«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы қандай өміршең. Академик Сыздық Рабиға Сәтіғалиқызының қазақ тіл білімін дамыту, өресін кеңейту, оның қолданбалы әрі теориялық құнын арттыру барысындағы еңбектері көптеген жаңалықққа толы. Әсіресе көрнекті ғалым қазақ тіл білімін дамытуға айрықша еңбек сіңірді. Ол тарихи-филологиялық тұрғыдан Абай тілін тұңғыш рет кең ауқымда зерттеп, орасан тың жаңалық ашты. Осы бағыттағы «Абай тілінің морфологиялық ерекшеліктері» «Абай шығармаларының тілі (лексикасы мен грамматикасы)», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Язык произведений Абая», «Абайдың сөз өрнегі», «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» секілді бірегей еңбектері – сөзіміздің дәлелі.
ХІІ ғасырдың жазба ескерткіші – Ясауи «Хикметтерінің» тілін, оның поэтикалық мұрасын талдап, жан-жақты зерделеген жеке монографиялық зерттеулер бұрын қазақ тілінде болған жоқ. Академик Р.Сыздық осыған батыл барып, Ясауи «Хикметтерінің» лексикасы мен морфологиялық құрылымын, оның фонетикалық жүйесін, стильдік ерекшеліктері мен көркемдік сипатын талдап, зерттеді. Соның нәтижесінде 2004 жылы ғалымның «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» атты көлемді де мазмұнды монографиясы жарық көрді. Бұл еңбек – қазақ тіл біліміне ғана емес, күллі түркітану ғылымына қосылған мол үлес саналады.
Кейінгі орта ғасырларға тəн түркі жазба ескерткіштерінің бірі – Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» атты жылнамасын алдымен ХІХ-ХХ ғасырда орыс пен татар ғалымдары зерттеді. Бізден оған алғаш рет Шоқан Уәлиханов, кейін Əлкей Марғұлан, Мұхтар Əуезов қалам тартты. Ал академик Рабиға Сыздық араб əліпбиімен жазылған осы еңбекті батыл қолға алып, табанды түрде транскрипциясын анықтап, 1989 жылы орыс тілінде «Язык «Жами-ат тауарих» Жалаири» атты көлемі 240 беттік маңызы зор монография жазып, жарыққа шығарды. Оның бірінші тарауы Жалайыридің «Жами-ат тауарих» ескерткішін зерттеу тарихына арналса, екінші тарауында жылнаманың лексика-фразеологиялық сипаттамасы, үшінші тарауда жылнама тілінің грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктері, төртінші тарауда жылнама мәтінінің таңбалануы мен орфографиясын жан-жақты толық талдаған. Автор зерттеу нəтижесінде ескерткіш тілінің негізінен қыпшақ тіліне тəн екенін анықтап берді. Əсіресе «Жами-ат тауарих» мəтінінің транскрипциясын толық көрсетіп берді.
Сондай-ақ ғалымның күні бүгінге дейін «Қазақ əдеби тілінің тарихы», «ХVІІІ-ХІХ ғ. қазақ əдеби тілінің тарихы», «Қазақ əдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты оқулықтары филология факультеттері студенттерінің қолынан түспейді. Бұл еңбек – ғұлама ғалымның көп жылғы ізденістерінің жемісі. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілінің өсіп, даму тарихын танып-білу үшін бұл оқулық – жоғары оқу орындарының студенттеріне ғана емес, өз ана тілін қадірлеп, қастерлейтін қалың қауым үшін де аса пайдалы. Қазақ әдеби тілін індете зерттеген ғалым 2014 жылы, 90 жасында «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» атты монографиясын шығарып, қазақ әдеби тілінің негізгі белгілерін нақтылады. ХV-ХІХ ғасырлардағы әдеби үлгілердің тілдік-көркемдік ерекшеліктерін сипаттады.
