Жаңа оқу жылында барлығы 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн оқушы үшін сабақ басталады, оның ішінде 360 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша бүгінгі таңда мектептердің 90% оқулықпен қамтылған. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қолдау шаралары да жалғасып жатыр.
«Балаларды оқу құралдарымен және қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында 22,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол 510 мың баланы мектепке дайындықпен қамтуға жұмсалады», деді Ғ.Бейсембаев.
Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады. Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар.