• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Көрме 09 Тамыз, 2024

Көне фарфор құпиясы

95 рет
көрсетілді

Биыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы болып жарияланғаны мәлім. Ұлы Жібек жолы қос елді ғасырлар бойы тоғыстырып, сауда жолдары арқылы мәдени және рухани байланыстар қарқын алып отырды. Қазақ халқының ою-өрнектері мен дәстүрлі қолөнері көрші елге танылса, әлемдік мәдени мұраның маңызды бөлігіне айналған қытай фарфоры қазақ даласына көптеп әкелінді. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде ашылған «Қытай фарфоры: мыңжылдық өнері» атты көрме – соның дәлелі.

Көрме қытай фарфоры өнерін жан-жақты көр­се­тіп, оның тарихы мен стилі жайлы сыр шертеді. Алуан түс­пен көмкерілген өрнектер құ­мыралар мен тостағандардың шынайы шеберлер қолынан шыққан бағалы жәді­гер еке­нін айғақтап тұр. Әсем фар­форлардағы біре­гей қолтаңба ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпақ­қа беріліп келе жатқан бірегей әдістердің өзегі тәрізді. Көрме қонақтары «Әлемнің фарфор астанасы» атанған ежелгі Цзиндэчжэнь шаһарының тынысымен танысып, қытай елінің мәдени мұралары туралы мол мағлұмат алды.

«Өнер ұлтқа бөлінбейді. Ол – шекарасы жоқ шексіз әлем. Өмір сүру салты, таным-түсінігі бір-бірімен мүлде қабыспай­тын халықтар өнер мен мәдениет арқылы жақындасады. Сол ар­қы­лы ынтымақтастық орна­та­­ды. Қытай фарфоры көр­кем­­дік бейнесімен және өн­ді­­рістік технологиясының жо­ға­­рылығымен танымал. Му­зей­де өтіп жатқан фарфор өнері көрмесі «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәде­ниет және өнер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілге­рілетуге, достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға бағыттал­ған», дейді еліміздің Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова.

Бірегей өнер жәр­меңкесін Алматы қала­сының сауда және инвестиция палатасы мен Қытай керамикалық саяхатын ұйымдастыру комитеті бірлесе ұйымдастырған. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Цзянси провинциясында орналасқан Цзиндэчжэнь әлемдік қыш өнерімен танылып, мыңжылдық фарфор жасау мәдениетінде бай тарихқа ие. Шаһардағы фарфор орталығы атақты Таң әулетіне (б.з. 618–907) тиесілі. Өнертанушылардың айтуынша, фарфор жасау шын мәнінде Сун әулеті (960–1279) кезінде өрістеген. Ол тұста император сарайына жоғары сапалы фарфор жеткізумен айналысқан шеберлер әлемге танылыпты.

Көрме қонақтары қытай фарфорының тарихын, жасалу әдісі мен халықтың мәде­ни көзқарасын тереңірек түсі­ну­ге, сондай-ақ дәстүрлі қытай мәдениетінің ерекшелікте­рін сезінуге мүмкіндік алды. Со­ны­мен қатар көрме екі елдің суретшілері, қыш шеберлері мен ғалымдары арасында ой-пікір және тәжірибе алмасу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Өнер жәрмеңкесі тамыз айының ортасына дейін жалғасын таппақ.

 

АЛМАТЫ