Академиктің ерекше көңіл бөліп, ден қойған кезінде айтарлықтай дау тудырған күрделі мəселенің бірі қазақ əдеби тілін бір нормаға түсіріп, оны бір жүйеге салуға байланысты еді. Осы өзекті мəселенің түйінін шешу барысында ғалым 1975 жылы Қазақстан Ғылым академиясының «Хабаршы» журналында «Қазақ тілінің орфоэпиясын нормаландыру» атты көлемді мақаласын жариялады. Онда қазақ тілінің нормалану мəселелері, оның ішінде қазақ орфоэпиясының бүгінгі таңда назар аударып, толғанатын кейбір сəттері, сондай-ақ даулы да талас мəселелерді сөз етті. Əсіресе автор қазақ тілінің үндестік заңын сақтамай, сөзді жазылғаны бойынша оқу (айту) тəсілінің нормаға сай келу-келмеу жайттарына қатысты пікір айтып, жұртшылықты пікір алысуға шақырды. Тіл нормасы, орфоэпиясы туралы бірнеше еңбек жазып, радио, теледидар қызметкерлері мен студенттерге және де сахна қызметкерлеріне арнап «Сөз сазы», «Тілдік норма жəне оның қалыптануы» деген атпен бірнеше кітабын өмірге әкелді.
Р.Сыздық қазақ əдеби тілінің нормасы жайында зерттеу жұмысынан соң қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясын жетілдіру, өңдеу, толықтыру ісімен де қауырт айналысып, көп іс тындырды. Қазақ емле ережесі 1955 жылдары түзіліп, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының 1957 жылғы 5 маусымдағы жарлығымен бекітілген еді. 1957-1980 жылдар арасында жазу тəжірибеміз қазақ орфографиясы қағидаттарының дұрыс алынғандығын, соған орай емле қағидалары негізінен дұрыс та қолайлы екенін толық дəлелдеді. Оған мыңдаған сөздің жазылуының бір ізге түскендігі, баспасөз орындарынан жарық көрген газет-журналдарымыздың жыл сайын сауатты шыға бастағаны куə еді. Бұл істің алға басуына сол кездегі үш рет басылған қазақ тілінің шағын орфографиялық сөздігі де, екі рет жарық көрген толық орфографиялық сөздіктері де, қазақ тілі оқулықтары мен орфографиялық анықтағышы да, əртүрлі методикалық, қолданбалы құралдар да зор септігін тигізді. Алайда баспадан шығып жатқан басылымдардың беттерінде əлі де болса ала-құлалықтар бары айқын көріне бастаған кездер болмай қалмады. Олай болудың да түрлі себебі болғаны сөзсіз. Міне, осындай кемшіліктерге жіті назар аударған Р.Сыздық газет-журнал беттерінде дер кезінде мақалалар жазып, бұл олқылықтың себеп-салдарын дəлелдеді. Сөйтіп, емле ережесіне өзгерістер енгізу мəселесін көтерді.
Р. Сыздықтың осы істің басында жүріп, тынымсыз да жігерлі іс-əрекеті және толассыз ұйымдастырушылық қимылының нəтижесінде Тіл білімі институты мен Оқу министрлігі қолданылып келе жатқан орфографиялық ережелерге толықтырулар мен түзетулер енгізді. Қазақ емле қағидаларының толықтырылған жəне түзетілген жаңа редакциясы Үкімет орнына ұсынылды. Оны Қазақстан Жоғарғы кеңесінің президиумы 1983 жылы 25 тамыздағы жарлығымен бекітіп, министрліктерге, мемлекеттік комитеттерге, газет-журнал редакцияларына, баспаларға, ғылыми-зерттеу мекемелеріне, оқу орындарына қазақ тілі орфографиялық ережесінің осы жаңа редакциясын басшылыққа алуды міндеттеді.
Енді бұл жаңа ережеге қосылған елеулі жаңалықтарды тізіп айтайық. Бірге жазылатын сөздерге қатысты ережелер толықтырылып, айқындалып берілді. Əсіресе халықаралық ғылыми терминдердің жазылуы бір ізге түсті. Соған орай қонақасы, келіссөз, жарыссөз, тілхат, қолхат, сенімхат тəрізді сөздер бұрынғыша бөлек жазылмай, бірге жазылатын болды. Сол сияқты өсімдік, жан-жануар аттары, спорт терминдері, белгілі бір ғылым, техника саласындағы күрделі сөздер бірігіп жазылды.
Адамдардың аты-жөндерінің жазылуына сай өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Есімдердің екінші сыңары к, қ дыбыстарынан басталатын кісі аттары естілуінше жазылатын болды (Айткелді, Амангелді, Төрегелді, Күсепқали, Қарагөз, Ботагөз, Аққыз, Айғыз). Араб, парсы тілдерінен енген кісі аттарының жазылуы да бірқалыпқа келтірілді. Ал -ов/-ев жалғауларымен жазылатын фамилияларға қазақ тілі қосымшаларының түбірдің соңғы буынына жуан не жіңішке жалғануы жайында бұрынғы ереже жаңаша өңделіп қосылды.
