Кейінгі кездері интернеттегі алаяқтар тудырған келеңсіздіктерге байланысты әлдебір бөтен телефон нөмірінен қоңырау түсе қалса, күдіктене қарайтынымыз рас. Ол адам сен үшін жақын адамың болуы да мүмкін екенін, сондай-ақ «алло» деген бір ауыз сөзің арқылы қалтаң қағылатынын да ойлайсың. Қалай дегенде де, айла артылмайтын әккі алаяқтардың айла-шарғысына тоқтау болмай тұр.
Қазір елімізде Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Алайда кәсібі сол болғандықтан, қылмыскерлердің саны да, олар жасайтын қылмыс та күн санап өсіп, өршіп барады.
Абай облысы полиция департаменті ұсынған деректерге сүйенсек, биыл екінші тоқсан қорытындысы бойынша облысы аумағында осындай 320 қылмыс тіркеліп, 70 қылмыстық іс сотқа жолданған. Мұндай қылмыстарды ашу және тергеу белгілі бір қиындық тудыратынын мамандар ашық айтады. Өйткені бұл қылмыс түрі көбіне трансшекаралық болып келеді. Ең жеңіл дегеннің өзінде, жәбірленуші басқа қалада, ал қылмыскер еліміздің өзге елді мекенінде болып шығады. Тергеу-анықтау шараларына кететін уақыттан бөлек, басқа да іске қатыстылығын тексеру де оңай емес.
Тұрғындар көбінесе танымал сайттар мен әлеуметтік желілердегі онлайн-сауда саласындағы алдау-арбаудың құрбаны болған. Сондай-ақ алаяқтар онлайн-несиелер, банктік карталар, бәс тігу, интернет ойындар мен лотереялар арқылы халықтың қалтасын үптеп жатыр. Көп жағдайда алдау арқылы ұрлықтың күрт өсуі азаматтардың алаяқтықтың жаңа тәсілдері мен түрлерін жете білмеуінде екен. Басты мәселе заттарды сатып алудағы ақша үнемдеу, бір сөзбен айтқанда, шектен тыс үнемшілдік те қылмыстың өсуіне себеп болып отыр.
Қылмыстық кодексте интернет-алаяқтық бөгде біреудің мүлкін ұрлау немесе алдау арқылы пайдаға жарату, қылмыскерлердің цифрлық технологияны қолдана отырып, жәбірленушілерге айтарлықтай зиян келтіруі деп сипатталады. Абай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Әсет Егеубаевтың айтуынша, осы күнге дейін қозғалған қылмыстық істердің ішінде ең көп таралған алаяқтық түрі интернет-дүкенде жүзеге асқан қылмыс екен.
«Мұнда қылмыскер сізден алдын ала төлем жасауды сұрайды және ақша алғаннан кейін байланыс аяқталады. Одан кейін олармен байланысу мүмкін емес. Екінші, сіздің интернет дүкені арқылы жасаған тапсырысыңыздың орнына жалған зат жеткізілуі мүмкін. Талап қоятын, сұрау салатын ешкім болмайды», дейді Әсет Нұрланұлы.
Тәртіп сақшысымен сұхбат барысында ұққанымыз – өзіңіз күдіктенген немесе бейтаныс телефон қоңырауына жауап бермеген ләзім. Қылмыстық топ болып жұмыс істейтін алаяқтар сіздің даусыңызды пайдаланып, жақыныңызға немесе басқа адамға қоңырау шалып, «сіз болып» ақша сұрауы мүмкін. Бұған қоса өзіңіз жете танымайтын телефон нөмірі арқылы жасалған бейнеқоңырау да қауіпті. Қызық үшін, «кім болды екен» деген қызығушылық үшін де тұтқаны көтермеген дұрыс. Сіз бір ауыз сөз айтпасаңыз да қылмыскерлер арнайы құрылғы арқылы сіздің бет-пішініңізді жазып алады. Одан кейін сіздің түр-сипатыңызбен әлдекімге бейнеқоңырау жасау немесе сіздің бейнеңізді пайдаланып несие рәсімдеу қиынға соқпайды.
Осы интернет-алаяқтыққа қатысты «Фишинг» және «Кликджекинг» терминдерін атап айтуға болады. Фишинг – пайдаланушылардың құпия деректеріне логиндер мен парольдерге қол жеткізуге бағытталған интернет-алаяқтық. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзуға жағдай туғызу.
