• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Байқау 13 Тамыз, 2024

Роботтехника жеңімпаздары

118 рет
көрсетілді

Жаһандану дәуірінің жаңа жауынгерлерін даярлайтын роботтехника жарыстары да осы күні жиі ұйымдастырылады. Жақында ғана Ақтаудағы «ІТ мектеп-лицейінің» 10-сынып оқушысы Нұркен Қайыпов Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен халықаралық роботтехника жарысында Гран-при иегері атанды. Одан бөлек, Гонконгте өткен «FIRST Asia Championship» бәсекесінде Алматы қаласының оқушылары үздік нәтиже көрсетіп, жоғары марапатқа ие болды.

Гонконгтегі роботтехника чемпионатында ел намысын қорғаған «Aldebara» командасы беделді «Team Model Award» сыйлығын жеңіп алды. Бұл байқауға 45 елден 210 команда қатысқан. Оқушылар ғылыми жобасын өнердегі жаңашылдық тақырыбы бойынша ұсынды. Яғни жоба музейлер мен көрмелерде ыңғайлы әрі қарапайым қозғалыс үшін жасалған қосымша ретінде таныстырылды.

Команда жетекшісі Балғын Исақожаның айтуынша, аталған жарысқа дайындық өткен жылдың мамыр айынан басталған.

«Оқушылар әуелі іріктеуден өтті. Олардың бәрі де 3,4-сыныпта оқиды. Кейін халықаралық сайысқа жолдаманы «Central Asia FIRST Championship» чемпионатында жеңіп алдық. Шәкірттеріміз үмітті ақтап, елге жеңіспен оралғанымызға қуаныштымыз», деді ол.

Ал Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «11th International youth robotic competition» сайысына әлемнің 20 елінен мыңнан аса оқушы қатысқан. Нұркен Қайыпов сол мың оқушының ішінен қара үзіп, Гран-при сыйлығын жеңіп алды. Ол жарыста «Орманды құтқару» (13-18 жас) санатында басқа қатысушыларға қарағанда өз бағдарламасын жылдам әрі сапалы жасап шыққан.

«Мен роботтехникамен бес жылдан бері айналысамын. Бұл халықаралық жарысты әлбетте, қатты уайымдадым. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Маған Корея ұнады. Болашақ мамандығым роботтехника және IT - технологиямен байланысты болғандықтан, Корея мемлекетінің жоғары оқу орнына түскім келеді. Зор қолдауын білдірген жаттықтырушым мен ата-анама алғысымды айтамын», деді ол.

Айта кетейік, Нұркен осы сайыстың алдында ғана Санкт-Петербургте өткен роботтехника және цифрлық технологиялар бо­йынша «DETALKA-2024» байқауында жеңімпаз атанған еді.