының көмегімен бейнеойындар ойнауға, интернетті шолуға, ноутбукта курсорды жылжытуға шамасы жеткен-тұғын. Ал екінші науқас туралы мәлімет аз. Маск бұл адамның жұлын жарақаты бар екенін, үдерістің сәтті өткенін ғана айтты. «Neuralink» биыл тағы сегіз адамға клиникалық имплант салмақшы.
Тік көгал
Ұлыбритания ғалымдары «Тік көгал» жобасын бастады.
Ұлыбританияда әрбір алтыншы өсімдік жойылып кету қаупінде тұр. Сол себепті де жергілікті экологтер «Тік көгал» атты тың жобаны қолға алған. Ол өсімдіктерді ғана емес, жануарларды да сақтап қалуға көмектеседі. Экологиялық жағынан тиімді көгал көміртекті көбірек сіңіріп, ауаны тазартады. Ыстықты басады. Қаланың көркін ашады. Әрі орынды аз алады. Бұл туралы «Бұрындары жарнама тақталарының астында бос кеңістік қалып қоятын. Қазір оны жасыл қабырғалармен толтырдық. Демек енді өсімдіктерді егетін орын іздеп әлек болмаймыз», дейді жоба авторы Алистер Лоу.