Кликджекинг – интернет пайдаланушыларын алдау механизмі. Мұнда қылмыскер құпия ақпаратқа немесе тіпті пайдаланушының компьютеріне оны сыртқы зиянсыз бетке тартумен қоса, зиянды кодты қауіпсіз бетке енгізу арқылы қол жеткізетінін айтады. Әлеуметтік желідегі ресурсқа жазылудан бастап құпия ақпаратты ұрлауға және интернет дүкендерде біреудің есебінен сатып алулар жасауға дейін әртүрлі технология қолданылады.
Киберқылмысқа қатысты біраз нәрсені зерделегенімізде ұққанымыз өте көп. Солардың бірі сізге, яғни бізге жолданатын әлдебір әлеуметтік желілердің сілтемелері де үлкен қылмысқа соқтыруы мүмкін. Неге дерсіз? Өзінің арам ойын жүзеге асырғысы келгендер қарапайым адамдар үшін арнайы сілтеме құрады. Сіз осы сілтемеге өту арқылы өзіңіз жайындағы ақпараттардың пайдаланылуына автоматты түрде рұқсат бересіз. Бұл қандай сілтемелер болуы мүмкін? Айтайық, тарқатайық. Сізге әдеттегідей хат келді делік. Ашсаңыз «әлдеқандай сілтемеге өтіп менің пәленбай деген балама көмек қолын созыңыз немесе дауыс беріңіз» деген сияқты сөздер болуы мүмкін. Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілердегі аккаунттардың аяқасты қолды болуына осындай жайттардың түрткі болғанын алға тартады. Сондықтан сізге үздіксіз жіберіліп тұратын сілтемелердің не туралы, кім туралы екеніне көз жеткізбейінше ашу да, көзді жұмып кіре салып, қайтадан шығып кету де сіз туралы мәліметтердің жария болуына жол ашарын әр кез ескерген дұрыс. Бұған қосымша тағы айтарымыз – сауда дүкендері мен мекемелердің мерейтойына арналған интернет акциялардың анау айтарлықтай қаупі жоғары болатынын есте тұтқан жөн.
«Интернет казинолар, жалақыға дейін онлайн несие беру, танысу сайттары, интернет арқылы валюта айырбастау да адамдар үшін үлкен өкінішпен аяқталуы мүмкін. Алаяқтар басқа биржаларда сәтті фрилансерлік шоттардың клондарын жасап, олардың атынан клиенттерден алдын-ала төлем қабылдай отырып әрекет етеді. Портфолио және барлық жеке ақпарат табиғи түрде ұрланады», дейді тұрғындармен тікелей, жиі қарым-қатынас жасайтын криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Ә.Егеубаев.
Технология дамып жатқан жаппай цифрландыру дәуірінде алаяқтық жасаудың тағы бір танымал тәсілі – банк немесе полиция, байланыс операторлары қызметкерлері болып қоңырау шалу. Алаяқтар сізге банк карточкасында және шотыңызда күдікті операциялардың жүріп жатқанын хабарлайды. Банк картасының нөмірін айтуды талап етіп, керекті ақпаратты нақтылауды ұсынады, алынған мәліметтердің көмегімен олар интернет-банкингке қосылады да, шоттардағы ақшаны жымқырады. Мамандар банк немесе басқа сала қызметкерлері өз клиенттеріне ешқашан хабарласпайтынын ескертеді. Алаяқтар жиі пайдаланатын, көпшілік сазға отырып қалатын «Анидеск», «Тимвивер», «Растдеск» бағдарламаларын жүктеп алуды сұраған кез келген жанның жымысқы ойын бірден түсінуге болады.
Интернеттегі алаяқтықтың алдын алуға байланысты ескертулер мен халықты ақпараттандыру тәртіп сақшылары тарапынан ұдайы жүргізіліп отырады. Соған қарамастан сенгіштік пен аяқ астынан қаржыға кенелуді көздеген жәбірленушілердің өздері осы кереғар істің басылмай, қайта өршіп тұрғанына себеп болып отырғаны өкінішті. Қылмыспен күрестің басты мақсаты – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық желілерде біршама толыққанды ақпараттар бар. «Сақтансаң – сақтаймын» дейді халқымыз. Сақтық шараларын өз бойымызда күшейте білсек, өзге біреудің де жаза баспауының алдын алуға болады. Осындай қылмысқа шырмалып, тапқанынан айырылып қалған немесе өзге біреудің атынан онлайн несие рәсімделген болса, оның да шешімі табылады. Дегенмен мұның артында жүйке жұқартатын, төзім-тағатыңызды тауысатын көп шаруаның барын әрдайым есте ұстаған жөн.
Абай облысы