• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Бюджет 09 Тамыз, 2024

Бюджеттің кіріс бөлігін көбейтудің амалы қайсы?

85 рет
көрсетілді

Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша кірістің айтарлықтай тапшылығы байқалды. Қаржы министрлігі 2024 жылдың бірінші жартысына арналған есебінде бюджет кірісінің 81 пайызға орындалғаны айтылған. Жоспардағы 6,9 трлн теңгенің орнына 5,6 трлн жиналды. Бұл өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 1 трлн теңгеге аз.

Керісінше, бюджет шығы­сы жоспардың 95 пайызын орындап қойған. Мұны фор­му­лаға салсақ, кіріс – 5,6 трлн теңге, шығыс – 10,7 трлн теңге. Ұлт­тық қор транс­ферті де 87 пайыз­ға орындалыпты. Енді жар­ты­­жыл­дыққа қалғаны – 13 пайыз.

Түсінікті тілмен айтқанда, 2024 жылы алуға болатын 4 трлн теңге лимиттің 3 трлн теңгесін жұмсап қойдық.

Бұл тығырықтан Ұлттық қор арқылы шықпақ болған әрекетіміз нәтиже бермегенге ұқсайды. Алдағы 6 айда үп еткен желдің өзі Ұлттық қорға қол создыратын әрекетімізге шектеу қояйын деп тұр.

Бюджеттің алдағы жартыжыл­дықтағы кіріс-шығысы қаралып, сараланып жатыр. Кейінгі бес жылдағы тапшылығы 11 трлн тең­геден асып кеткені осыған дейін айтылды. Бюджетті тиімді басқару және оның өлшемде­рін неғұрлым дұрыс болжау, инфляцияға төзімділігін зерделеу – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет. Себебі алғаш­қы жартыжылдықта басталған тап­­шылық жыл аяғына дейін жалғасуы мүмкін.

«AERC» Экономиканы қол­данбалы зерттеулер орталығы 2024 жылы мемле­кеттік бюджет тапшылығы 6,69 трлн теңге болатынын айтып отыр.

«2024 жылға арналған мем­лекеттік бюджет шығындары 29,7 трлн теңгеге тең болады деп болжанады. Шығындар бойынша болжам сәуірдегі шолудан сақталып отыр» делінген есепте.

Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін таратып айтып, қаржы ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажеттігін тағы да ескертті.

Экономикалық сипаттағы шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі, кіріс пен шығыс арасындағы үлкен теңгерімсіздік. Сарапшы Мағ­бат Спановтың айтуынша, біздегі тапшы­лыққа инфляция да себеп болып отыр.

«Шығыстардың ұлғаюы мемлекеттік органдардың барлық бюджеттік баптарына тән: өткен жылдары жоғары инфляция­ны бастан өткергендіктен, шығынның барлығы индекстелді. Соның салдарынан бұл шығындардың лимиті өсіп жатыр. Алайда әкім­шілер бұл қара­жаттың қан­шалықты тиімді пайдаланылып, қандай мақсатқа бағытталғанын талдамайды. Жаңа бюджет жобасын талдауға көп уақыт болмады, дегенмен жинақталған деректер болжамға мүмкіндік береді. Бюджет кірісінде проблема бар. Үкімет оны Ұлттық қор арқылы толтырудан өзге шешім ұсынып отырған жоқ. Одан бөлек, Ұлттық банк пен Үкіметтің макроэкономикалық болжамында біраз айырмашылық бар. Қаржы министрлігі көп жыл бұрын ұмыт болған мәселемен – қаржы тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет бюджеттік міндеттемелерді 572 млрд теңгеге орындай алмады, ал Денсаулық сақтау министрлігі ақшаның негізгі бөлігін (405 млрд теңге) ала алмады. Әлеуметтік-экономикалық үдерістерді қолмен реттеуді, нарықтың дамуын тежейтін әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жою керек», дейді сарапшы.

Сарапшы айтып өткендей, Үкімет ендігі басы артық шығын­дардан арылып, бизнеске еркіндік беруі керек. Мемлекеттік қолдау шараларының тиім­ділігін бағалау туралы да пікір көп. Оған тек субсидия емес, жеңілдікпен несиелеу, сондай-ақ кепілдіктер де кіреді. Алайда мұндай бағалауды әлі ешкім жүргізген жоқ. Мемлекеттік қолдау алатын компаниялардан бұл қолдаудың тиімділігін, оның ішінде кіріс және жұмыспен қам­тудың өсуін көрсетуді талап ету ұсынылды. Бірақ нәтижесінің қандай екені әзірге белгісіз. Білетініміз – экономикалық дамуға мұнай дем беріп отыр. Өзге кіріс көзі келер жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Қазіргі бюджет тапшылығы – оны жоспарлағандардың қателігі. Мемлекеттің экономиканы тым қатты өбектеп кетуі оның нарық жолымен өсуіне кедергі келтірмек.

