• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Тамыз, 2024

Қазақстан – Өзбекстан: Алыс-беріс артады

93 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумы ашылды. Аталған іс-шара барысында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин екі ел өзара сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орынға тұрақта­ған Өзбекстан Қазақстанның ірі сау­да серіктесінің бірі екенін көрсет­ті. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айна­лымының 57%-дан астамы Өз­бекстанға тиесілі. Кейінгі 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы 5 млрд доллар көлеміне жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет. Осылайша, мемлекеттеріміздің басшылары қойған мақсат – ортамерзімді кезеңде 10 млрд долларға қол жет­кізуге талпынуымыз керек», деді С.Жұманғарин.

Өзбекстан Премьер-министрі­нің орынбасары Жамшид Ходжаев мұндай іс-шаралар екіжақты ын­тымақтастықты нығайтуға қуатты серпін беретінін атап өтті. Ол Қазақстан Өзбекстанның негізгі эко­номикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Әлемдік қауымдастық біздің өңірлерге біртұтас нарық призмасы арқылы қарайды. Сіздерді ірі жаһандық брендтерді тиімді тарту үшін күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын», деді ол.

Екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация белсенді түрде дамып келеді. Бұл 3,1 млрд доллар сомасына 69 жоба, 14,7 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейді. Қазірдің өзінде 217 млн доллар сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұған тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі кіреді. Белсенді фазада 178 млн доллардан аса сомаға үш инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласында инфузиялық ерітінділерді өндіру бар.

Өзбекстан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі жет­кізушісі саналады. Әлеуметтік маңызы бар агроөнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстаннан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау кезінде «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіп­орнына қозғалыс басымдығын беру мүмкіндігі қарастырылады.

«Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумына екі елдің ұлттық компанияларының, іскер топтары мен мемлекеттік органдары­ның 450-ден аса өкілі қатысып жатыр.