Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында 59 жастағы ер адам қарт анасын өлімші етіп сабап тастады, деп хабарлайды Egemen.kz Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.
Жаға ұстатарлық қылмыс кейуананың туған күнінде болған, ол 82 жасқа толған еді.
Белгілі болғандай, бұл отбасында қол көтеру жағдайлары бірнеше рет қайталанған. Ер адам анасына үнемі қол жұмсап отырған. Бірақ әйел ұлын кешіріп, ол ескерту алғаннан кейін немесе 15-20 тәулікке қамауға алынған соң босатылған.
Бұл жолы күдіктіге қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Тайынша ауданында 82 жастағы әйелді өлтірді деген күдікпен 59 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды», — деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.