Қазақстандағы Президент сайлауына бүкіл әлем тарапынан үлкен қызығушылық танытылуы біздің еліміздің мына дүниеде қандайлық орын алатынын айшықты айғақтайды. Көршілес Ресейден келген байқаушылардың арасында Ирина Роднина, Владислав Третьяк, Руслан Аушев сияқты танымал тұлғалар бар. Кеңес Одағының Батыры, ауған соғысының аты аңызға айналған қаһарманы Руслан Аушевпен біз кеше Ұлттық академиялық кітапханада ашылған көне қолжазбалар көрмесінде ойламаған жерден кездесіп қалдық. Ол кісімен қысқа уақытқа болса да сұхбаттасу мүмкіндігін қолдан жібергіміз келген жоқ. Аз-кем әңгімеміз былай өрбіді.
– Құрметті Руслан Сұлтанұлы! Өзіңізді Астанада көргенімізге қуаныштымыз. Сіздің Қазақстанға жиі келетініңізді, қуана келетініңізді білеміз. Оның жайынан газет оқырмандарының жасы үлкен, орта буыны жақсы хабардар. Мұны біздің жас оқырмандарымыз үшін де айтып өтсеңіз деймін.
– Айтайын. Қазақстан – менің туған жерім. Сталиндік қуғын-сүргін заманында Кавказ халықтарының біразы Қазақстанға жер аударылды ғой. Біздің әкелерімізді Көкшетауға алып келіпті. 1954 жылы сондағы Володар ауданында Саумалкөл деген жерде туғанмын. Қазір Айыртау ауданы деп аталады. Кейіннен әкемнің жұмысына байланысты Алматыға көштік, жетінші класқа дейін сонда оқыдым. Қазақ жерінің мен үшін орны бөлек. Мұндағы президенттік сайлауға байқаушы болып қатысу жөніндегі ұсынысты мен қуана қабыл алдым. Қазақстанда туған, Қазақстанда тұрған адам ретінде мен үшін бұл елде кімнің Президент болатыны өте маңызды.
– Қазақстандағы президенттік сайлауға қатыстылығыңыз бұрын болып па еді?
– Кезінде Ингушетия Президенті ретінде Қазақстан Президентінің инаугурациясына қатысқанмын. Одан кейін де Астанаға талай рет жолым түскен. Байқаушы мәртебесімен бірінші рет келіп отырмын.
– Байқаушы ретіндегі алған әсеріңіз қандай?
– Тамаша. Таңертеңнен бері бірнеше сайлау учаскесінде болдым. Қайран қалдым. Мұндай бүкілхалықтық белсенділікті бұрын-соңды көрген емеспін. Еш жерден, еш елден. Тіпті, осындай жағдайдың Қазақстаннан басқа жерде болуы мүмкін де емес сияқты. Адамдардың бәрі кәдімгі мерекеге келгендей көңілді күйде. Жүздері жарқын. Бүгінгі өміріне разы, ертеңгі күніне сенімді халық осындай болады. Мына кітапхананың алдындағы ұзыннан-ұзақ кезекке қараңызшы. Ғажап емес пе? Көбі жастар. Яғни, кезекке тұру дегенді ұмытып қалған буынның өкілдері. Сағат 9-да келгенде кезек тұрған еді, қазір де сол кезек жалғасып жатыр.
– Сіз мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– Себебі – қарапайым. Халық өзінің ертеңгі тағдырын өзі шешетінін біледі. Президент лауазымындағы адамның ел өмірінде қандайлық орын алатынын біледі. Мемлекеттегі тұрақтылықты, халықтың игілігін тиісінше бағалайды. Сайлаушыларға қарасаңыз, көңіліңіз толады. Бәрі қуанышты, бәрі разы. Негізінде, мұндай кезекке түсіндірме жасап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл осы елдегі ерекше жағдайды – саяси тұрақтылықты, экономикалық қуаттылықты, достықты, бірлікті тамаша танытады. Мұндайда қазір көп айтылатын no comment деумен шектелген орынды. Бірақ, мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы айтпай кете алмаймын.
– Руслан Сұлтанұлы, сайлау күні кандидатты үгіттеумен айналысуға болмайды...
– Білемін. Бірақ, газетіңіз бүгін кешке шықпайтын шығар, ертең таңертең шығатын шығар. Ал ертең мұндай пікірді жариялауға болады...
Нұрсұлтан Әбішұлын мен алғаш рет 1989 жылы КСРО Халық депутаттары съезінде көрген едім. Ол кезде Қазақстан Үкіметінің басшысы болатын. Съезде керемет сөйлегені сондай, жиналған жұрттың бәрі жапырыла жақсы көріп қалған-ды. Орталық пен республикалардың қарым-қатынасын түбірінен жаңаша құру, республикаларға көбірек сену қажеттігі жөнінде жеріне жеткізіп айтқан еді. Горбачев вице-президенттікке Янаевты таңдаған кезде залдағы жұрттың көбінің қалауы Назарбаев болып отырғаны есімде. Ол кезде біздің бәріміз Назарбаев КСРО вице-президенті немесе ел Үкіметінің басшысы қызметін атқарса, жағдайдың түбірінен жақсаратынына сенген едік. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы КСРО Премьер-Министрі лауазымын атқарудан бас тартқанын да білемін. Одан кейінгі уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Президенті ретінде ел басқарудың үздік үлгісін көрсете білді. Оған бүкіл әлем куә. Бүгінгі сайлаудың қорытындылары да Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын жеңісін көрсететініне кәміл сенемін. Бауырлас қазақ елінің халқына бар жақсылықты тілеймін.
Сұхбаттасқан
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Суретті түсірген
Алмас СЫРҒАБАЕВ.