Жаздың соңы елордалық өнерсүйер көрермен үшін ерекше мәдени демалыс болмақ. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры ел астанасына гастрольдік сапармен келе жатыр. Қарағандылық театр 16-18 тамыз күндері «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өнер көрсетеді. Өнер ұжымы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен балалар мен ересектерге арналған сан алуан бағдарлама әзірлеген.
«Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрымен жыл сайынғы әріптестік біз үшін дәстүр болып қана қоймай, елорданың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне де айналды. Осылайша, көпшілікті музыкалық комедия сынды өзге де жанрлармен таныстыра отырып, өнердің жаңа қырларын ашамыз. Театрдың шығармашылық ұжымы елордалық көрермендерді әрдайым жоғары кәсіби шеберлігімен, жарқын қойылымдарымен және классикалық туындыларды бірегей пайымдауымен қуантады. Қарағандылық ұжымның әрбір спектаклі – көрермендерге қуаныш пен шабыт әкелетін ерекше оқиға екенін білгендіктен, біз гастрольдік өнер көрсетулерді асыға күтеміз», деп атап өтті «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Сонымен гастроль В.Березиннің «Күлбике» музыкалық ертегісімен ашылады. Одан соң іле-шала көрерменді И.Кальманның романтикаға толы туындысы «Сильва» опереттасы күтеді.
Сондай-ақ айналасындағы жандарды өзінің идеяларымен қызықтыра білген өзі сотқар, өзі қызыққұмар бала туралы хикаяны баяндайтын Н.Макаревичтің «Дымбілмес» музыкалық ертегісі көрсетіледі. И.Штраустың таңдаулы музыкасымен және қызықты сюжетімен танымал «Венециядағы түн» опереттасы да орындалады.
Ал гастрольдің соңғы күні Н.Макаревичтің «Бұршақ үстіндегі ханшайым» атты балаларға арналған мюзиклінен басталады. Бұл шығарма ханшайымның басынан кешкен оқиғалары мен кедергілері туралы баяндайды. Гастрольдік бағдарламаны Г.Канчелидің «Хануманың қулығы» музыкалық комедиясы қорытындылайды. Үлкен зал сахнасында өтетін спектакль Тифлистегі ең епті жеңгетай – Хануманың көптеген қызықты оқиғасын әңгімелеп, көрермендерге ұмытылмас музыкалық әсер сыйламақ.
Айта кетейік, тарихы терең Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры оперетта, музыкалық комедия сынды еліміз үшін бірегей театр жанрларын дамытып келе жатыр. Биыл аталған өнер ұжымы елу бірінші маусымын атап өтті. Театр репертуарында И.Кальманның «Баядера», «Сильва», «Марица», И.Штраустың «Сыған бароны», «Жарқанат», «Венециядағы түн», Г.Канчелидің «Хануманың қулығы» сынды басқа да әлемдік классикалық оперетта жауһарларын қоса алғанда 300-ден астам қойылым ұсынылған. Театр мюзикл, шоу, балет, операларды белсенді түрде қойып, танымал режиссерлермен және хореографтармен бірлесіп жұмыс істейді, түрлі елден әртістерді бірлескен жобаларға қатысуға шақырады. Алғаш шымылдығын ашқан уақыттан бері театр алыс-жақын шетелдердің 200-ден астам қаласында болып, өнер көрсетіп қайтты.