Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің елімізге мемлекеттік сапары аясында елорда төріндегі Chaplin кинотеатрында өзбек киносының күндері басталды. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өзбек кинематографтарының екі фильмі тегін ұсынылды.
Алғашқы күні режиссер М.Эркиновтің былтыр түсірілген «Абдулла Орипов: Тәуелсіздік әншісі» киносы үлкен экранға шықты. Кинокартинада Өзбекстан мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақыны Абдулла Ориповтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалады. Көрермен ақынның балалық және жастық шағына саяхаттап, оның өзбек әдебиеті мен мәдениетіне қосқан елеулі үлесінен хабардар бола алады.
Ал екінші күні отбасылық құндылық тақырыбындағы «Яша, хотин!» комедиясы ұсынылады. Сюжет желісі зейнетке шыққан жалғызбасты ұмытшақ кейіпкердің айналасында өрбиді. Фильм ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара сүйіспеншілік пен қамқорлықтың, ыстық ықыластың маңызын баяндайды. Яғни қазіргі жұмысбасты қоғамдағы көптеген шаңыраққа жетіспейтін уақыттың қадірін ұғындырады. Тәрбиелік мәнге ие кинокартина отбасы институтының бағдарын көздеп, жеңіл әзілмен жеткізеді.
Кез келген ұлттың киносы өз халқының әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, табиғат-болмысынан тамыр тартатыны сөзсіз. Қазақ көрерменіне ұсынылған өзбек фильмдерінде де туған топырақпен нәзік бір байланыс сезіледі. Ғибратқа толы дәстүріне, мың қырлы мәдениетіне кезекті рет куә болып қайттық.