1 тамыздағы дерекке сәйкес елімізде жастар практикасы бойынша 14,7 мың адам жұмысқа орналасты. Биыл осы бағытта жалпы 40 мың жасты жұмысқа тұрғызу жоспарланып отыр.
Жастар практикасы бойынша жұмыс тапқандардың басым бөлігі – еліміздің оңтүстігіндегі өңірлерден. Атап айтқанда, Түркістан облысынан – 2,9 мың, Жамбыл облысынан – 1,6 мың, Шымкент қаласынан – 1,2 мың және Қызылорда облысынан 1,1 мың адам жұмысқа тұрды. Соның ішінде жастар практикасына қатысқан әйелдердің үлесі 9,3 мың адамды (63,3%), ауыл тұрғындарының үлесі 8,6 мың адамды (58,1%) құрайды.
Алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жастар практикасына қатысу үшін Мансап орталығына өтініш беру қажет. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді.
Республика бойынша орташа жалақы мөлшері – 109,5 мың теңгені, Ақтөбе облысында ең жоғары көрсеткіш 120,9 мың теңгені құрады. Жастар практикасын қаржыландыруды «Еңбек» мобильді орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Жалақыны жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың карточкалық шоттарына аударады.
Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтарға тоқталсақ, 1 084 адам – мейіргер, 767-сі – заңгер, 558-і – тәрбиеші, 541-і – бастауыш сынып мұғалімі, 524-і – бағдарламашы.
Жалпы, мемлекеттік қолдаудың бұл іс-шарасына жастар жағы ризашылығын білдіріп, әжептәуір игілігін көріп жатыр. Солардың бірі Дана Ахметова колледжді бітіргеннен жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты.
«Биыл Қостанай жоғары медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша бітірдім. Өз бетінше жұмыс табуға тырысқаныммен, көптеген жұмыс беруші жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды алғысы келмейтінін түсіндім. Өзіме ұнайтын жұмыс орнын табу үшін Мансап орталығының көмегіне жүгіндім. Барлық қажетті ақпаратты алып, жастар практикасына қатысуға шешім қабылдадым. Қазіргі уақытта Қостанай қаласының теміржол ауруханасында өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін», деді Дана.