Жыл басынан бері қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны 47%-ға артқан. Бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайларын жүйелі тексеруге мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігі осы жылы патронаттық тәрбиедегі 17 660 жетім баланың өмір сүру жағдайы тексерілгенін хабарлады. Тексеру барысында олардың тұрмыстық жағдайына, балалардың денсаулығына, физикалық және эмоционалдық дамуына, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынастарына ерекше назар аударылған.
«Қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Қызметкерлердің кәсібилігі мен өз жұмысына жауапкершілікпен қарауының арқасында біз әр баланың құқығының қорғалуына және өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаймыз. Бұл балалардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, олардың құқықтарын қорғаудың бүкіл жүйесін нығайта отырып, болашағын жарқын етеді», дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.