Бүгін көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамыз күні Шымкент облысы Отырар ауданында дүниеге келген.
Сазгер шүығармашылық жұмыспен 1950 жылдардан бастап айналысқан. 1956-1962 жылдарда Алматы консерваториясында оқыған. Ш.Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық туынды жазған. Танымал туындыларды жазған композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алған. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық артисі атағы берілген.
Композитордың «Теңізде - толқында», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында» және т.б. әндері қазақ сахнасында әлі күнге дейін шырқалып келеді.
Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таңғалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», деген екен.
Ал, 1991 жылы композитор туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсірілді.
Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.