Америкалық инвестор Роберт Кийосаки «Ақша – биліктің бір түрі, бірақ қаржы сауаты одан да құдіретті күш» дейді. Ақшаны ұқыпты ұстау, жинау – күллі адамзат қалауы шығар. Дегенмен де белгілі бір қиындықтарға жиі тап болып жатамыз. Бұл мәселе Нұрдәулетті де алаңдатқан. Ақыры ойлана келе, ол қаржыны қадағалайтын «Kiris-Shyğys» қосымшасын жасаған.
Нұрдәулет Әбдікайымов Астанада тұрады. «Astana IT University»-інде инженер-бағдарламашы мамандығында оқиды. Қатарластарының, өзінің, айналасындағы адамдардың ақшаны сауатты ұстай алмайтынын түсінген ол осы тақырыпты зерттей бастаған. Зерттей келе, ең дұрысы, кіріс-шығысты жазып отыру деген шешімге келген. Солай шығын мен кірісті бақылап отыратын, сондай-ақ осы көрсеткіштер бойынша өткен айдағы статистиканы көрсететін қосымша жасаған.
– Егер сіз қаржылай дағдарыс пен күтпеген жағдайдан сақтанғыңыз келсе, шығындарыңызды жоспарлау мен қадағалаудың маңызын атап өткім келеді. Бұл ойын-сауық пен демалыстан мүлдем бас тарту деген сөз емес. Тек шығыс-кірісті бақылау керек. Бұл істе біраз қиналдым, сондықтан да жағдайды бақылауға алатын қосымшаны жасадым, – дейді талапты жігіт.
Нарықта мұндай қосымшалар көп. Түр-түрі бар. Бәрі ақылы. Одан кейін отандық әрі қазақ тіліндегісі жоқ десек те болады. Сондықтан да халыққа пайдалы болу үшін ана тілімізде қызмет көрсететін қосымша жасаған. Әрі тегін.
Қосымшаның қазақ тілінде болуына Нұрдәулет баса мән берген. «Ана тілімде болуы – менің ұстанымым», деді ол. Ниетіне сүйсіндік. Дегенмен ол өзге тілдегі пайдаланушыларды да ескерусіз қалдырмаған. Орыс немесе ағылшын тілін де таңдауға болады.
– 2023 жылдың қарашасында нарықты зерттей бастаған кезде жасаймын деп бел будым. Аналогтердің көпшілігінде жазылымнан кейін ғана негізгі мүмкіндік бар екенін түсіндім. Пайдаланушыларға тегін нұсқада толық функционалдылық бергім келді. Дизайнды дәстүрлі қазақ стилімен байланыстырдым. Жылулық пен жайлылық сезімін тудыратын ақшыл қоңыр түсті таңдадым. Демо бір айда дайын болды. Айтпақшы, басынан бастап «App Store» дүкенінде қосымшаны шығаратынымды білдім. Басында біраз қиындық болды. Қазір қосымша көпшіліктің көңілінен шығып, жұмыс істеп тұр, – деді жоба авторы.
Қосымшаның функционалдығы әзірге шектеулі екенін мойындау керек. Сынақ мерзімінде десек те болады. Нұрдәулет алдағы уақытта жаңа мүмкіндіктерге есік ашып, ерекше бөлімдер қосуды жоспарлап отыр. Оған «LinkedIn» және «TikTok»-та пост жариялағаннан кейін қарапайым адамдардан да, әзірлеушілерден де жақсарту бойынша көптеген ұсыныс түскен. Шығын санаттарын қосу, автоматты жаңарту, дизайнды жақсарту жоспарлары бар. Егер өнім өз аудиториясын тауып, назар аудартса, инвестиция тартпақ. Солай еліміздің қаржылық сауатын арттыруға кішкене болсын үлес қоспақ.