Сергей ПЧЕЛЯКОВ,
ТМД байқаушылар миссиясының мүшесі:
Еліміз үшін саяси маңызы зор науқанның өту барысын бақылаған шетелдік тәуелсіз бақылаушылар сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтардың орын алмағандығын мәлімдеді. Сергей Пчеляков – Ресейдің Алтай өлкесінен Шығыс өңіріндегі сайлау барысын бақылауға келген делегация құрамындағы 27 адамның бірі. Ол әріптестерімен бірге Өскемен қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерінде түске дейін қызмет атқарса, күннің екінші бөлігінде облыстың Глубокое ауданына арнайы шықты. Рубцов қаласы басшысының орынбасары болып қызмет ететін байқаушы қазақстандық сайлауда бірқатар ерекшеліктерді байқағанын жеткізді.
– Мен мұндай жауапты науқанға байқаушы ретінде бірінші рет қатысып отырмын. Ал, әріптестерімнің арасында үшінші, төртінші мәрте қатысқандар бар. Біз Өскемен қаласына 24 сәуірде келдік. Келгеннен бері бірнеше топтарға бөлініп, жұмыс істеудеміз. Бір тобымыз 25 сәуірде Зырян ауданына аттанып кетті, бүгін де сол жақта жұмыс істейтін болады. Сайлау учаскелері ашыла салысымен Өскемен қаласындағы бес сайлау учаскесінде болдық. Қазір №82 және 83 сайлау учаскелерінде жұмыс істеудеміз. Байқағанымыз, жергілікті тұрғындар өте сауатты екен. Сайлау туралы жақсы хабардар етілген, тиісті шаралар жоғары деңгейде ойдағыдай ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Учаскелер ашылмай тұрып келген сайлаушыларды байқадық. Түскі сағат он бір жарымға дейін әр учаскелерге сайлаушылардың 50 пайыздан астамы келіп, дауыс беріп үлгерді. Байқаушылар тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлау барысында жастардың белсенділігі байқалды. Мәселен, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас оқу ғимаратында орналасқан №74 сайлау учаскесінде күннің алғашқы жартысында студент жастардың басым бөлігі өз таңдауларын жасап үлгерді.
Жазып алған
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.