Абай – дана, Абай – хакім. Ұлы ақынның есімі ұлттық деңгейде ұлықталып, түркі дүниесінде жоғары беделге ие.
Ташкент қаласында «Халықтар достығы күнін» атап өту аясында Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Іс-шараны шетелдермен ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті мен жергілікті Қазақ мәдени орталығы ұйымдастырған. Бұл мереке көрші мемлекетте кең көлемде атап өтіліп келеді. Биыл Ташкентте 30 шілде мен 4 тамыз аралығында халықтар достығын нығайтатын бұқаралық іс-шаралар мен ғылыми конференция өткізілді. Тағылымды іс-шараның аясында қазақтың ойшыл ақынының есімі ұлықталды.
– Абайды барлығымыз оқығанбыз. Оның әдебиетке қосқан еңбегін жақсы білеміз. Халықтар достығы туралы көп жазғаны белгілі. Қазақ, өзбек халқының барыс-келісі жайында да көп айтқан. Барлығымыз ынтымақта, бірлікте болайық, – дейді Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының өкілі Сапарқұл Жамалов.
Салтанатты рәсімге Ұлтаралық және достық қатынастар комитетінің төрағасы Рустамбек Құрбанов пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов қатысты. Екі ел азаматтары қос халықтың туыстық һәм достық байланыстарына тың серпін беретін бастамалар туралы әңгімеледі. Дерекке сүйенсек, Өзбекстанда 130-дан астам этнос өкілі өмір сүреді. Соның ішінде қандастарымыздың қарасы едәуір қалың.