Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыдағы «Кәусар» оқушылар сарайына және Нұра ауданына қарасты Шахтер аулындағы Мәдениет үйіне автобустарды сыйға тартты. Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл көліктер Саран қаласындағы «QazTehna» зауытында шығарылған.
– Біз үшін бұл тосынсый болды. Оқушылар сарайы Пришахтинск шағын ауданында орналасқан. Өзіміздің көлігіміз болмағандықтан, балалармен қала орталығына қатынау, әртүрлі іс-шараларға бару үлкен мәселе еді. Сондықтан бұл – біз үшін өте бағалы сыйлық, – деді «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Әйгерім Исбекова.
Нұра ауданындағы Шахтер аулының Мәдениет үйінде де бұрын-соңды жеке автобус болған жоқ. Сондықтан Президенттің тартуы олардың да мұқтажын өтеді.
– Енді біз осы көлікпен конкурстарға алаңсыз бара аламыз. Қуаныштымыз. Ауылымыздың Мәдениет үйінде жеті көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Жүзге жуық жас пен жасөспірім шығармашылықпен айналысады, – деді Нұра ауданы Мәдениет үйінің директоры Әділбек Құмар. – Сонымен қатар Шахтер ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені бар. Бұл автобусты жарысқа баратын спорт- шыларымыз да пайдаланады.
Мемлекет басшысы 14 тамызда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі өнеркәсіп және индустриялық кәсіпорындардың, әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Пришахтинск шағын ауданында жаңадан ашылған Оқушылар сарайын, сондай-ақ Нұра ауданы Шахтер аулындағы жақында ғана жөндеуден өткен Мәдениет үйі мен денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.