Соңғы дыбыстары рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк сияқты дауыссыздар тізбегі мен ог, уг болып келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке түрде жалғанатыны туралы жеке параграф енгізілді. Бұрын педагогтер – педагогтар, округке – округқа деп екі түрлі жазылып жүрген сөздер енді тек жіңішке қосымшалармен айтылып, жазылатын болды.
Сөздерді тасымалдауға қатысты бұрын ескерілмей қалған жайттар ескеріліп, енді бір параграф, бір ескерту қосылды. Ол екі дауысты дыбыстың ортасында келген үнді й мен у дыбыстары бар сөздерді тасымалдауға (да-уыс, құ-йын, қа-йық) байланысты болды.
Кейбір ережелер толықтырылды. Араларында немесе соңында дауысты дыбыс əріптері тұрған қысқарған сөздерге қосымшаның соңғы дыбысына үндесіп жалғанатындығы туралы ереже берілді (БАМ-ға, ТАСС-тың, ЗИС-те, ЮНЕСКО-ның). Бірқатар параграфтарға редакциялық түзету жүргізіліп, кейбір ережелердің мысалдары толықтырылды. Емле ережелеріне көп қатысы жоқ төрт параграф алынып тасталды.
Бұл 1983 жылы толықтырылып, өңделіп, түзетілген, Үкімет қаулысымен бекітілген Ереже басшылыққа алынғанмен, оны орындау, іс жүзінде меңгеру барысында кемшілік болмай қалмады. Ол мəселе туралы Р. Сыздық 1993 жылы 5 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде «Тағы да бүгінгі емлеміз жайында» атты мақаласын арнаса, С.Исаев, Н.Уəли «Сауатты жазғымыз келсе» атты мақалаларын жариялады.
Ғалымның қазақ тілі пунктуациясын жетілдіру, іргесін нығайту саласындағы еңбектері де орасан зор. Олардың негізгілері: «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш», «Қазақ пунктуациясының ережелері», «Емле жəне тыныс белгілері», «Қазақ тілінің анықтағышы» еңбектері. Əлбетте, бұл құнды еңбектерінің бəрінің де білім беру ісінде, мыңдаған адамның сауаттылығын арттыруда мəн-маңызы айрықша жоғары болды. Алайда олардың таралымы аздығынан дүйім жұрттың қолына жаппай жетпеді. Қазақ тілі орфографиялық ережелері күні бүгінге дейін қалың оқушы қолына жетпей жатқаны айдан анық. Сондықтан жыл сайын болмағанмен, əрбір үш жылда орфографиялық ережені де, қазақ пунктуациясының ережелерін де қайыра басып, көп данамен таратып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Академик Р.Сыздықтың ғылымды дамытудағы көп қырының бірі – қазақ тіл білімінің жаңа саласы – «Тіл мəдениеті» бөлімін дамытып, күш-қайратын аямай еңбек етуі. Бұл салада жас ғалымдарды баулып, тәрбиелеп, оларды ғылым шыңына шығара жүріп, «Тіл мəдениеті» бөлімінің жұмысын өрге бастырып қана қоймай, баспасөз беттерінде толып жатқан мақалаларымен қатар мəнді де маңызды еңбектерін жариялады. Олардың санатында «Сөйлеу мəдениеті», «Дұрыс сөйлеу мəдениеті», «Сахнадан естілер сөз жайында», «Сөзді орнымен қолдана білейік», «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз сазы», «Сөз мəдениетінің мəселелері», «Тіл жəне оның мəдениеті», «Қазақ тілі мəдениетінің проблемалары», «Сөздер сөйлейді», «Тіл мəдениеті бұзылар» деп қорқамын», «Тілге құрмет – елге құрмет», «Сөз құдіреті», «Мəдениетті тіл ғана мəртебелі», «Мəдениеттілік тілден басталады» сынды бірқатар еңбектерін атауға болады. Көрнекті ғалымның тіл мəдениеті бойынша жазған бұл ғаламат еңбектерін талдаудан шығатын қорытынды – қазақ тіл білімінің жаңа саласын қалыптастырып, дамытып, көркейту барысындағы ұшан-теңіз еңбектің дүниеге келуі. Лайым, «Тіл мəдениеті» бөлімін басқарып отырған жастарға бұл игі бастама, зор үлгі əрі жұғысты дəстүр болсын.
