• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сауда 07 Тамыз, 2024

Сәтті сауда қатынасын орнату – маңызды міндет

75 рет
көрсетілді

Өзбекстан алдағы уақытта жеміс-жидек, көкөніс және азық-түлік өнімдерінің экспортын 3,5 млрд долларға дейін арттыруға ниетті. Былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 4,1 пайызды құрап, өнім экспортын 2 млрд долларға жеткізген еді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында да ауыл шаруашылығы бағытындағы тауар айналымы сәтті жолға қойылған.

Еліміз Өзбекстанмен сәтті сауда тізбегін орнатуға ниетті. Қазір тараптар арасында ет өнімдерін өндіретін, өңдейтін, көкөністер мен жеміс-жидектерді қаптайтын, майлы дақылдар, бидай, картоп өсіретін бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұны осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының өзі арнайы айтып өткен еді.

Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық аясын жыл сайын кеңейтіп келеді. Биыл жыл басында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қар­саңында екі мемлекеттің Үкі­мет басшылары кездесіп, келіс­сөз жүргізді. Жиында айтыл­ған­дай, өзбек инвесторлары қазақ жерінде жеміс-жидекті өңдеу зауыттарын салғысы келеді. Ал біздің кәсіпкерлер Өзбекстанда бидай өң­деу кәсіпорнын салып, ұн экс­портын еселеуді жоспарлап отыр. Тараптар сондай-ақ цифр­лық трансформация, су шаруашылығы саласындағы кең ауқымды мәселелерді талқылаған еді.

Жақында ғана еліміздің Өзбек­стандағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Бейбіт Атамқұлов пен Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов кездесті. Кездесу бауырлас екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі жай-күйі мен даму келешегін талқылауға негіз­дел­ген. Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы дақылдарын бірлесіп өсіру жобаларын жүзеге асыру, астық өңдеу кластерін құру мәселелері кеңінен сөз болды.

Айта кету керек, елімізден көрші елге бидай, ет, ұн, өсімдік майы, картоп, арпа экспортталса, Өзбекстаннан жеміс-жидек пен көкөніс, сарымсақ, пияз импортталады. 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Өзбекстанға 130,5 мың тонна арпа экспорттаған. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 7 пайызға жоғары. Еліміз бұл әлеуетті одан әрі арттыруға мүдделі. Атап өту керек, Қазақстаннан арпа сатып алу бойынша Өзбекстан топ-импорттаушылар қатарына (тек Қытайға жол береді) кіреді.

Былтыр сауда көлемі 4,4 млрд долларды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының еншісіне 1,7 млрд доллар тиген.

Екі мемлекет арасындағы сала кәсіпкерлерінің де байланысын айта кету маңызды. Өткен аптада Астанада екі ел Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының ауыл шаруашылығы басқармалары мен салалық қауымдастықтар басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өтті. Ондағы мақсат – ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен коопе­рациялық жобаларда ауыл шаруа­шылығы дақылдарын бір­лесіп өсіру және теріні қай­та өңдеу бағыты бойын­ша іске асыру мүмкіндігін талқы­лау. Кездесуде қос тарап өздері­нің бизнес ұсыныстары мен бас­тамаларын мәлімдеп, ынты­мақ­тастық тетіктері мен шарттарын талқылады. Жиын қорытын­дысында кәсіпкерлер арасындағы кездесу B2B форма­тындағы келіссөздермен жалға­сып, өзбек кәсіпкерлерінің біздің елдегі шаруашылықтарға барып танысуы туралы уағдаластыққа келісті.

Кейінгі жылдары Өзбекстан­ның ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы жұмыстарында ерекше серпін байқалады. Көрші мемлекет бірінші кезекте жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдары, жүзім және дәнді бұршақ дақылдарының өндірісін ұлғайтуды көздеп отыр. Өзбекстан өткен жылы түрлі халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарын қатыстыра отырып, ауыл шаруашылығы саласына жалпы құны 20 млн долларға тең грант берді. Кейінгі жылдары әлемнің 80 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға 620 фито­санитарлық рұқсат алынып, олармен электрондық форматта дерек алмасу ісін жолға қойды. Экс­порт аясын кеңейту мақсатында тағы 8 елдің фитосанитарлық рұқ­сатын алу жоспарланған. Фер­ғана, Самарқанд және Ташкент халық­­аралық әуежайы аумағын­да экспортқа шығатын жеміс-жидек пен көкөністі уақытша сақтай­тын заманауи нысандар да бой көтермек.