Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда су мәселесін қозғап, бұл саланың Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті. Осы орайда елде су тапшылығы пайда болғанын, материалдық қана емес, рухани ысырапшылдыққа жол берілгенін сынады. Президент сөзінің жаны бар. Мәселеге тереңнен үңілсек, тиянағын таппай тұрған мысалдардың қарасы қалың екені аңғарылады.
Расында, адамдардың табиғи ресурстарды тым ашкөздікпен пайдалануы жаһандық проблемаларды туындатып, өмір сүру ортамызда стрестік жағдайды қалыптастырды. Климат өзгерісі бір аймақтарда су тапшылығын, кей жерлерде су тасқынын тудырып, сол елдердің экономикасына орасан зор шығын мен әлеуметтік-экологиялық зардап әкеліп жатыр. БҰҰ метеорологиялық комитетінің мәліметтері кейінгі 8–10 жылда климаттың интенсивті жылуы қарқын алып, жаһандық деңгейдегі жылыну көрсеткіші 1976–2022 жыл аралығында, әр 10 жылда 0,180 градусқа, біздің елде 0,330 градусқа, ал Қызылорда облысында 0,440 градусқа өскенін көрсетеді.
Су ресурсының қай кезде де орны ерекше. Енді осындай баламасы жоқ ресурсты қалай тиімді пайдаланып, болашақ ұрпаққа қалай аманаттаймыз деген сұрақ шөлейтті аймақтарда орналасқан еліміз үшін өте өзекті болып отыр. Ғаламдық және аймақтардағы климаттың өзгеруі, трансшекаралық су ресурстарын пайдаланудағы келісімдердің толық орындалмауы, суды реттеу, басқаруда тиімді технологиялардың жетімсіздігі гидрогеологиялық қауіптердің басты себептері ретінде айтылады. Өз кезегінде ғылыми ұсыныстардың, мемлекеттік бағдарламалардың реформалар барысында ескеріле бермейтіні бүгінгі жағдайлардың орын алуына себепкер екені де айқын.
2023 жылы су саласына арнаулы министрлік құрылды. Бірақ ол министрліктің жүйесінде қандай құрылымдар бар, функционалды міндеттері не, материалдық-техникалық базасы қандай, жобалау-іздестіру, барлау, мониторинг жасау секілді жұмыстарды қаншалықты жүргізіп жатыр және жүргізе алады деген сұрақтар толық шешімін таба қойған жоқ. Салалық министрлік мұның бәрін рет-ретімен қолға ала жатар деген үмітіміз бар.
Ал мемлекеттік, мемлекетаралық су проблемалары стратегиясын, ұзақмерзімді бағдарламаларды, су қауіпсіздігін жүзеге асыру тетіктерін, кадр даярлау және оларды тиімді пайдалану, жобалау-іздестіру институттарын құру, күрделі су-инженерлік нысандарын салатын, жөндейтін маманданған құрылыс мекемелерін ашу және олардың материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету мәселелерін Үкімет деңгейінде шешу өзектілігі жоғары. Мысалы, кезінде елімізде алғаш рет үрмелі тоспаны Сырдария өзенінде «Қазсушар» мекемесі асарлық әдіспен салды. Өкінішке қарай, кешенді гидрогеологиялық-іздестіру, жобалау жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен тоспа шайылып кетті. Тәуелсіздік жылдары бұрынғы су нысандарын пайдалану жұмыстары жүргізіліп, Қызылорда облысында «Көксарай» реттегіші, «Әйтек», «Көкарал» бөгеттері тұрғызылды. Тиісінше олар Сырдария-Арал бассейнінің су ресурстарын басқаруда, реттеуде, есепке алуда, тиімді пайдалануда ерекше рөл атқаратын нысандар еді. Бірақ осы нысандарды жобалауда, салуда, пайдалануда жіберілген қателіктер бүгінгі күні қосымша проблемалар тудырып жатыр және жаңа шешімдер қабылдауды қажет етеді.
Су шаруашылығы саласына маман даярлау мәселесі де – өзекті тақырып. Президент қалыптасқан жағдайды саралай келіп, Тараз қаласында Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын ашу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл дұрыс шешім болды. Бірақ шешуін күтіп тұрған шаруалар әлі де көп. Елімізде «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыты бойынша жыл сайын 300-ге жуық мемлекеттік грант бөлінеді екен. Алайда осы гранттарды игеру көрсеткіші төмен.
Су қауіпсіздігі, суды басқару, бөлу, есепке алу, жоспарлау, тиімді пайдалану, сақтау, сапасын жақсарту, тазалау, өтелдеу секілді аса маңызды үдерістер күрделі гидротехникалық құрылым, су қоймасы, бөгет, су жібергіш шлюз, дюкер, акведуктуктар арқылы, ал ирригация, құрғату, суды бұру, әкету канал және коллекторлы-дрендік жүйелер арқылы жүзеге асады. Осындай кешенді күрделі жүйелерді жобалау, салу, басқару, пайдалану, автоматтандыру, жөндеу үшін болашақ мамандарға толыққанды жан-жақты жетілдірілген, өндіріспен байланыстырылған білім берілуі керек. Ол үшін оларды маман ретінде қалыптастыратын инженерлік бейіндегі пәндердің (инженерлік геодезия, сызба геометриясы, геология, гидрогеология, гидрометрия, материалдардар кедергісі, теориялық механика, құрылыс конструкциялары, гидрология, гидравлика, гидротехникалық құрылым (ГТС), құрылыс, ирригация, мелиорация, эксплуатация, су ресурстарын кешенді пайдалану) үлес салмағын көбейтіп, мамандықты бакалавр емес, «специалитет» деңгейіне көтеру және заманауи сұраныстағы ГИС технологияларды, халықаралық тәжірибелерді, GPS жүйемен жарақталған заманауи үлгідегі тахеометр, теодолит, нивелир, өлшеуіш құралдарын, компьютерлік бағдарламаларды терең оқыту арқылы сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау жолға қойылғаны жөн.
Осы мамандыққа қызығушылықты арттыру мақсатында табысқа жеткен, еркше еңбек сіңірген тұлғаларды насихаттау да – айырықша маңызды іс.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өндірісін, суармалы егіншілікті күтілетін өзгерістерге бейімдеу – өте қажетті шаруа. Әзірге жоғары білікті ғалымдар, оқытушы профессорлар, сала мамандары барда мемлекет тарапынан батыл шешімдер қабылданып, су шаруашылығына кадр даярлау әлемдік деңгейдегі инновациялық технологияларды оқыту, үйрету арқылы және облыстық, аудандық деңгейдегі филиалдар, учаскелер бөлімдерін түбегейлі қайта құру мәселелерін шешіп, күтілетін табиғи-техногендік сипаттағы тәуекелдерге қарсы тұру шараларын бүкіл ел аумағында қамтамасыз ету қажеттілігі аса жоғары.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
инженер-гидротехник, профессор