• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Тамыз, 2024

Мақсат – ортақ медиа-платформа құру

47 рет
көрсетілді

Орталық Азия елдеріне ортақ өңірлік медиа-платформа жасақталады. Бұл туралы Астанадағы Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан елдерінің БАҚ мә­селелері бойынша уә­кілет­ті органдарының консуль­тативтік кездесуінде айтылды. Мақсат – ақпарат кеңістігіндегі байланысты күшейтіп, түрлі сын-қатер­ге бірлесе қарсы тұру.

Іс-шараға Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Тәжікстан Республикасының телевизия және радиохабар тараты­лымы жөніндегі мемлекеттік коми­тетінің төрағасы Нуриддин Саид, Өзбекстан Республикасы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының бірінші орынбасары Дилшод Саиджанов, Түрікменстан Республикасының телевизия, радио және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Аннасахет Какаев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты ми­нистрлігінің халықаралық байланыстар және инвестицияларды тарту басқармасының басшысы Нусубалы Жакыпбеков қатысты.

Кездесу барысында елдер өкілдері медиа сауаттылықты арт­тыру және жалған ақпараттың таралуына қарсы күрес шараларын талқылады. Медиа саладағы жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

– Ақпарат кеңістігіндегі қауіп­сіздік мәселесі тек Қазақстанмен шектеліп қана қоймайды. Оған Орталық Азия елдері теңдей үлес қосуы керек. Бұл – бәрімізге ортақ іс. Бірыңғай жүйе құрсақ та артық етпес. Осыған орай сіздермен тәжірибе алмасып, қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз. Біздің ортақ мүддеміз – масс-медиа саласында үндестік тапқанда ғана сын-қа­терлерге төтеп бере аламыз, – деді Мә­дениет және ақпарат вице-ми­нистрі Қанат Ысқақов.

Талқылау барысында тараптар Орталық Азия телеарнасы мен өңірлік медиа-платформа құру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Фейкпен күрес жұмысында біріккен жоспар құру мәселесі де сөз болды. Ақпарат саласындағы уәкілетті органдардың өкілдері өз елдерінің медиа саладағы интег­ра­циялық үдерістерге белсен­ді қатысуға дайын екендерін танытты.

Жиын қорытындысында тараптар Орталық Азия елдерінің жалпы өңірлік медиа құрылымдарды құру мен дамытудағы бірлескен күш-жігері өңір елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес болатынына сенім білдірді.