• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 12:44

Ел көкпаршылары көкбөрі ойынына дайындалып жатыр

15 рет
көрсетілді

8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Осы дүбірлі додада бақ сынайтын Қазақстан көкпаршылары көкбөрі ойынына дайындығын пысықтап жатыр. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Ойын қарсаңында көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көкбөрі ойындары бойынша оқу-жаттығуға  жиналды.

Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев байрақты бәсекеге дайындық барысын баяндап,  көкпар мен көкбөрінің айырмашылықтарын айтты. 

«5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады. Көкбөрі сайысына әр командадан 12 адам қатысады», деді Наурызбай Қалтаев.

Спортшылардың шеберлігін шыңдау үшін Көкпар федерациясы тәжірибелі кеңесшілерді де шақыртқан.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында көкпар және көкбөрі ойындары өтеді. Қазір спортшылардың дайындықтары жақсы. Басты қарсылас ретінде Қырғызстан мен Өзбекстанды айтар едім. Біз көкпардан жеңісімізге сенімдіміз, ал көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнағанымыз жоқ. Десе де жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз», деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Айта кетейік, Астанада өтетін бәсекеге әлемнің 89 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.