• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 08 Тамыз, 2024

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері бірқатар нысанның ашылу салтанатына қатысты

93 рет
көрсетілді

Ақордада бейнебайланыс режимінде Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, сондай-ақ «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өтті, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттер басшыларына жаңа филиалдардың қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Өзбекстанның Білім министрі Конгратбай Шарипов екі елдің ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығы жөнінде баяндама жасады.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев университеттер филиалдарын ашуға рұқсат берді.

Екі ел президенттері Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысты.Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев пен Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Макхамов екі елдің көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүргізілген бірлескен жұмыстар туралы баяндады.Биылғы сәуір айында Хиуа қаласында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында жүк тасымалын ұйымдастыру және Транс-Ауған бағытын дамыту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Соның шеңберінде жүктерді жеткізу мерзімі қысқарды. Контейнерлі пойыз 4486 шақырым жолды 5 тәуліктің ішінде жүріп өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жүк пойызы Сиань қаласындағы порттан Қазақстан аумағы арқылы Ташкентке жөнелтілді.

Еліміздің Қытайдағы терминалдарының мүмкіндіктерін пайдалану және Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктерінің шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бойынша нәтижелі ынтымақтастығы тасымалдау мерзімін қысқартуға ықпал етті. Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі 31 миллион тоннадан асып, 2022 жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға ұлғайды.