«Орталық» өңірлік қолбасшылығында өтіп жатқан Ұлттық ұлан тәрбиешілері жиыны қатысушылардың физикалық қабілеттерін тексеруден басталды. Офицерлер 100 метрге жүгіруден сынға түсті. Ал сабақтар 5451 әскери бөлімінде жалғасты. Тәлімгерлер дәріс өткізу барысында пікір алмасу мен диалог құруға көп көңіл бөлді.
Дәрістер әскери қызметшілерге жеке тәрбие жұмысының электронды күнделігін пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілін жан-жақты үйретеді. Сондай-ақ олар күнделікті қызмет атқару барысында кездесетін мәселелер мен қиындықтар турасында пікір алмасып, әскери қызметшілердің білім деңгейі мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекетін пысықтайды. Әр мәселенің шығу себебі қаралып, оны шешу жолдары ұсынылады. Бұдан кейін дәріс сайын әскерилер өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салады.
«Кешелі бері тәжірибелік сабақтарға қатысып жатырмыз. Оның барысында нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер мен әскери қызметшілердің тәрбиесіне қатысты заңнамалардағы жаңашылдықтар түсіндірілді. Бұдан бөлек, әртүрлі әскери бөлімдерден жиналған мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасты. Жас жауынгерлерді тәрбиелеу барысында қолданылатын жаңа әдістемелер мен тың тәсілдер де үйретілді. Мұндай оқу-тәжірибелік жұмыстары өскелең ұрпақты және әскер қатарында жүрген сарбаздарды патриоттыққа баулып жүрген тәрбиеші офицерлердің біліктілігін нығайтуға септігін тигізеді», дейді 5573 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Тимур Рахимов.
Жиын кезінде ұландық әскерилер Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының КарЛАГ музейіне экскурсия жасады. Ондағы тарихи деректермен, жәдігерлермен танысты. Одан кейін 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонына ат басын тіреді. Мұндағы рота командирлері өз тәжірибелеріндегі жауынгерлік қызметке кірісер алдында және оны орындау кезеңінде жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу барысын көрсетті. Көрнекі сабаққа қатысқан офицерлер өз пікірлерін де білдірді.
«Көрнекі сабақта қарауыл қызметіне жауынгерлерді аттандырмас бұрын ұйымдастырылатын тәрбиелік жұмыстар көрсетілді. Көргенімізді өзімізде жүргізілетін жұмыс сапасымен салыстырдық. Мұндай сабақтар арқылы біз жұмыс барысындағы кемшіліктеріміз бен артықшылықтарға көз жеткізе аламыз. Оқу-әдістемелік жиынының бізге берер бір пайдасы да осы», дейді 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бауыржан Қансейітов.
Пікір алмасу форматында ұйымдастырылған сабақтар Долинка кентінде орналасқан батальонның жауынгерлік қызметтегі үздік әскери қызметшілерін ұлықтау кешімен аяқталды. Екі күн бойы үздіксіз сабаққа қатысқан әскери қызметшілер сарбаздармен бірге әсем ән мен көркем биге елітіп, рухани демалып қалды. Алайда бұл іс-шара жиын қатысушыларына демалыс сыйлау үшін ғана ұсынылған жоқ. Мұның басты себебін Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының басшысы Нұрбай Бектұрсынов түсіндірді. Батальонның жеке құрамына Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркін Ботақанов пен әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Үмбетовтің алғысын жеткізген ол: «Бүгінде құқықтық тәртіп әскеріне жауынгерлік қызметті асқан жауапкершілікпен атқару міндеті жүктелген. Ал жауынгерлік қызметтің алғы шебінде сарбаздар мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер жүр. Сіздер – Ұлттық ұланның абыройысыздар. Сондықтан да бүгінгі ұлықтау шарасында жауынгерлік қызметті адал атқарып жүрген үздіктер марапатталды. Ал әдістемелік жиынға қатысушылар осындай бағдарламаларды өткізу барысын бір-бірінен үйренгендері абзал», деді.
Іc-шара мәресіне жеткеннен кейін де қатысушылар арасындағы өзара пікірталас жалғасын тапты.