Тіл біліміндегі өзекті де күрделі, тұғыры мықты лексикография жұмысына белсене, маңдай терін төгіп, жемісті еңбек еткен ғалымның бірі Р.Сыздық екені тілші қауымға да, жалпы халыққа да айдан анық. Солардың бəрін көріп, басы-қасында бірге жүрген адамның бірімін. 1959-1961 жылдары тұңғыш рет жарық көрген 2 томдық «Қазақ тілі түсіндірме сөздігін» жасау барысында қайнап-пісіп, шымырлай шыныққандардың бірі болдық. Əмбебап ғалым, терең білімді Рабиға Сəтіғалиқызы редакциялық алқа мүшесінің бірі ретінде екі томды да тұтас оқып шығып, түзетулер мен толықтыру жұмысын атқарғаны əлі есімде. Осы екі томдық сөздікті шығарған соң біз профессор А.Ысқақовтың басшылығымен «Абай тілі сөздігін» жасауға кірістік.
Ол кезде Мұхтар Əуезовтің ақыл-кеңесімен Абай тілін зерттеп жүрген Р.Сыздық бұл сөздікке де белсене қатысып, редакциялық алқа мүшесі ретінде көп іс атқарды. 1974-1986 жылдары жарық көрген 10 томдық «Қазақ тілі түсіндірме сөздігін» жасау, жарыққа шығару кезінде де Р.Сыздық ұлағатты да абыройлы жұмыстың басы-қасында болып, редакциялық алқа мүшесі ретінде ұлан-ғайыр іс тындырды.
Ал 15 томдық «Қазақ əдеби тілінің сөздігі» бойынша атқарған қыруар еңбегі – өз алдына бір əңгіме. Өйткені 15 томды тұтастай аударыстырып оқып шығу – өз алдына мығым жұмыс болса, өңдеу, түзету, сөз қосу, мағыналарын саралау, жіктеу жұмысы бойынша байқаған олқылықтар мен кемшіліктерді айта отырып, əрбір автормен жұмыс істеу қаншама уақыт алары – кімге болса да бесенеден белгілі жайт.
Рабиға Сыздық бұлардан басқа да сөздіктерді құрастыруға, баспаға дайындау жұмысына, əсіресе орфографиялық сөздіктердің 1963 жылғы басылымынан бастап 2010 жылғы жаңа басылымына дейін (барлығы он сөздіктен аса) үнемі бас-көз болып, алғы сөздерін жазып, жауапты редакторлық қызметін қоса атқарып, жарыққа шығару ісінен бір тайған емес. 2001 жылы баспадан шыққан үлкен қазақша-орысша сөздіктің жəне орысша-қазақша сөздіктердің редакторының бірі ретінде (екінші редактор – К.Хұсайын) өнімді де сапалы істің айқын өнегесін көрсетті.
Осыншама ұшан-теңіз шығармашылық қызметінен басқа ғалымның шəкірт баулып, оларды тəрбиелеуде де шаршап-шалдықпай абыроймен еңбек етуі талайды таңдандырады. Ғалымның жетекшілігімен 30 шақты шәкірті ғылым кандидаты, ғылым докторы атақ-дәрежелеріне ие болып, республикамыздың түрлі өңірлерінде абыройлы қызмет етіп жатыр.
«Рəкеңнің осыншама қыруар жұмысты атқара жүріп, бəрін ойдағыдай орындауының жұмбақ сыры неде?» деп таңырқаушылық та бар. Оның негізі – өзінің еңбексүйгіштігі, рухани жан байлығы, зор адамдық, ғалымдық борышы, мол қажыр-қайраты, кісілік зор болмыс-бейнесі, ерен дарыны мен еңбекке құлшынысының басымдылығы еді.
Он алты жасынан еңбек майданына араласып, саналы ғұмырын ғылымға арнаған академик Рабиға Сыздықтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай республикамыздың түрлі өңірлерінде ғалымға арналған конференциялар, түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?», деп Абай ақын жырлағандай, ғалымның артына қалдырған мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілік жасай бермек.
Телқожа ЖАНҰЗАҚ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор