Астанада жас мамандарға арналған «Jas кeñes sı ylyğy» сыйлығының иегерлері анықталды. Марапат биыл алғаш рет тағайындалып отыр. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері бастамашы болған іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Мәжіліс депутаттары, белгілі спортшылар мен қоғам қайраткерлері және жастар өкілдері қатысты.
Елдің үдемелі ілгерілеуі барлық азаматтың жасампаз күш-жігеріне байланысты. Егер әркім өз аумағында жұмысын жауапкершілікпен және сапалы орындайтын болса, онда ел кез келген мақсатқа қол жеткізе алады.
Сыйлықтың бастамашылары бұл жобаның мақсаты қоғамның маңызды салаларында жұмыс істейтін, өңірлердегі кіші және орта буын жас мамандарды көтермелеу екенін айтады. Сондай-ақ бұл сыйлық әлеуметтік маңызы бар және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға ықпал етері анық.
Жеті аталым бойынша өткен конкурсқа 700-ден аса өтінім берілген. Нәтижесінде, әр аталым бойынша екі жеңімпаздан марапатталды. Атап айтсақ, «Önerkäsıp» аталымы бойынша «Өскемен ЖЭО» ЖШС қазандық жабдығының аға машинисі Ернұр Тоқышов және «Qarmet» АҚ көмір департаменті энергокөмір бөлімшесінің 4-разрядты жерасты электрослесары Руслан Ғұмаров лайық деп танылды.
«Janqiarlyq» аталымында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ермек Ауғамбаев пен Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Жұбаныш Саматов марапатталды. Ал Екібастұз қаласының «Горводоканал» МКК инженер-зертханашысы Александра Ержанова мен Павлодар қаласының «ГСУ Құрылыс» ЖШС сылақшы-бояушысы Зарина Зкриянова «Bızdıñ üi» аталымында «Jas кeñes sıylyğy»-ның жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ «Kömek qoly» аталымында «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағдарламасы бойынша «ЖМЖМ» Қазақстан медициналық университетінің докторанты, алматылық Гүлмира Мұкашева мен «Жамбыл облысының Жастар мәслихаты» ҚБ төрағасы Азамат Намелбек сыйлық иегері болды. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жан Сая» дағдарыс орталығы» КММ арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және анықтау жөніндегі әлеуметтік қызметкері Зульфия Умарова және «Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ «Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедек балалар мен мүгедектерге күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкері Юрий Вагин «Adamgerşılık» аталымында топ жарды.
«Altyn jürek» аталымының үздіктері – «Өмірге сен» ҚҚ жанындағы оңалту, респираторлық қолдау және паллиативтік көмек орталығының медбикесі Шырын Амантаева мен «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы» ШЖҚ МКК аға фельдшері Дархан Бақыткелді.
Шымкент қаласы Абай Құнанбаев атындағы мектептің химия пәнінің мұғалімі Балжан Әмірәлі және Астана қаласының №87 «Қадыр» балабақшасының тәрбиешісі Дана Куянбаева «Bolaşaq turaly qamqorlyq» аталымында «Jas кeñes sıylyğy» сыйлығын жеңіп алды.
Айта кету керек, сыйлықтың өзі мен жүлде қорын Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері құрып, ұйымдастырған.