• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 15 Тамыз, 2024

Абай оқыған Сәйхали

143 рет
көрсетілді

Керекуде ұлы ақын Абай медет тұтқан Шығыс шайыры Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы жарық көрген жинағы табылды. Туынды 296 беттен тұрады.

Бұқар жырау атындағы әде­биет және өнер музейінде шайыр Сабыр Сәй­ха­лидің 1905 жылы Қазан қала­сында араб графикасында жа­рық көр­ген көне кітабы та­ныс­тырыл­ды. Кітапты құ­рас­тырған – Исмаил Шам­су­динов, атауы – «Диуани Сәй­хали». 296 беттен тұратын кітапта діни-тарихи ұзақ жыр жазылған. Дүниенің жаралуы­нан бастап 680 жыл­ғы Хұсайынның Кербала шөлінде соғысып өлгеніне дейінгі тарих қамтылған.

Сабыр Сәйхалидің есімі Абай өлеңінде аталады.

«Фзули, Шамси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдет бер, иә, шағири [1] фарияд [2]».

Белгіленген сөздердің түсі­нігі келесідей:

[1] - Шағири (арабша) – ақын. [2] - Фәрияд (парсыша) – теңдесі жоқ, асыл.

Демек Абай Құнанбайұлы Шығыстың теңдесі жоқ ақын­дарынан медет сұраған болса, сол сүйенішінің бірі – Сәйхали ақын.

Ғаламтордағы уикипедия мәліметтеріне сүйенсек, Сабыр Сәйхали – XV ғасырда өмір сүрген ақын. «Диуани Сәйхали» кітабы 1332 жылы Ташкентте, кейін Қазан мен Ыстанбұл қалаларындағы бас­падан шыққан.

Бұл кітаптың бірнеше нұс­қасы Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапханада сақталса, тағы бір нұсқасы Абай облы­сындағы Абай музейін­де тұр екен. Абай музейі­не Қайым Мұхамедханов тапсырған.

Керекудегі жәдігерді Пав­лодар қаласының тұр­ғыны Қалипа Үкенқызы табыстады.

 

Павлодар облысы