«Бизнес жан-жаққа қанат жаюға, үлкеюге қорқады. Мем­лекеттің демеу қаржысымен жұмыстарын жалғастыру оларға тиімді. Біз, керісінше тұрақсыз кәсіпорындарды ынталандырамыз. Ал олар мемлекеттік қол­даудан ажыраған кезде нарықтық экономикаға бейімделе алмай қа­лады. Кәсіпорын санын арт­ты­руға бағытталған даму бағдар­ламаларын қайта қарау қажет. Аз шығынмен және таза табыс­пен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың кірісін артты­руға, сол арқылы салық төлеуге жағдай жасау керек», дейді.

Айтуынша, көлеңкеге кетіп қалған бизнес – Үкімет үшін үлкен сын. Салық жеңілдіктері де жақсы нәтиже берді деп айта алмаймыз. Мұндай күйзеліс­термен экономикалық проблемаларды елемей қоюға болмайды.

«Ұлттық қордан шығыстарды ұлғайту контрциклдік фискалдық саясатқа қайшы. Бұл бағыт мұнай кірісіне тәуелділік мәселесін қиындатады. Ұлттық қордың трансферті экономикалық өсімге жұмыс істеп отырған жоқ. Бұл қаржы әлеуметтік төлемдер мен тұтынуға жұмсалады. Мемлекет басшысы нәтиже бермеген бұрынғы бағдарламалардың орындалуын тоқтату керектігін осыған дейін ескертті», дейді Мағбат Спанов.

Қаржыгер Расул Рысмам­бетовтің ай­туынша, Мемлекет басшысы 2021 жылы бюд­жет қаражатын пайдалану тиім­ді­­лігі туралы айтқан болатын. Биыл­ еліміз үшін сынақ жылы бол­мақ, өйткені экономикада үлкен тең­герімсіздік сақталып отыр. Экономи­ка­лық өсімді 6%-ға жет­кізу қиын болады. 4%-дық межені бағындырсақ та жаман емес.

«Аймақтардағы әкімдер экономиканы дамытып, бизнеске жағдай жасап, жұмыс орындарын көбейтіп, салық жинаудың орнына Астанадан қаржы сұрай салғанды қолай көреді. Себебі Үкімет 2023 жылы жүздеген мил­лиард теңгені құрайтын ҚҚС қайтаруды тоқтатты және кейбір компаниялардан 2024 жылға қалдырып отырған табыс салығын «алдын ала» жинап алды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында салық жинаудың төмендеп кеткеніне осы фактор да әсер етті. Басқаша айтқанда, Үкіметтің өткен жылғы салық саласындағы «ноу-хоулары» осы жылдың  бюджет кірісінің тапшылығына әкелді. Биыл жыл аяғына дейін алдын ала алып қойған қаржының орнын қалай толтырамыз деген мәселе Үкіметті мазалап отыр», дейді сарапшы.

Бюджет кірісінің тапшылығы Үкі­метке жыл соңына дейін кіріс жағ­дайын түзетуді міндет­тейді. Жалпы, қазы­намызды Ұлттық қорға қол созбай қа­лай­ толтырамыз деген мәселе ал­дағы екі-үш жылда трендтен түс­пейтінін сезіп отыр­мыз. Ұлт­тық компаниялардың, әсі­ресе «Самұрық-Қазына» қорын­дағы тен­дерлерді бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік са­тып алу заңының қолданылу аясына ауыс­тыру қажеттігін сарапшылар жиі айта­ды. Расул Рысмамбетовтің сөзінше, Үкі­меттің бұл бағыта­ғы шешімдерінде оң өз­геріс­тер бар. Үкімет банктерге салынатын корпоративті табыс са­лығын 25 пайыз­ға дейін көте­ру­ді құп көріп отыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап өндірілген уранды өндіру салығы 6 па­йыз­дан 9 пайызға дейін өседі. Ал 2026 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап уранға са­раланған мөлшерлемелер жыл­дық өн­ді­ріс көлеміне және уранның орташа алын­ған бағасы­на байланысты енгі­зі­леді. Демек бюджеттің кіріс бөлігін әр­та­рап­тандырып, шығысын азайтатын жо­балар енді қолға алына бастады деуге болады.

 

АЛМАТЫ